Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Жалпы отырыстың күн тәртібі белгіленді
480
оқылды

Депутаттардың талқылауына Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді, сондай-ақ биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары енгізіледі.

Алдағы жалпы отырыста палата бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алады. Олардың ішінде Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасы бар. Депутаттар бастамашы болған заң жобада жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құру көзделеді. Сондай-ақ алғашқы өтінім қағидаты бойынша жер қойнауын пайдалануға лицензиялар беруді ретке келтіру, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасының орнына аукциондар бағдарламасы тетігі және бірқатар басқа да түзетулер енгізу көзделген.

Жиында депутаттар ратификациялауға жататын халықаралық құжаттарды жұмысқа қабылдауға тиіс.

Сонымен қатар VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың үшінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары туралы да мәселе қаралатын болады.