Билік өкілдері қазір «Яндекс» пен InDriver такси қызметтерінің жұмыс істеуі бәсекелестік орта құруға негіз деген пікірде. Дегенмен баға жағынан салыстырсақ, еліміздегі такси құны ТМД елдері арасында әлі де ең жоғары деңгейде екенін көруге болады. Ал баға мәселесінің төмендеуіне нарыққа жаңа ойыншының енуі түрткі бола ала ма?
Bolt – Еуропадағы танымал қызмет, «Яндекс» таксидің баламасы деуге болады. Билік Bolt такси қызметін іске қосу үшін қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Үкімет бұл такси агрегаторлары арасындағы бәсекелестіктің артуына әсер етіп, қызмет құнын төмендетуі мүмкін деген пікірде. Қазақстанда 2019 жылдан бастап Bolt компаниясының нарыққа енуі талқыланып келеді. Дегенмен 2022 жылы қытайлық Didi такси қызметінің 1,5 жыл ішінде жұмысын тоқтатқанын еске алсақ, жаңа ойыншы сәтті жұмыс істеп кете ме деген сұрақ туады.
Отандық такси қызметіне қолдау бар
Вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, мемлекет отандық такси агрегаторларына қолдау көрсетуге әзір. Дегенмен бүгінде олар ресейлік алпауыт компаниялармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алмайды. Маркетинг, жарнама жетілмегендіктен қазақстандықтар мұндай отандық сервистердің бар екенін де білмеуі мүмкін. Ведомоство өкілі отандық такси агрегаторлары мемлекеттен 3 миллиард теңгеге дейін арзан несие ала алатынын мәлім етті.
«Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады. Кәсіпкерлерге жылдық 8%-дық мөлшерлеме бойынша, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне, батыс және оңтүстік өңірлердің кәсіпкерлеріне жылдық 7% мөлшерлеме бойынша кредиттер беріледі. Несие сомасы – 3 млрд теңгеге дейін. Жалпы, бағдарлама бойынша мемлекеттік қолдау шаралары салалық шектеулерсіз және жобаларды іске асыратын басқа да кәсіпкерлер үшін ұсынылатын болады», – деді вице-премьер.
Сонымен қатар отандық такси қызметтеріне отандық өндірушілердің жеңіл автомобильдерін жалға алу және лизингке қолдау көрсетілетінін айтты. Құны бір данасына 10 млн теңгеден аспайды.
Бағаға бақылау керек пе?
Такси қызметіндегі дау – сұраныс артқан сәтте аспандап кететін бағасы болып отыр. Тіпті, бұған дейін халықтың наразылығы себебінен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс» такси қызметіне тексеріс жүргізген еді. Нәтижесінде, биыл сең қозғалып, «Яндекс» такси қызметтеріне сұраныс ең жоғары болған жағдайларда, мысалы, ауа райының қолайсыздығы немесе мереке күндері тарифті үш еселенген коэффициенттен жоғарылатуға шектеулер енгізетін болды. Осы деңгейден жоғары баға үлесі бір тоқсан ішіндегі сапарлардың 5%-нан аспайды. ҰЭМ өкілінің сөзінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында құнның үш еселенген коэффициентімен 238 мың тапсырыс жасалған, оның жалпы үлесі 0,15% деңгейінде қалып отыр. Дегенмен Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, компания кез келген уақытта Қазақстан билігінің талаптарын орындауды тоқтатуы мүмкін. Сол себепті осы талаптар мен шектеулердің орындалуын бақылау қажет. Монополияға қарсы комплаенстің орындалуын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі арнайы мониторингтік топ арқылы бақылауға ниетті. Топқа көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Цифрлық даму министрліктерінің, сондай-ақ таксопарктер қауымдастығының өкілдері кіреді.
Болашақта жолаушылар мен жүргізушілер мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін монополияға қарсы агенттік тиісті заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашы болмақ. Жаңа заң жобасы жүргізушілерге такси парктеріне тәуелді болмай, «Яндекс» таксимен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, егер заң қабылданатын болса, онда ол қазақстандық тарапқа ресейлік бағдарламалық жасақтаманы, сондай-ақ баға белгілеуге әсер ететін факторларды егжей-тегжейлі зерделеуге құқық береді. Такси тарифтерінің қалай қалыптасатынын, ауа райының қалай ескерілетінін, мерекелік сұраныстың артуын, жүргізушілердің жоқтығын және басқа факторларды түсіну керек. Ақпараттық технологиялар саласындағы тәуелсіз аудиторлық компания агенттікпен және Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп алгоритмдік баға белгілеу аудитін жүргізу жоспарлануда.
Дегенмен бұған дейін қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев кез келген салада бағаны бақылауға алу нарық заңдылықтарына қайшы деген пікірімен бөліскен болатын.
«Мұндай бастама егер байыпты қарастырылса, бәсекелестіктің төмендеуіне әкеледі – егер пайданы көбейту мүмкін болмаса, жаңа ойыншылардың нарыққа шығуының мәні неде? Сонымен қатар қазірдің өзінде комиссия алмайтын немесе минималды ақы алатын бәсекелестер бар – бірақ оларда жолаушылар да, жүргізушілер де жоқ. Сонымен қатар егер ол қарапайым математика әдісімен қаруланған болса да – комиссияның төмендеуімен жүргізуші бұдан артық алмайды, сапар құны төмендейді, бірақ қызмет сапасы да төмендеуі мүмкін және бюджетке салықтар азаяды. Шын мәнінде, нарықтық экономикада мұндай араласуларға жол берілмеуі керек», – дейді ол.
Нарыққа әркімнің-ақ бар таласы
Energyprom сараптама орталығы ТМД елдерінің ішінде ең қымбат такси Қазақстанда тіркелгенін мәлімдеді. 2023 жылы еліміздегі такси қызметін көрсететін компаниялардың табысы бір жылда 17%-ға өсіп, 5,9 млрд теңгеге дейін ұлғайған. 2023 жылы жеңіл көлікпен тасымал қызметін 47,4 млн адам пайдаланды – бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 39,8 млн адамға жеткен. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 36,4 пайызға артық. Ал жолаушылар айналымы бір жылда 44%-ға, 1,4 млрд шақырымға дейін қысқарды.
«Такси қызметінің негізгі капиталына салынған инвестициялар 2022 жылы 495,1 млн теңге болса, былтыр 751,9 млн теңгеге жетті. Инвестициялар бір жылда 51,8%-ға өскен. Алматы – ең көп салым салынған қалалардың бірі. Мұндағы инвестиция көлемі 360,6 млн теңге болған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,9 есе көп. Қазақстан Республикасы аумағы бойынша Алматы қаласының үлесі 48%-ды құрайды. Сондай-ақ 2023 жылдың желтоқсанында таксимен жүру былтырғы жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 9,1%-ға қымбаттады. Өңірлік бөліністе бағаның өсуі Алматы тұрғындары үшін қатты сезілді, яғни 2023 жылы 30,3%-ға қымбаттаған. Одан кейінгі орында Ақтөбе және Абай облыстары тұр: қымбатшылық көрсеткіші тиісінше 22,1% және 17% болды. Ал қымбатшылық көрсеткіші ең төмен өңір – Маңғыстау облысы – 1,2%. Тағы үш облыста – Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында бағалар бір жыл бұрынғыдай деңгейде қалды», – делінген есепте.
Ал Numbeo порталы әлем бойынша стандартты тариф бойынша 1 шақырым есептегенде такси қызметтерінің ең жоғары бағасы Швейцарияда (4,63 АҚШ доллары), Люксембург (3 3,29 АҚШ доллары) және Кувейтте (3 3,25 АҚШ доллары) тіркелгенін мәлімдеген. Орташа есеппен Қазақстандағы такси қызметтерінің құны 0,61 АҚШ долларын құраған. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Мысалы, Әзербайжанда стандартты тариф бойынша таксимен жүру құны АҚШ долларымен есептегенде 1 шақырымға 0,59 доллар, Ресейде – 0,34, Украинада – 0,32, Беларусьте – 0,31, Армения мен Өзбекстанда 0,3 АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар әлемдегі жағдай бойынша нарықта Uber, Grab, Bolt, Entriver, Yandex сияқты 8-10 әлемдік компания үстемдігін көреміз.
«Кәсіпкер» көлік жүргізуші
Мемлекеттік кіріс комитеті «Яндекс» таксимен бірлесіп Астана және Алматы қалаларында «Яндекс» такси қосымшасы арқылы қызмет көрсететін такси жүргізушілеріне арналған пилоттық жобаны іске қосты. Қатысушылар саны 4 400-ден астам жүргізушіні құрады, тек биылғы жылдың қаңтар айында жобаға 2 800-ден астам такси жүргізушісі қосылды (жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылғы желтоқсан). Жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсететін 17 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Қаржы министрілігінің мәлімдеуінше, жоба такси жүргізушілері таксопарктердің делдалдық қызметтерін алып тастауға мүмкіндік береді. Осы арқылы қаражатын үнемдеуге және оларды салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге бағытталмақ. Осылайша, жүргізуші әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді оңайлату, нақты алынған кірістің 1% мөлшерінде салық төлеу, салық есептілігін ұсыну бойынша міндеттемелердің болмауы қарастырылған. Сондай-ақ Glovo, Wolt, InDrive және тағы басқа сияқты компанияларды жобаға қосу жоспарлануда.
Кәмила ЕРКІН