«Павловния» деген ағаштың әйбат түрін бүгінде отандық шаруалар көптеп өсіре бастаған. Қанша жерден көп өсірсе де, көрші қырғыз бен өзбекті озып кете алмай отырмыз. Ол елдерде осы ағашты өсірушілерге ел қазынасынан кәдімгідей қомақты қаражат та қарастырып, бағбандарға өсімдікті баптап-бағуға бар жағдай жасалады. Ал біздің елде, өкінішке қарай, мұндай мүмкіндік болмай тұр. Қазақстанда бұл ағашты кәсіби түрде не кең ауқымда өсіру қиын көрінеді. Себебі ел Үкіметі мен арнайы министрліктер ағаш өсіру мәселесін әлі дұрыс қолға алмай отырған сыңайлы. Айтуларынша, еліміздің климаттық жағдайы оңтүстіказиялық өсімдіктің еркін өсуіне кедергі болады екен. Десе де, еліміздің оңтүстігіндегі бірнеше шаруа қожалығы ағаштың осы түрін өсіру ісімен айналысып, кәдімгі тәлімбақ жасап пайда таба бастаған. Бүгінде тек кәсіп үшін шаруа жасап отырған қожалықтар жұмысты кең көлемде жүргізуге мемлекет тарапынан қосымша қолдау ретінде субсидия мәселесін қарастыру керегін айтып отыр. Мемлекет қолдап, ғылыми тұрғыда демеу көрсетпеген жағдайда шаруаның ісі алысқа шаппайтынын өздері де мойындайды.
«Бақ жасасам деп едім...»
Ағаштың бұл түрі өте жылдам қарқынмен өседі. Айналасы 5 жылда биіктігі 25 метр болып шыға келетін жапырақты өсімдіктің осы түрінен құрылыс материалдарынан бастап үй жиһаздары мен мал азығын да даярлай береді. Көрші Өзбекстанға барғанымда ағаштың асқан алып түрлерін көрдім. Тіпті, кейбіріне құшағым жетпей қойды, – дейді түркістандық кәсіпкер Нұрилла Құрбанжанұлы.
Мәселен, көрші Өзбекстандағы павловния алғаш рет 2009-2010 жылдары әкелінген. Өзбек ғалымы, профессор Әлішер Тораев өсімдіктің бұл түрін Болгариядан көріп зерттей бастаған. Сөйтіп, бір жолы көшеттерін елге ала келген. Ғалым шаруасын мұнымен ғана тоқтатпай, елдің түрлі аймағына апарып отырғызып, кәдімгі тәжірибе жасайды. Жұмыстың сәтті болғанын көрген Өзбекстан министрлер кабинетi 2020 жылы павловния ағаштарына арнап тәлімбақ құру жөнiндегi қаулы шығарған. Міне, содан бері бұл елдің шаруалары өсімдікті өсірудің нағыз маманы болып алған. Қазір өзағаларымыз көшеттер мен ағаштан жасалған дайын өнімді Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Ресей, тіпті Индонезияға дейін еркін саудалап отыр. Бір айта кетерлігі, Өзбекстан Орталық Азиядағы павловния өскіндері мен көшеттерін in vitro әдісімен дайындайтын De Nova Agro деп аталатын зертхана құрған. Зертханада павловния ағаштары тапсырыс берушілер сұранысына қарай өскін немесе көшет түрінде жеткізіледі. Олардың басым бөлігі шетелдерге экспортталады. Біздің елдегі шаруалар да осы өзбек ағайындардан көшет алып, көктетіп отыр.
– Қазір мен өзімнің ауламдағы 25 сотық жерге осы павловния көшеттерін отырғызып, оны сатумен айналысып жүргеніме 4 жылдан асты. Ағаш күш алып кетуі үшін, әрине, 1-2 жыл жақсылап күту қажет. Одан кейін бұл өсімдікке ештеңе болмайды. Тез арада жапырақтары жайқалып, жасыл ну болып шыға келеді. Тіпті, үлкейіп кеткенін байқамай да қалады екенсің. Бақшамды бұдан да үлкен етіп жайқалтқанды қалаймын, бірақ оны күтіп-баптау да үлкен күш болатыны белгілі. Сондықтан осы өз ауламдағы шағын бақшаны қанағат етіп отырмын. Мемлекеттен қолдау болса, әрине, жұмысты үлкейтуге болар еді, – дейді сары-ағаштық шаруа Нұрила Құрбанжанұлы.
