Қазақстан мен шетелдерде қажет білікті мамандарды даярлауды жоғары деңгейде қамтамасыз етіп келе жатқан еліміздің жетекші музыкалық жоғары оқу орнына биыл – 80 жыл. Көпке белгілі музыканттарды тәрбиелеп шығарған бірегей білім ордасының бүгінгі жағдайы, консерваторияның биылғы мерейтойын қалай тойлау жоспарланып отырғаны, оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен оқыту үдерісіндегі мәселелер, студенттер мен профессорлар қандай қиындықтарға тап болып жатқаны туралы ректор Гауһар Тасбергеновамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Гауһар Қошқарбекқызы, ректор қызметіне тағайындалғаныңызға көп уақыт өтпеді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі музыка сахнасына кадр дайындап отырған білім ордасының басшысы қызметіне кіріскеніңізге екі ай болды. Студенттерді қабылдауға дайындала алдыңыз ба?
– Қызметке жаңа тағайындалғаныммен, консерватория өзім түлеп ұшқан мектебім. Менің бүкіл өмірім консерваториямен байланысты. Осы жерде фортепиано сыныбын бітірдім. Кейін осында «Арт-менеджмент» бағдарламасы бойынша PhD докторы атандым. Сондықтан консерватория студенті болудың қандай екенін жақсы білемін.
Дайындыққа келетін болсақ, жаңа оқу жылына тастүйін әзірміз десек те болады. Биыл 250 студентті грантқа, 30 студентті ақылы негізде қабылдадық. Қазір бізде 20-дан астам мамандық бойынша 14 кафедра бар.
Біздің жоғары оқу орны бұрыннан өз оқытушыларының жоғары кәсіби шеберлігімен танымал. Соның арқасында біз Қазақстаннан тысқары жерлерге де танымал әйгілі музыканттардың тұтас бір шоғырын тәрбиеледік. Оқуын жаңа бастап жатқан студенттеріміз де бүкіл ел мақтан ететін көрнекті өнерпаздар болатынына шын жүректен сенемін.
– Қандай мамандықта болсын, оқытудың академиялық жағынан бөлек, практика мәселесі өте өзекті. Музыканттарды дайындауда практика қалай жолға қойылған?
– Иә, музыканттарды дайындау ерекше тәсілді қажет етеді. Студенттердің барлығы бірдей солист немесе концертмейстер бола бермейді. Көбі екінші немесе үшінші скрипка ретінде оркестрде жұмыс істейді. Бұл да арнайы тәжірибені қажет етеді.
Біз студенттермен жұмыс істеуге белгілі музыканттарды шақырамыз. Осылайша, олар нағыз кәсіби мамандардан сабақ алады. Мысалы, бізде «Астана Опера» театрының бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабаева, дарынды дирижер Қанат Омаров сияқты шеберлер сабақ береді. Бұл студенттердің солист шеберлігін меңгеріп қана қоймай, оркестрде жұмыс істеуді үйренуіне мүмкіндік береді. Бұл олардың болашақ мансабы үшін өте маңызды.
– Консерваторияның өз студенттік оркестрі бар ма?
– Әрине. Консерваторияда бірнеше студенттік оркестр бар. Қазір бес оркестр – симфониялық, камералық, халық аспаптары, фольклорлық және үрмелі аспаптар оркестрлері жұмыс істейді. Бұл музыканттарды дайындаудың маңызды бөлігі. Біз студенттердің практикалық тәжірибе алуын барынша қамтамасыз ету үшін белсенді қызмет атқарамыз. Өңірлерден келген музыкалық колледждердің үздік студенттерімен тәжірибе алмасуды да енгізіп жатырмыз. Бұл оларға біздің студенттермен оркестрде бірге ойнауға мүмкіндік беріп, кәсіби өсуіне, одан әрі дамуына ықпал етеді.
Симфониялық оркестріміз жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Тамыз айында Мәскеуде атақты маэстро Юрий Башмет ұйымдастырған Әлемдік жастар оркестрлері фестиваліне қатысты. Консерваторияның сегіз студенті Юрий Абрамовичтің жетекшілігімен Моцарт бағдарламасын орындаған ТМД елдерінің біріккен жастар симфониялық оркестріне іріктеліп алынды. Бұл жас музыканттар үшін үлкен жетістік. Сондай-ақ біздің оркестр студенттік оркестр болса да, үздіксіз дамып, үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқанының дәлелі.
– Жетістіктермен қатар консерваториядағы кейбір мәселеге де тоқтала кетсек. Мысалы, жақында ғана Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов консерваторияда бірнеше проблема барын айтып пікір білдірді.
– Иә, Ринат Рифхатұлының пікірін мен де естідім. Әрине, өзі консерваторияға келіп, көзімен көріп кетсе жақсы болар еді, 100 рет біреуден естігеннен бір рет өз көзімен көрген артық қой. Өйткені проблемалар жоқ емес, оны ашық айту керек, соның ішінде депутаттардың да мәселені білгенін құп көреміз. Мысалы, жақында бізге бірқатар мәселе бойынша Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов арнайы келді. Бұл кездесу өте маңызды қадам болды. Шығармашылық университеттер саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты бірқатар мәселені талқыладық. Мысалы, Doctor of Art мамандандырылған докторантурасын ашу, магистратура бағдарламалары мен докторанттардың жарияланымдарына қойылатын талаптарды өзгерту, сондай-ақ концертмейстерлердің жалақысын көтеру. Бұл өзгерістер музыкалық білім беру сапасын айтарлықтай жақсартады.
Ең алдымен, консерватория мәселелеріне назар аударып отырған барлық жанашыр қайраткерге, соның ішінде Мәжіліс депутаттарына шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл біз үшін өте маңызды. Өзекті мәселелерді жоғары деңгейде көтеру оны тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Ұзақ уақыт бойы консерватория басшылығы белгілі бір шешімдерге жауапкершілікпен қараған жоқ. Салдарынан бүгінде көптеген мәселе туындап отыр. Иә, консерваторияда қиындық тудырып отырған мәселелер бар. Мысалы, материалдық-техникалық база ескірген, жаңартуды қажет етеді. Жалпы, қаржыландыру көлемі ұлғайса, жоғары білікті мамандарды даярлауға, Қазақстанның музыка өнерін дамытуға үлкен септігін тигізер еді. Тарихи маңызы зор концерттік залдарымыз күрделі жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, орган залы. Оны қалпына келтіру үшін айтарлықтай қаражат қажет. Бұл мәселелер жедел шешуді талап етеді. Біздің меценаттар мен демеушілер де осы қажеттіліктерге назар аударады деп үміттенемін.
Ректорлық қызметке тағайындалған кезімде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева консерваторияға қатысты проблемалық мәселелерді анықтап, оның алдағы даму стратегиясын ұсынуды тапсырған болатын. Біз осы бағытта негізгі ұсынымдарды дайындап, талқыладық.
Алдағы уақытта министрлікпен бірлесе отырып, осы мәселелерді шешу бойынша жұмыс істейтін боламыз.
Консерваториямыздың келешекте дамуы үшін аса маңызды мәселелерді шешуде қамқорлық танытып, белсенді қолдау көрсеткен депутаттарымызға тағы да алғыс айтамын. Бірлескен күш-жігердің арқасында өнер ордасын жаңа деңгейге көтеріп, оның одан әрі өсіп-өркендеуін қамтамасыз ете аламыз деп сенемін.
Проблемаларға осылай көңіл бөліп, ашық айтудың арқасында біз консерваторияның оқу үдерісі мен материалдық-техникалық бөлігін тиісті деңгейге жеткізе аламыз деп ойлаймын. Ал сұрағыңызға қайта оралсақ, профессорлық-оқытушылық құрамды қысқарту болған жоқ. Қысқарту алдағы жоспарымызда да жоқ екенін толық жауапкершілікпен айта аламын. Себебі біз үшін әрбір ұстазымыздың орны ерекше. Түптеп келгенде, олар қазақ мәдениетіне қажет бірегей кадрлар.
– Консерваторияның алдағы мерейтойын қалай және қай деңгейде өткізуді жоспарлап отырсыздар?
– Биыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына 80 жыл толып отыр. Бұл – әйгілі музыканттардың тұтас бір буынын тәрбиелеп, әлі де Қазақстан мен әлемнің музыка өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан оқу орнымыз үшін маңызды да атаулы дата.
Мерейтойлық шаралар қараша айының соңында басталып, жоғары деңгейде өтеді. Желтоқсан айының басында үлкен мерейтойлық концерт болады. Оған консерваторияны дүниежүзіне танытқан атақты түлектерді шақырдық. Қонақтар арасында біздің консерваторияның құрметті профессорлары да болады. Олар – музыкадағы әлемдік есімдер. Бірақ нақты кім келетінін айтпай-ақ қояйын. Бұл біздің қонақтарымыз бен қатысушыларымыз үшін ерекше тосынсый болмақ.
Мерейтойлық шаралар бір аптаға созылады. Әрі тек концерттермен шектелмей, мерейтойға маңызды шығармашылық элемент қосатын шеберлік сабақтарын да қамтиды. Барша қазақстандықты Алматының ең үлкен алаңдарының бірінде өтетін осы айтулы шараға қатысуға шақырамын. Бұл біздің консерваториямыз үшін тарихи оқиға болады деп сенемін.
Біз өз тарихымызды мақтан тұтамыз және алда әлі талай жетістіктер мен үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдіміз!
– Әңгімеңізге рақмет! Қызметіңізге сәттілік тілеймін. Алдағы мерейтойларыңыз құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Ардақ СҰЛТАН