Жалған ақпарат бергендер жазасыз қала ма?

Ел экономикасының негізгі драйверінің бірі – ауыл шаруашылы­ғы. Алайда асыраушы салада бауын тапса, байлауын таппаған, тіпті «Бармақ басты, көз қыстыға» жол берген тірліктер аз емес.

Бұл бағытта Жамбыл облысында да жүрісінен жаңылған жұмыстар жетерлік. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникация­лар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек ашып айтып, бірқатар былықтың бетін ашты.

Әбілхайыр Ғалымұлының сө­зіне сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы саласын қол­дауға 29,2 млрд теңге бөлінсе де, ау­дан әкімдері тарапынан көз­бояу­шылыққа жол беру азаймай тұр екен. «Сұлу» статистика түзуді көз­деген шенділер егістік көлемі мен мал санын жалған көрсетіп, жақсы атты болу үшін қулыққа бас­қан екен. 

– Игеріліп жатқан жалпы егіс­тік көлемі мен су үнемдеу тех­но­логияларын пайдалану алаң­да­ры бойынша есептер ұсынуда бір-біріне сай келмейтін деректер анық­талды. Мәселен, облыс ау­ма­ғында 2023 жылы ауыл шаруа­шы­лығы дақылдары 762,5 мың гек­тардың орнына 626,7 мың гек­тарға егілгені бел­гілі болды. Яғни, 136 мың гектар егіс­тік алқабы тек қағаз жүзіндегі жер болып шықты. Сол сияқты су үнемдеу технологиялары ен­гі­зіл­ген алқап көлемі 57 мың гек­тар­дан 40 мың гектарға қысқарды. Мал басы мен өндірілген өнім кө­лемінде де ауытқулар бар. Жыл ба­сында облыста 4,1 млн бас мал бар деп көрсетілсе, тексерістен кейін олардың саны 3,4 млн бас еке­ні анықталды. Яғни, 762 мың бас мал шын мәнінде жоқ. Сон­дай-ақ өндірілген 34 мың тонна ет пен 115 мың тонна сүт те құр ста­­тистика болып шықты, – дей­ді облыс әкімінің орынбасары. 

Бұдан бөлек, егін жинау нау­қанына аудан әкімдері 10 мың дана ауыл шаруашылығы тех­ни­ка­сы шықты деген есеп берсе, бұл да тек статистика түзген трактор­лар мен комбайн болып шыққан. Қазір қолдану мерзімі 25 жылдан асқан 3 280 бірлік техника есептен шығарылып отыр. Яғни, аталған тех­ника жарамсыз күйде. Оның ор­нын толтыру үшін биыл 324 да­на өздігінен жүретін ауыл ша­руа­шылығы техникасы алынған. Алайда бұл жоспардың 5,8 пайы­зы ғана. 

Биыл облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары 494,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бір­ақ бұл да жоспарлы межені діт­теген көрсеткіш емес. Өнер­кәсіп саласындағы ақсаған тұсы­мыз – тамақ өнеркәсібі. Өн­ді­ріс­тің төмендеу себебі, былтырғы та­мыз айынан бастап өңірдегі екі қант зауыты жұмыс істемей тұр. Олар­дың қанттары Ресей мем­ле­ке­тінен келетін қанттың бағасына бә­секелестік көрсете алмай өн­ді­ріс көлемі құлдыраған. Ресейлік қант­тар келісіне 300 теңгеден са­­­­тылса, жамбылдық қант зауыт­тары өнімдерін 400 теңгеден сау­далап, соңы өздері шығынға ба­тып отыр.  

Химия өнеркәсібіне келсек, әлем­дік нарықтағы минералдық тыңайтқыштар бағасының тө­мен­деуінен отандық химия өн­дірі­сі тағы бәсекелестікке төтеп бере алмаған. 

Металлургия өнеркәсібінде де жағдайымыз мәз емес. Мұнда да әлемдік нарықта ферроқорыт­па­ның арзандауынан Тараз ме­тал­лургия зауыты жұмысын тоқ­татқан. Өндіріс орны өз жұ­мы­с­ын тек биылғы қыркүйек айы­ның соңында бастайды деп кү­тілуде. Бірақ зауыт 9 мың тонна ға­на өнім өндіруге қауқарлы бол­мақ. 

Әбілхайыр Ғалымұлының ай­туынша, қант зауыттары өндірісін арт­тыру үшін оның бағасын 355 тең­геге төмендету керек екен. Сон­­­дай-ақ сырттан тасылатын кон­трабандалық қанттардың жо­лын кесу қажет. Сонда ғана жам­былдық қант зауыттарын қуатты күшіне шығара аламыз. 

Биыл өңірде жұмыс істеп тұр­ған шағын және орта кә­сіпкерліктердің саны 106 053 бір­лікті құраса, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайыз­ға төмендеген. «Сонда ша­ғын және орта бизнесті дамыту бағытында жылда беріліп жатқан мем­лекеттік гранттар мен қаржы­лық қолдау қайда кетіп жатыр?» деген орынды сұрақ туады. 