Оңтүстікте нәпақасын осы павловния ағашы арқылы айырып отырған отбасылардың қатары күн санап көбейіп келеді.
– Ағашты өсіріп, гүлдендіру үшін алдымен жерді дұрыстап дайындаған жөн. Себебі алғашқы уақытта өсімдік суды өте көп қажет етеді. Тамыры топыраққа бекіп, тереңдеп алғаннан кейін еш қорықпауға болады, – дейді Сайрам ауданы Арыс ауылының тұрғыны Қайнарбек Даврамбеков.
– Бір түп ағаштан 1-1,5 куб дайын құрылыс материалын алуға болады. Тіпті, ағаштың қасиетін айта барсем өте көп. Мысалы, шеберлер музыкалық аспаптың сан түрін осы өсімдіктің өзегінен жасайды. Одан бөлек, жапырағы түгелімен мал азығы ретінде пайдаға жарап жатыр. Сондықтан сұраныс жоғары. Тіпті, павловнияның гүлі өте шырынды болады. Ағашты мол өсіріп, омарташылық кәсіппен де шұғылдануға болады, – дейді шаруа.
Қайнарбек Даврамбеков кәсібіне қызыққан өзге де әуесқойлар бақшасына ағаштың бұл түрін арнайы іздеп келіп, көшеттерін сатып алып кетуде. Бүгінде шаруа жерін кеңейтіп топырағын қопсыту үстінде екен. Тіпті, шылаушын құртын да мол салып, топырақты келесі жылғы көшеттерге дайындап жатқанын айтты.
Ғылыми қолдау аса қажет
Павловния ағашынан бөлінетін оттегі басқа ағаштарға қарағанда бірнеше есе көп болады екен. Оған өсімдіктің жапырақтарының молдығы мен көлемінің үлкендігі себеп болатын көрінеді. Тіпті, бұл өсімдікті қала көшелеріне егіп, күтіп баптаса, сәндік ағаш есебінде де көшеге ерекше көрік береді. Бұл туралы Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ-ның орман және жасыл желектерді қорғау бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Меңдібаева айтып отыр.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын біз институтқа павловния ағашының көшеттерін шетелден алып келіп өсіріп, тәжірибе жасағанбыз. Бұл өсімдікті жан-жақты ғылыми тұрғыдан сүйемелдеп, молайтуға болатынын байқадық. Мұндағы ең басты шаруа – өңірлерге байланысты бейімдеу жұмыстарын дұрыс жүргізу қажет. Жеріміз кең болғандықтан, әр өңірде климаттық ахуал әр басқа. Сондықтан сол өңірге бейімдеу керек. Әйтпегенде, шаруа шығынға ұшырап қалады. Енді біздің Алматы мен еліміздің оңтүстігі үшін аса қиын бола қоймас, дегенмен де ғылыми жағына көп мән берген абзал. Олай дейтінім, өсімдік өзімен бірге түрлі зиянкесті алып келуі әбден мүмкін. Сөйтіп, оның өсуіне жол бермейді. Тіпті, өзге де ағаштарға зияны тиіп кетіп жүруі де ғажап емес. Сондықтан мемлекет тарапынан ғылыми қолдау болып, арнайы жобалар жасалса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді PhD Гүлназ Меңдібайқызы.
Әрине, мемлекет тарапынан қандай да бір жоба жасап, өсімтал ағашты өзгелер тәрізді Қазақстанның да климатына бейімдеуге болар. Бұл сауалды орман шаруашылығы, жабайы табиғат саласының маманы Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Дани Сарсековаға қойған болатынбыз. Ғалымның айтуынша, бұл ағашты тек жылы оңтүстік өңірге өсіруге болады екен. Ал солтүстік өңірге көктету мүмкін болмай тұрған көрінеді.
– Біз бір топ ғалым бірігіп, осы павловния ағашын Астанаға өсіруді жоспарладық. Сөйтіп, жоба жасап, жұмысты бастаған едік. Көрші Өзбекстаннан және өзге де шетелдерден көшеттер әкелдік. Оны арнайы жылыжайларда көктетіп, ең ыңғайлы әрі топырақ жағдайы қолайлы деп табылған Ақкөл қаласы маңындағы тәлімбаққа апарып отырғыздық. Жаз бойы жайқалып жақсы өстік. Бірақ біз күз бен қыс мезгілі келген шақта өсімдіктің жағдайы не болмақ деп қатты алаңдадық. Күдігіміз расталып, қайта көктемде ағаштар бүршік атпай қалды. Қыс бойы біз бар жағдайды жасадық. Тіпті, әрбір жас шыбықты орап, үсіп кетпеуден қорғадық. Бірақ болмады. Жер қатты тоң болып қатқан кезде тамырға зақым келген. Сөйтіп, қанша еңбек ақталмай қалды. Сондықтан Астана маңына және солтүстік өңірлерге ағаштың бұл түрін өсіру әзірге мүмкін емес деген шешімге келдік. Мүмкін, болашақта өсімтал ағашты өсірудің тың тәсілі табылып қалар. Бірақ біз қолдан келген жұмыстарды жасадық, – дейді ғалым.
Ғалыммен сөйлесіп отырып «әттеген-ай» деп сан соқтық. Мақсат орындалған кезде павловния ағашын Астанада өсіру арқылы әсемдігімен көз тартар әдемі ағашты көше бойына егіп, қаланың онсыз да түтінге тұншыққан ауасын сәл болса да сейілтуге мүмкіндік туған болар еді. Онымен бірге қаланы қоршап тұрған жасыл белдеудің де ну орманға айналуы шынымен де экологияға оң өзгеріс әкелер еді.
Айта кетейік, әлемде болатын жыл сайынғы алапат өрт кезінде сан мыңдаған жасыл ағаш жойылып кетеді екен. Мысалы, жер бетіндегі ормандардың жалпы ауданы орта есеппен 42 млн шаршы шақырым немесе 4,2 млрд гектар деп есептесек, әр көктем ауысқан шақта олардың ауданы 1,5-2%-ға кеміп кеткенін ғалымдар байқаған. Бұл көрсеткіштер орманның табиғи және жасанды жолмен қалпына келтірілу қарқынынан бірнеше есе артық. Орта есеппен 10 гектар оталған орман орнына жылына 1 гектар ғана отырғызылады екен. Егілген ағаштың тек 40-45 пайызы ғана өсіп қалғаны қурап қалатын көрінеді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға павловния ағашы – таптырмас дүние.
Өмір ағашы
Адамдар арасында өмір ағашы ретінде де белгілі павловния – Қытай мен Жапонияда ғасырлар бойы өсіп келе жатқан өсімдік. Оның тарихын ғалымдар осыдан 2 600 жылдан астам уақ бұрын деп болжаған. Неміс натуралистері бұл ағаштың тұқымын ХІХ ғасырдың басында Еуропаға әкелді. Бүгінде оны АҚШ, Аустралия, Испания, Германия, Болгария, Венгрия, Румыния және топырақ пен климаттық жағдайлары осы жылу сүйгіш өсімдікке қолайлы басқа елдерде табуға болады.
Кейбір сарапшылар павловнияны пайдалану ағаш шығындарын 35%-40% төмендетеді деп есептейді. Ағаш Еуропадан Ресейге 2016 жылдың қаңтарында ресми түрде әкелінген. Осыдан кейін Ресей Федерациясының аумағында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктер тізіліміне енгізілді. Ресейліктер ХХ ғасырдың басында павловнияны белсенді түрде өсіруге тырысты. Құжаттарға сәйкес, алғашқы сынақтар 1911 жылы І Петрдің императорлық ботаникалық бағында жүргізілген. Көшеттер жылыжайларда сәтті өскен екен. Бірақ оларды Ресейдің солтүстік-батысындағы ашық жерге көшіру әрекеттері сәтсіз аяқталыпты – ағаштар қатып қалған. 1956, 1964 және 1993 жылдары тағы бірнеше рет ғылыми әрекет жасалғанмен, нәтиже болмаған. Ағаш атауы жапон тілінде «өмір» деген мағынаны білдіретін «Кири» сөзімен белгілі. Кири әрқашан қасиетті ағаш және сәттілік символы болып саналды. Ал оның қазір «павловния» деп аталуында да қызық дерек бар. 1823 жылы неміс табиғат зерттеушісі Филипп Франц фон Сибольд Жапонияға барады. Жапонияда біраз уақыт болғаннан кейін ол Голландияға оралып, өзімен бірге әдемі Киридің тұқымын әкеледі. Бұл жаңа әдемі өсімдікті қалай атауға болады деген сұрақ туындайды. Сөйтіп, Нидерландтың сол тұстағы патшайымы Аннаның құрметіне «Анна Павловна» деп атайды. Кейін келе Анна сөзі түсіп қалып, тек ел арасында «Павловния» аталып кеткен екен.
Бердібек ҚАБАЙ