Қанағат пен қайырым қатар жүреді, қос қанат секілді қатар қимылдайды. Бұлар өз кезегінде сабыр мен тыныштыққа, татулық пен бірлікке, қамқорлық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа бастайды. Мысалы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездескенде қоғамдық сананы түбегейлі жаңғыртумен айналысуымыз қажет екенін атап өтті.
– Жоғары мәдениет, озық білім және адал еңбек сияқты құндылықтар бұл жұмыстың өзегіне айналады. «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой» деген хакім Абайдың өсиеті жас ұрпаққа басты үлгі-өнеге болуы тиіс. Ұлы ақынның атап көрсеткен бес асыл қасиеті біздің бүгінгі мақсатымызбен толық үндеседі. Ұлы Абай «Толық адам» деген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам, бұл – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтыру қажеттігі жөнінде үнемі айтып жүремін. Ұлттық құрылтайда, «Жастар Рухының» съезінде және Түркістанда жұртшылықпен кездескенде бұған арнайы тоқталдым. Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет, – деді Президент.
Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа Салық кодексі аясында сән-салтанат заттарына жаңа салық енгізуді жүктеді. Ол келесі жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Нарықтарды талдаумен айналысатын Statista Market Insights менеджері Мередит Алданың түсіндіруінше, Қазақстанда люкс сыныбындағы заттар нарығы қатты құлдырамағанымен, бүгінде стагнацияға ұшырады.
«Біздің болжауымызша, 2024 жылы Қазақстанда сән-салтанат заттары нарығы 255,90 миллион доллар көлемінде табыс әкеледі. Нарық ойыншылары үшін бұл жетілмеген, шағын нарық саналады. Салыстырғанда, мемлекет емес, бір ғана LVMH Moët Hennessy Louis Vuitton компаниясының 2023 жылғы таза табысы 15,2 миллиард еуроны құрады. Сонымен бірге Қазақстанда люкс кластағы тауарлар нарығы қарқынды өсімінен айырылды. Кейбір сегментінде төмендеу тіркелген. Жылдық шамада 2024–2028 жылдары бұл нарық республикада орта есеппен небәрі 1,8%-бен өседі деп болжанады», – деді сарапшы.
Қазақстанда сән-салтанат заттарының ең ірі сегменті – «престижді косметика және қымбат парфюмерия секторы». Әңгіме бұқараға қолжетімдісі жөнінде емес, құны әр бірлігі үшін 500 доллардан асатын косметологиялық заттар мен иіссулар туралы. Бұл сегменттің табысы 2024 жылы 125,80 млн доллар болады деп тұспалданды. Салыстыра кетсек, бұл бағытта әлемде 1-орын алатын АҚШ-та бір жылда 77,3 миллиард доллардың косметикасы мен жұпар су өнімдері сатылады.
Statista Market Insights мәліметінше, қазақстандықтар иіссу немесе косметиканың бір данасына орта есеппен 12,90 доллар (6,3 мың теңге) ғана жұмсайды. Бұл ретте Қазақстан тұрғындары өзге тауарларға қарағанда, парфюмерия өнімдерін дүкенге, сауда орнына өзі барып, сатып алуға үйір. Иіссулардың жалпы санының 7,9%-ы ғана онлайн сатылады. Сарапшылар республикада бұл өнімдердің бәрі дерлік – шетелдік өнімдер мен брендтер екеніне назар аудартады.
Біз елордадағы қымбат зергерлік бұйымдар сататын бірнеше салонды аралап, сатушыларды, менеджерлерін сөзге тарттық.
– Қазақстандықтар қымбат әшекейлерді сатып алудан аулақтай бастады. Бұрын клиенттеріміз алатын ең қымбат өнім 8-10 миллионнан асатын. Қазір біздегі ең қымбаты – 4 миллион теңгедей тұратын инкрустацияланған алтын алқа. Оған гауһар-бриллианттар, топаз сияқты бірнеше асыл тас орнатылған. Біз өз өнімдерімізге кепілдік береміз. «Қазақстанда сатылатын алтынның 90%-ы шын алтын емес» деген пікір кең тараған. Содан қалталы азаматтар қымбат әшекейлерді саяхаттағанда шетелден сатып алады, – деді отандық нарықта жетекші орны бар зергерлік премиум-салон қызметкері Дариға Жолан.
Қымбат көліктерге сұраныс жоқ
Сән-салтанат заттарының «ең көрнекті өкілі» қымбат көліктер екені белгілі. Бәлкім, қазақстандықтар бар жиғанын соған салып жатқан болар? «Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәлімет бойынша бір ай ішінде 12 032 бірлік жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық көлік сатылған. Сөйтіп, былтырғыдан 13,2% құлдырады. Жалпы, 2024 жылдың алғашқы бес айында жалпы саны 66 457 автомобиль өткізілген. Ал былтыр сол уақытта 66 389 бірлік техника саудаланды. Өсім бар-жоғы – 0,1%. Мұнда да тоқырау.
ҚАО президенті Анар Мақашева қазір қымбат көліктер өтпейтінін айтады. Негізінен, қазақстандықтар бюджеттік нұсқаларын таңдайды. Содан қытайлық брендтерге сұраныс өсті. Олар отандық нарықты ондаған жыл жаулаған елдегі «дәстүрлі брендтерді» қуып жетіп қалды.
– 2024 жылғы сауда статистикасы былтырғы нәтижеге жақындап қалып еді, алайда біз болжағандай, мамырда сауда бәсеңдей бастады. Биыл 160-165 мың жаңа автомобиль иесін табады деп болжап отырмыз. Өз кезегінде ресми дилерлер халық көптеп жаңа көлік алсын деген ниетпен науқан өткізіп, тиімді ұсыныстарын жалғастырып жатыр. Бірақ заңсыз жолмен ескі автомобильдер әлі кіріп жатқандықтан, паркте ескі көліктердің де үлесі артып келеді, – деді Анар Мақашева.
Биылғы бес ай қорытындысында ең танымал ТОП-5 бренд арасында елімізде құрастырылатын Hyundai әдеттегідей оқ бойы озық шықты. Бірақ ол клиенттерін ең көп жоғалтқан брендтің біріне айналды: жыл басынан бері 14 760 бірлігін ғана өткізді, бұл былтырғыдан 15% кем. Екінші орында сол бұрынғыдай Kia тұр: бес айда 8 541 бірлігін сатты. Ол да тұтынушыларынан көптеп айырылуда, саудасы былтырғы жылдан бері 13,4%-ға кеміді.
Үштікті Chevrolet тұйықтады, жыл басынан бері 6 159 моделі өткен. Сарапшылар оның сауда статистикасын көріп, шошынды: 2023 жылғы 5 аймен салыстырғанда -65,1% төмендеді! Қытайлық Chery дилерлері қазақстандық иелеріне 5 428 автомобильдің кілтін тапсырды. Саудасы қызып тұр және бірден +60,9% өсті. Бестікке тағы бір қытайлық бренд – Jac (4 022 дана, өсім +165,8%) кірді.
Бәлкім, солардан кейін удай қымбат люкс-көліктер орналасқан шығар? Жоқ, ондыққа қытайлықтар – Changan, Jetour, Haval және Geely енді. Ондыққа әупірімдеп жапондық Toyota іліге алды.
коллаж: Елдар ҚАБА
«Қазақстанның Автокөлік Одағының» дерегінше, биылғы жыл басынан бері Lexus-тың 1 447 бірлігі ғана өтті, сауда -0,8% кеміді. BMW қымбат нұсқаларының 155 бірлігі ғана сатылған, саудасы -77,8%-ға құлады. Өзге люкс-автомобильдерінің сатылымы тым аз, бірлі-жарым болғандықтан, статистикада егжей-тегжейі келтірілмейді.
Сәнқойлар қанағат сезіміне бас ұрған ба?
Осы аптада әлемде люкс брендтердің акциялары жаппай құлады. Соның ішінде кеше, әсіресе, сән-салтанат тауарларын өндірумен айналысатын ірі еуропалық компаниялар зардап шекті. Reuters сарапшыларының түсіндіруінше, бұған Қытай экономикасындағы дағдарыстың жаңа нышандарының пайда болуы серпін берген. Шығыс көршімізде қымбат тауарларға деген сұраныс кейінгі кезде қатты төмендеді, мына жағдайда сарапшылар «ҚХР-дағы бұл құлдырау жаңа тереңдіктерге жетеді» деп алаңдайды. Шың елі дәстүрлі түрде сән-салтанат заттарын өткізудің жаһандық шешуші нарығы саналады.
STOXX Europe Luxury 10 тобына біріккен он аса ірі еуропалық люкс компанияларының акциялары өткен бейсенбіде тағы 3,4%-ға төмендеп, рекордтық минимумға жақындады. Престиж сегментінде ең қымбат компания саналатын, Louis Vuitton, Christian Dior сияқты брендтерге ие LVMH акциялары бір күнде 3,5% кеміді. Hermes сән үйінің акциялары 6%-ға, италиялық Brunello Cucinelli 5% құлдырады.
Reuters құлдыраудың бір себебі ретінде әлемдік экономикаға төніп келе жатқан дағдарысты атады: ҚХР ахуалының нашарлығына байланысты JPMorgan қытайлық акцияларға Buy рейтингін беруден бас тартып, инвесторларға оны сатып алмауға кеңес берді. Жаһандық алпауыт Американың да жағдайы мәз емес. 5 қарашадағы президенттік сайлаудан кейін АҚШ ахуалы тіпті жаман болуы мүмкін. Reuters сайлаудан соң Қытайға қарсы тосқауылдаушы баж алымдарының «екінші толқынының» енгізілу қаупі бар деп отыр. Еуропаның лидері Германия экономикасында екінші жыл қатарынан рецессия. Бұл елде Volkswagen автоконцерні бірнеше зауытын жабуға және жұмысшыларын жаппай босатуға ниетті.
Осы ауанда әрбір бикештің арманына айналған Tiffany зергерлік үйі Қытайда, басқа елдерде флагмандық дүкендерінің алаңдарын қысқартуға кірісті. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Мұның бәрі сән-салтанат заттарына маманданған компаниялар өсіп-өнген бизнес ортаның қиындықтары барған сайын ушыққанын көрсетеді. Экономикалық құлдырау мен кризис жағдайында люкс секторының жаһандық алыптары оңтайландыру шараларын қабылдауға мәжбүр.
Morningstar акциялар бойынша аға аналитигі Елена Соколованың айтуынша, Tiffany-дің жағдайы – мұқият бақылауға тұрарлық нысана: оның проблемалары люкс заттар нарығында «домино эффектісіне» түрткі болуға қабілетті көрінеді.
Ал The Business of Fashion басылымының негізін қалаушы Имран Амед апталық бағанасында әлем жұртшылығының сән-салтанат заттарын тұтынудан бойын аулақ сала бастағанын жазды.
«Бұл – жай сезім, түйсік деңгейіндегі емес, нақты цифрлардан туындаған түсінік. Kering мен LVMH сияқты гиганттардан бастап, люкс нарығының барлық дерлік басты ойыншысы биылғы жылдың І жартысын теріс нәтижемен қорытындылады. Ferragamo, Hugo Boss – доминода құлаған соңғы тасқа айналды», – деген пікірде сала сарапшысы Имран Амед.
Сауданың құлдырауының «сәнді трендіне» Gucci қозғау салды. Bloomberg жазғандай, биылғы 20 наурызда Gucci, Saint Laurent, Balenciaga, Bottega Veneta және басқа маркалар қожайыны Kering люкс конгломератының акциялары өсу орнына 14% күрт арзандады. Бұған Gucci флагмандық брендінің түсімінің бірінші тоқсан қорытындысында 20% төмендеуі себепкер болған.
Доминоның гүрс етіп құлаған өзге тастары қатарында Burberry (саудасы бірінші жартыжылдықта 22% құлады), Ferragamo (41% операциялық табысынан айырылды), Hugo Boss (-42%) және басқасы бар. Бұл жерде сарапшылар соңғы неміс бренді 2021 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш көрсетіп отырғанын жеткізді.
Эксперттер мұндай жағдай тек биыл тіркеліп отырмағанын еске салады. Мысалы, сәнқойлар түгіл, былайғы жұртқа түсіндіруді қажет етпейтін Gucci брендінің түсімі 2023 жылы 9,8 млрд еуроға дейін құлады. 2024 жылдың бірінші тоқсанында түсімі тағы 18% кеміді. Yves Saint Laurent-ның сатылымы биылғы бірінші жартыжылдықта 7% түсіп кетті. Өзге люкс брендтердің төмендеуі 6% шамасында.
«Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» дейді дана қазақ. Сән-салтанат заттарымен шектен тыс әуестену, тойымсыздық пен ашкөздік таныту адамзатқа жақсылық әпермейді. Аңыз бойынша әлсіреген Рим империясының түбіне жібек жеткен деседі. Император Тиберийдің тыйым салғанына қарамастан, сипауға жұмсақ, тәнге жайлы жібек Римде удай қымбат сән-салтанат затына айналған. Римдік ығай мен сығайдың осы люкс-өнімге шектен тыс іңкәр болғаны сонша, оның 12 метрден тұратын 1 орамасының құны жоғары жалақылы әскеридің жылдық табысынан асып түскен. Шетсіз-шексіз соғыстар салдарынан Ұлы Жібек жолымен жеткізілетін жібек қат нәрсеге айналады. Оған ие үйлер тонауға ұшырайды, соңы өш алу, қылмыс-қырғынға соқтырады.
БҰҰ әлемде 281,6 миллион адамның аштықтан зардап шегіп жатқанын айтып дабыл қағып жатқанда кейбір бай-бағыланның, блогерлердің әсіре малшашпаққа салынуы абырой, жетістік емес. Қанағатшыл адамның жүрегі тыныш, көңілі тоқ болады. Өйткені ол өзінде барды бағалай біліп, өзінде жоқ дүние үшін ешуақыт күйінбейді. Мұндай ортада әлеуметтік кернеу де өршімес.
Айхан ШӘРІП