Инвестиция саласына тоқ­тал­сақ, есепті кезеңде облыстың не­гізгі капиталына 247,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Алай­да Әбілхайыр Тамабектің ай­туынша, инвестор көп, бірақ тиіс­ті инфрақұрылым жоқ екен. Бір жерде газ болса, бір тұста су қам­тылмаған. Бір аймаққа жол жүр­гізілсе, екінші жағынан элек­тр жарығы қаралмаған. Соның сал­дарынан инвесторлар өзге өңір­лерге кетіп қалып жатқан кө­рі­неді. Осыған орай өңдеу өнер­кә­сібіндегі өндіріс көлемін ұл­ғайту мақсатында «Тараз» ӘКК» АҚ шағын өнеркәсіптік аймақтар құру бағытында жұмыстар жүр­гізу­де. Бұл бағытта биылғы тамыз айын­да 4,5 млрд теңгеге 3 жоба қар­жыландырылған. Аталған жо­ба­лар келер жылдың мамыр айын­да іске қосылады деп күті­луде. 

Бұған дейін Мойынқұм ау­да­нындағы «Андасай» қорығының ал­ма­тылық «Охотзоопром» меке­ме­сіне өтіп кеткені туралы айтқан бо­латынбыз. Яғни, табиғат жа­на­шырлары өз өңірімізде тұрған қо­­рықтан айырылып қалға­ны­мыз­ға шырыл қаққан. Міне, осы үн билік өкілдеріне жеткен­дей. Олай дейтініміз – биыл Мойын­құм мен Сарысу ауданы ау­­мағында «Бетпақдала» мем­ле­кет­тік табиғи қаумалы құрылып отыр. Сондай-ақ «Меркі» және «Сұлу­төр–Ботамойнақ» табиғи парк­терін құру жұмыстары жүр­гізілуде. 

Бүгінде облыста 289 жер қой­науын пайдаланушы тіркелген. Алай­да олардың барлығы жұмы­сын адал істеп жатыр дей алмай­мыз. Биыл жүргізілген тексеріс нә­тижесінде 38 жер қойнауын пай­д­аланушыға заңбұзушы­лық­тары бойынша хабарлама жібе­ріп, оның қазір 11-і лицензиясы­нан айырылған. 

Бірнеше жылдан бері айты­лып келе жатқан мәселе – өңірде орналасқан кәсіпорын­дар­дың салықты өзге өңірге тө­­­­­лей­­тіндігі еді. Бұл бағытта қазір сең қоз­ғал­ған­дай. Олай дейтініміз – салық­тық түсімді ұлғайту үшін бүгінде қазба бағытындағы 3 кәсіпорын об­лысқа қайта тіркелуде. 6 өн­ді­ріс орны өңірге қайта тіркелуге ниет білдіріпті. Ал қалғанына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Мал жайылымына қатыс­ты да жанға батып тұр­ған мәселелер бар. Облыста қазір мал басын жаюға болатын 3,6 млн гек­тар ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жер болса, елді ме­кен­дерде 741 мың гектар, орман қо­рын­да 1,7 млн гектар және бо­сал­қы жер қорында 942,5 мың жер тір­кел­ген. Алайда бүгінде 42 елді ме­кен­де жайылым мәселесі өзекті болу­да. Осыған орай ауылдық ок­руг­терге босалқы жер қорынан 22,9 мың гектар жер беру көз­де­лу­де. Бұдан бөлек, 87,5 мың гек­тар игерілмей жатқан жер мем­ле­кет меншігіне қайтарылып, оны жайылымдық мақсатта пайдалану жоспарлануда. Осылайша, 42 елді мекеннің 25-нің жайылым жер же­­­тіспеушілігінің мәселесі ше­шіл­­мек. Алайда 17 елді мекеннің түйт­кілі сол күйі түйін болып қал­мақ. Оны шенділер бүгін-е­р­тең шеше алмайтындықтарын ашып айтуда. 

Әбілхайыр Ғалымұлы бұдан бөлек брифингте шетелдік турис­тер облыстағы қонақүйлерді сы­нап кетіп жатқанын да жа­сыр­мады. Осыған орай алдағы уа­­­­қытты үш-бес жұлдыздық қонақүйлерді салу жос­парланбақ. Сондай-ақ бес жыл­дан бері жыры бітпей келе жат­қан «Қаралма» тау-шаңғы ке­шенінің де құрылысы келер жы­лы бітеді деп күтілуде. Ол үшін тиісті инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. 

Бір жылдары Жамбыл об­лысында алма бақ шаруа­шылығы да мықтап қолға алын­ған болатын. Алайда сол бақтар түйін бермей түбімен қурап кетті. Бұған қатысты облыс әкімінің орынбасары алма бақтардың жо­басы о баста дұрыс жасалмағанын жеткізді. Сондықтан қазір бірне­ше шаруашылықпен соттасу про­цестері жүріп жатыр екен. 

Әрине, өңірдің асыраушы са­ласында барлық бағыт сын кө­тер­мейді дей алмаймыз. Оң дина­ми­ка сақталған тұстарымыз да аз емес. Алайда аудан әкімдері «сұ­лу» статистика үшін жалған ақ­па­рат бергені жақсылыққа апармай­ты­нын әркімнің іші біліп отыр. Демек, жергілікті билік өкілдері жыл­дар бойы жоғарғы жақтың ау­зын қу шөппен сүртіп келді де­ген сөз. Бұл енді жазасыз қала ма, жоқ па – белгісіз. Оны биік мін­бердегілердің еншісіне қал­дыр­дық...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы