Кәсіптік білім беру саласын реформалау – уақыт талабы

Мемлекет мақсат еткен ықпалды Парламенттің құрыл­ып жатқаны Президент сөзінен көрініс тапты.

Өткен сес­сияда қоғамдық бақылау, адам саудасына қарсы күр­ес, ғылым және технология саясатын, жылу энергетика­сын реттейтін, сондай-ақ ұлттық қордан балалардың ес­еп­шотына қаржы аударуға, балаларды құмар ойынға тартқандарды әкімшілік жазаға тартатын, кәмелетке толмағандар мен әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған 100-ден аса заң қабылданды. Президенттің бүгінгі Жолдауда айтқанындай, Салық кодексін асықпай жан-жақты әрі кешенді түрде өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін кейінге қалдырғаны өте құптарлық қадам болды.

Өйткені салық салушылар мен төл­еу­ші­лер арасында келіспейтін тұстар баршылық. Халық үніне құлақ асатын мемлекетте заң­дар бизнес пен халық­тың кедергісіз емін-еркін дамуына мү­м­­кін­дік беретін заңдар көбеюі керек. Бюджет шығыстарын азайт­ып, кіріс­тер­ін көбейту жолдары тағы да ұсыныл­ды. Үкімет жаңарса да, Президент тап­сыр­маларының түгел орындалмай жат­қаны қынжылтады. Экономиканы әр­та­рап­тан­дыру арқылы бірқатар жетіс­тікке қол жетті. Президент Үкімет пен әкімдерге еліміздің тұрақты дамуына мүм­кіндік бер­етін жаңа тетіктерді тау­ып,  экономи­каның құрылымын өзгер­ту­ді тапсырды. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіз­діктің азайып, орта таптың күшейе түсетінін, кез келген іс­тің тиімді өлшемі, әрбір шешім, әрбір жобаның ең алдымен елге пайдалы бо­л­уы керек екенін ескертті. 

Жолдауда нақты секторды несие­лен­діру, яғни шағын және орта бизнесті қаржылан­дырудың шешімін таппа­ғаны, бұның іскер­лік ортаның белсенді­лі­гіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп жат­қаны айтылды. Өткен Жолдауда банк­тердің қозғалыссыз жатқан актив­тері мен мемлекетке қайтарылған ак­тив­терді бизнестің дамуына тарту мә­селесі көтерілген еді. Президент бүгін Үкімет пен Ұлттық банкке банктердің экономикаға көбірек қаржы құюын қам­та­масыз ету үшін оңтайлы шешім қа­былдауды ұсынды. Біздің банктер рас­­ын­да да көп пайда табады. Бұған жо­ғар­ы өсімдер дәлел. Сондықтан банк акционерлерінен дивидендіне сәйкес салық төлеуін талап ету – дұрыс талап. Екінші деңгейлі банктерді сауықтыру үшін кезінде мемлекет көп шығындал­ған. Әр алмақтың салмағы болады. Сал­ық­ты халық та, басқа да ірілі-ұсақты бизнес өкілдері де әділ төлеп жатқанда банктердің шет қалғаны әділетсіз­дік болады. Президент бұл бағытта Банк­тер туралы жаңа заң қажет екенін атап өтті. Қос қолдап қолдайтын бастама деп есептеймін. 

Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйен­бей, жеке инвестицияларды тарту ар­қы­лы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Өнеркәсіп әлеуетін тол­ық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабыл­дау сан салалы дамуға жол ашады. Qarmet метал­лургия комбинаты отандық ин­вес­тордың қолына тиген соң ахуал тұр­ақ­та­лып, кәсіп­орын жаңғыртыла бас­таған. Бұл – Президент қабылдаған  маңызды ше­шім­­нің жемісі. Былтыр тізі­мі жасақталған 17 ірі жобада өңдеу тәсілін мықтап меңгеруге басым­дық беріл­ген. Мемлекет басшысы мең­зе­ген­дей, өңдеу ісі жүзеге асырылса, ұлт­­тық экономика алға жылжитын еді. Мұн­ай-газ-химия саласын одан әрі да­мытуға баса назар аударылды. Нәти­же­сінде, поли­пропилен және полиэ­ти­лен шығаратын ауқымды жоба­лар жүз­е­ге асырыла бастады. Президенттің өн­дір­іс­ті ғылыми негізде да­мы­ту үшін ғал­ым­дарды жұмылдыру идеясы тиімді­лі­гін дәлелдеді. 

Елімізде газ тапшылығы ұзап бара­ды. Көгілдір отынмен қамтылмаған ауыл­дар мен тек газбен жүретін көлік­тердің қиналып жүргеніне үш айдан асты. Президент газ тасы­­малдау бағ­дар­ларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру тұрғындарды және эко­но­миканы газбен қамтамасыз ету Үкіметтің басты міндеті екенін еске салды. Былтырдан бері газ кеніштерінің игеріле бастауы қуантарлық іс. Прези­дент жылына бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын иге­ру жоспарланғанын, алай­да бұл жоба­лар­дың толық іске қосылма­ға­нын айт­ып, газды ішкі нарықты қамтама­сыз ету үшін тиімді бөлу қажетіне тоқталды. Жаңаөзен, Қашаған және Қарашыға­нақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құры­лысын жеделдету қазіргі қалып­тас­қан жағдайды шешумен қатар бола­шақта газ тапшылығын туындатпауға қатысты қабылданған құба-құп шара­лар десек, жаңылмаспыз.

 Ақша да, басқа да жеткілікті кезеңде ауыл­­дардың жабылуы әкімдерге сын. Прези­дент әр жолы бюджеттің тиімді игерілуін та­лап етіп келеді. Ал кей әкім­дер ауылдарды экономикалық тиімсіз деп танып, жабуға асығады. Бүгінгі Жол­дауда тағы да инфра­құрылым қа­тысты өзекті мәселелер көтер­ілді. Пре­зидент энергетика және комму­нал­дық шаруашылық саласын жаңғырту жөн­­ін­дегі ұлттық жобаны жыл соңына дей­­­ін бекіту керегін қадап айтты. Ауыл­дар мен қалаларды инфрақұрылым, газ, энер­гия­мен қамтамасыз ету – басты мін­­дет. Осы салалар­да тапшылықты жо­й­ып, қажеттілік­терді өтеу шаралары­ның қабылдануы, Пре­зидент айт­қан­дай, ауылдардың жабыл­уына сеп бол­мауы керек. Жыл сайын энерге­ти­ка және коммуналдық шаруашылық са­ла­­сы­на қыр­уар қаржы бөлінеді. Одан бө­лек, тариф есе­бі­нен тартылатын моно­по­л­ис­тердің салаға салатын инвести­циясы тағы бар. Алайда тариф өскені­мен, жаңғырту жұмыстары қарқынды жүр­гізіліп жатқан жоқ. Ал тұтыну­шылар мен экономика өскен сайын эн­ер­гия­ға сұраныс артып жатыр. Әлем ішкі сұр­а­нысты атом энергетикасы ар­қы­лы қамтамасыз етіп келеді. Дамушы мем­лекет­терде бір емес, бірнеше атом элек­тр стансасы жұмыс істеп тұр. Елі­міз­дің тозы­ғы жеткен ЖЭС-тері қа­жетті энергияны өндіруге жара­май­ды. Олардың өзін халық­аралық талапқа сай көмірден экологиялық отынға көшіру керек. Газ қоры қашанға дейін жетеді? Сон­дықтан атом энергетика­сын да­мы­ту маңыз­ды болып тұр. Бұл бағытта мамандар даярлау одан да маңызды де­сек болады. Маман демекші, өн­дір­істік, физика, атомдық физи­ка және тағы басқа қажетті салаларда маман жетіс­пей­ді. Тіпті, мақта сор­тын реттеп, өнім көлемін арттыруға күш жұмсайтын ма­ман жоқ. Алдыңғы Жолдау­ларда маман даярлау мәселесі көтерілген. Бұл та­қыр­ып әлі күнге өзектілігін жоймаған. АЭС салынған жағ­дай­да оны мықтап ұс­тап тұратын мамандар керек. Әлем­нің дамыған елдері сияқты бір емес, бірнеше АЭС қажет­тілігі туындаса, қал­­ғанын салатын да өз ма­ман­дарымыз қа­жет емес пе? Сондықтан атом энер­ге­т­ика­сын терең түсініп, саланы мең­гер­етін маман даярлауға азаматтар үл­ес қосса, нұр үстіне нұр болмақ. Қазір түрлі әңгіме тарағанымен, игілігін көр­етін уақыт жеткенде қуанарымыз ан­ық. Президент халық үніне құлақ аса­тын мемлекет ретінде АЭС салуды ре­фе­р­ендум арқылы шешуді жөн деп тапты. Бұл да болса Әділетті Қазақ­стан­ның қадамы деп білеміз. Ал алдағы жыл­дың «Жұмысшы мамандар» жылы болып жариялануы мамандық ие­лері­не тың серпін береді деген сенімдеміз.

Еліміз Еуразия құрлығының дәл орта­сында орналасқандықтан, әлемдік бәсекеге жол ашық. Ол үшін бізге көл­ік-логистика секторын дамыту страте­гия­лық жоспар ету керек. Өкінішке қа­рай, автомобиль жолдары мен темір­жол­дың сапасы сын көтермей кел­еді. Аудан, ауыл, қала ішінде жөндеу күткен жол­­дар жетерлік. Президент тапсыр­ма­сына сәйкес, 12 мың шақырымға ­жу­ық жол сал­ын­ып, Астана – Алматы, Ақ­төбе – Атырау – Астрахань, Талды­қор­­ған – Өскемен бағыт­ын­дағы күре жол­дарды жаңғырту аяқталып жатыр. Сол сияқты облысаралық және аудан­­­аралық жолдарды жөндеуді 2,5 мың ша­қыр­ымнан 10 мың шақырымға арт­тыру, саннан гөрі сапаға мән беру айт­ылды. Енді тиімді жұмыс істейтін әуе хаттары мен те­мір­­жол бекеттері, теңіз порттары салын­бақшы. Бұл біздің сау­да-саттық бағытында барыс-келісті ны­ғайта түседі.

Су ресурстарын дұрыс игеріп, ир­ри­гация жүйелері мен су шаруашылы­ғымен тиянақ­ты айналысу үшін Прези­дент арнайы мин­ис­тр­лік құрды. Көк­тем­дегі су тасқыны сала­­ның ақиқатын ашып берді. Биыл да сол судан тарық­қан шаруалар да болды, суға қолы жет­пей жатқандары да жоқ емес. Мем­ле­кет бас­шысы міндеттегендей, су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирри­гация жүйесін дұрыс қолдана алса, қа­не­кей. Әлем­де күнде жаңбыр жауса да, су шаймайтын ир­ри­гациялық жүйе жа­сап қойған елдер бар. Бәлкім, солардың технологиясын негізге алу керек шы­ғар. Неде болса, Үкіметтің бір мін­деті – жалпы су шаруашылығын реттеу. Әйт­­­пе­генде, біз қираған лоток, қоқысқа толған өзен, каналдардың салдарынан Арал теңізі тұрмақ Қызылкөл сияқты жауһар көлімізді суға толтыра алмай келеміз. Бүгінгі Жолдауда ну орман, то­ғайларды көбейту керегі айтылды. Жыл сайын 30 млн түп көшет өсірілсе де, жол бойынан саялайтын бір талдың табылмай жатқаны қызық. Жас­ыл ел, жасыл аймақ, жасыл белдеу деген­дерге бөлінетін қаржының есебіне кім жетіп жатыр? «Қурап қалды» деген желеумен жол­­дардың бойы жасыл желектенбей кел­еді емес пе? Көпшіліктің көмегімен көг­ал­дан­дыруға көшсек, бюджеттің көш­етке бөлетін шығынын қысқарту керек шығар. Таза Қа­зақстанды қалып­тастырып жатқан жандар, бір-бір түп көшеттен ексе, елімізде көгеріп шыға келмей ме? Бізге әр өңірдің география­лық платформасыңа сәйкес өсу жағы­нан тиімді талдарды отырғызу керек. Қазір тіпті Алматының Алатауында қыл­қан жапырақты ағаштар азайып қалыпты.  

Кәсіптік білім беру саласын рефор­малау – уақыт талабы. Кезінде Кеңес Үкі­меті орта арнау оқу орындарының түлек­терімен-ақ өндіріс пен кәсіпорын­дар­дың тірлігін түлетті. Президент кә­сі­п­тік білім беру ісін реформалау  эко­но­­миканың өсімін қамтама­сыз ету жә­не инвестициялық тар­тымды­лығын арт­тыру үшін аса қажет қадам деп тап­ты. Жұ­мыс­шы мамандар қоғамға өте-мөте қажет әрі жоғары сұранысқа ие болып тұр. Жастарға мамандық таң­дау­да жөн сілтеу керек. Қап­таған юрист пен эко­номистен не құқықтық, не эко­но­мика­лық жүйе жөнге келмесе не пай­да? Одан да елге де, өзіне де пайдалы ма­ман­дық таңдаған жөн. Шетелге кеткенде де сол қара жұмысты іс­тейді. Бізде сол қара жұмыс күшінің еңбегі ба­ға­лана бермейді. Дизбалансқа әкеп жат­қаны осы себеп. Бәрібір де жұмыс­тың көзін тапқан адам байлықтың көзін табады. Ең бас­тысы, ол жұмысты сүй­сініп істеу керек. Сонда ғана табанды ең­бек табысты болады. Пре­зидент елі­міз­дің кадрлық әлеуетін арт­тыруда ор­та білім беру жүйесінің өте маңыз­ды рөл атқаратынын айтты. Қазір жүзеге ас­ыр­­ылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы осы мақсаттағы бір игі қадам. Жай­лы мектептерді арнайы бас­қару жүйесі ен­гізілмекші. Бұл жай  мек­­теп­тер жайына қа­л­а­ды деген сөз емес. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қаражат көздерін тау­ып, 3 жы­лда жалпы орта мектептерді жөндеп бітіруді міндеттеді. Тіпті, жекемен­шік мек­теп­терге шейін мемлекеттің шара­паты тиіп жатыр. Бала тәрбиесі – ұлт тәр­бие­сі. Ұрпақ білімді болса, ұлт білікті бола­­ды. Ұлт білікті болса, еліміз өсіп-өр­кендейді. Бүгінгі Жол­дау ең алдымен орын­дау­шы тараптан қолдау табуға тиіс. Қолдау деген сөзбен емес, нақты іс­пен болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сан саладағы өзекті мәсе­ле­лердің оң шешімін саралап бер­ді. Жер-жерде жүзеге асырылуы Үкі­мет­ пен атқарушы биліктің, сонымен қа­тар Парламент депутат­тарының да жұ­мысы. 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты