Бес сәбидің қазасына жыл толды
Бес сәбидің қазасына жыл толды
414
оқылды
Былтыр 4 ақпанға қараған түні орын алған төтенше оқиға тұтас елді дүр сілкіндіргені есімізде. Елорданың Көктал-1 тұрғын алабындағы жекеменшік үйдегі өрттен бір отбасының бес бірдей қызы қаза тауып, қайғылы хабар қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып кетті. Ең қиын тигені өрт шыққан түнгі мезгілде бес баланың ата-анасы жұмыста болғаны. Сол бір оқыс оқиға талайды ойландырып, елде көпбалалы от­басылардың әлеуметтік жағ­дайын түзеуге талап та күшейе бастады. Кеше Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­­нистрі Біржан Нұрымбетов 1 жылда мемлекет тарапынан қандай жұмыстар жасалып жатқанын баяндады. «Былтыр қыз балалардың өрттен қаза табуы өте ауыр жағ­дай болды. Жасырмау керек. Мем­лекет тарапынан көпбалалы аналарға көзқарас өзгерді. Бі­ріншіден, өткен жылдың сәуі­рінен бастап, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу шарттары өзгерді. Себебі кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы болса, оны 70 пайызға дейін өсірді. Атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 4,5-5 есеге көбейді. Оған бө­лінген қаражаттың көлемі 7-8 есеге артты», – деді ол. Сондай-ақ басқа да минис­трліктер тарапынан тұрғын үй мәселесі бойынша көпбалалы аналардың мәселесі жеке қа­растырылып, олардың кезегін бөлек шығару жүзеге асырылды. «Біз олардан алған мәлімет бойынша, өткен жылы 8,5 мың көпбалалы ана пәтерге ие болды. Оның ішінде 1 мыңнан астамы демеушілердің арқасында. Оған қосымша, жылдың соңында «Ба­қытты отбасы» деген жобаны Тұрғын үй банкі енгізіп жатыр. Онда аз қамтылған және көп­балалы отбасыларға 2 пайызбен 20 жылға алғашқы салымы 10 па­йыз көлемінде ипотека енгі­зілді», – деді министр. Сонымен қатар Біржан Нұ­рымбетов әлеуметтік көмектер мен жәрдемақының көбейгені халықтың жағдайын жақсарт­қанын айтты. – Атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылы 38 миллиард теңге болса, оның мөлшері 240 мил­лиард теңгеге жетті. Сондықтан жағдайы төмен, қиын жағдайдағы халыққа мемлекет тарапынан бе­­рілетін төлем ұлғайды. Был­тыр­дың өзінде 136 мың отбасы атау­лы әлеуметтік көмек алып, жағ­дайы дұрысталып, қиын өмір­лік жағдайдан шыға білді, – деді ол.   Бауыржан БАЗАР