Алайда қоғамда түрлі ой, түрлі көзқарас пен пікір қайшылығының болуы – заңды. Дегенмен «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейтін қазақ үшін қандай мәселеде де маманның пікірі маңызды. Біз Ұлттық ядролық орталықың бас директоры Эрлан Батырбековтен атом энергетикасы елімізді қанша жылға электр энергиясы тапшылығынан құтқаратынын сұраған едік.
– АЭС-тің біздің еліміз үшін маңыздылығы қандай?
– Атом электр стансалары бүгінде мемлекеттің экономикалық даму үшін энергияға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алатын тұрақты, жоғары технологиялық және экологиялық таза энергия көздері екені дәлелденген. Әлемнің 32 елінде жалпы белгіленген қуаты шамамен 375 ГВт (эл) болатын 415 атом энергоблоктары жұмыс істейді, бұл қолда бар барлық энергия генерациялаушы қуаттардың 10%-ын құрайды. Қазір әлемде 20 мыңға жуық реактор-жылу пайдалану тәжірибесі жинақталған. Сонымен қатар бүгінде тағы 60 атом энергоблоктары салынуда. АТЭХАГ-нің оптимистік болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай атом энергиясын генерациялау үлесі 14%-ға жетеді.
Қазақстанда электр энергиясының үдемелі тапшылығы байқалады. Болжалды теңгерімге сәйкес 2035 жылға қарай тапшылық белгіленген қуаттылықтың 3 ГВт-қа дейін жетуі мүмкін. Бүгінде Қазақстанның негізгі генерациялаушы қуаттары – КСРО кезінде салынған энергияның жылу көздері, олар өздерінің соңғы ресурстарын өндіруде және тез арада ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларымен байланысты жаһандық экологиялық қатерлердің өсуін ескере отырып, біздің мемлекет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптандыруға қол жеткізу бағытын қабылдады. Еліміздің көміртегі бейтараптандыруға қол жеткізудің тиісті стратегиясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген.
Қазақстанның электр стансалары жиынтығының қолжетімді қуаты – қазір 20 ГВт-дан аспайды. Ірі өндірістік кәсіпорындар электр энергиясының негізгі тұтынушылары, олар барлық тұтынушының 70%-ын құрайды. Жақын болашақта олардың саны артады, ал өнеркәсіптік кәсіпорындарға базалық электр қуаты деп аталатын көздерден электр энергиясын тұрақты, тәулік бойы жеткізу қажет. Мұндай көздерге ЖЭС және АЭС жатады. ЖЭС салу тиімсіз болғандықтан, базалық қуатты генерациялау бөлігінде біз үшін жалғыз шешім тиімді, экологиялық таза атом энергетикасын дамыту маңызды. Бұл шешім көлемі бойынша Қазақстан Республикасының әлемдік көшбасшы, атом отыны үшін бастапқы шикізатты – табиғи уранды өндіру фактісімен және Ұлттық ядролық орталығы болып саналатын дамыған ядролық ғылымның болуымен негізделген. Сондықтан атом энергетикасын дамыту біз үшін уақытылы және жалғыз дұрыс шешім екені белгілі.
– Халық арасында АЭС салуға емес, оны кім салатынына алаңдаушылық басым сияқты. Әлемдік тәжірибеде қай елдің атом электр стансасы қауіпсіз деп саналады және біз кімді таңдауымыз керек деп ойлайсыз?
– Қазақстанда АЭС салу үшін қандай да бір реакторлық технологиялардың қолайлылығына қатысты Ұлттық ядролық орталық ұсынылатын реакторлық технологияларды бағалау үшін алдын ала өлшемшарттар әзірлегенін атап өту қажет. Олардың негізгілері келесілерді айқындайды: реактор референтті болуы тиіс, яғни қазірдің өзінде салынған үлгісі және пайдаланудың оң тәжірибесі болуы тиіс. Қарастырылып отырған реактор базасындағы АЭС III немесе III+ буынына жатқызылуы керек, реактор әлемдегі ең кең таралған және жақсы жағынан танытқан жылу нейтрондарында екі контурлы, су-сулы болуы және реактор қондырғысының қуат диапазоны 1000 – 1400 МВт аралығында болуы керек.
Біз әзірлеген өлшемшарттарды ескере отырып, қазір Қазақстанда АЭС салу жөніндегі жобаны іске асыруға қызығушылық білдірген және келіссөздер жүргізіліп жатқан реакторлық технологияларды жеткізушілердің шорт-парағы қалыптастырылды. Бұл параққа әлемдегі төрт жетекші: EPR-1200 реакторы бар француздық EDF, ВВЭР-1200 реакторы бар ресейлік «Росатом» МК, APR-1400 реакторы бар кореялық KHNP және АPR-1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниялары кіреді. Техникалық жоспарда барлық ұсынылған реактор қажетті өлшемдерге сәйкес келетіндіктен, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдумда мәселе оң шешілген жағдайда ел мен технологияларды жеткізуші компанияны таңдау кезінде мәселелердің барлық жиынтығы, мысалы: болашақ АЭС үшін құрылыс пен отын өндірісін оқшаулау мәселелері, кредиттеу шарттары және ұсынылатын жобаның қаржылық схемасы, пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу мәселелері, әрине, құрылысқа жоспарланған күрделі шығындар және тағысын тағылар қаралуы тиіс. Сондықтан қай ел салатыны туралы сұрақ әлі де талқылауға жатады.
– АЭС үшін қажетті кадр мәселесі қалай шешілмек, оны салуға және дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме?
– Ұлттық ядролық орталықың мысалында ғана оның қалыптасуы кезінде негізгі міндеттердің бірі – елімізде атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлық база құру. Қазір Ұлттық ядролық орталық атом саласының кадрларын даярлау мәселелеріне көп көңіл бөлуде. Өз қызметіміз барысында біз жоғары білікті деген көптеген ғылыми кадрды дайындадық. Кәсіпорында өңірлік университеттердің бітіруші кафедраларының 3 филиалы жұмыс істейді.
Еліміз атом энергетикасында жұмысын жаңадан істеп жатқан жоқ – Ақтауда 1973 жылдан 1999 жылға дейін әлемдегі алғашқы ЖН-350 жылдам нейтронды тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор сәтті пайдаланылды, қазір 3 зерттеу реакторы, екеуі Ұлттық ядролық орталықта және біреуі Ядролық физика институтында жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Қазақстанның атом саласы атом энергетикасының бастапқы шикізатын жеткізуші және ірі кәсіпорын – Қазатомөнеркәсіп компаниясымен, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында жұмыс істейтін басқа да ұйымдар түрінде ұсынылғанын атап өткен жөн. Жалпы, жобалық пысықтауды ғылыми сүйемелдеу, құрылыс, АЭС-ті пайдалану және пайдаланудан шығару мәселелері бойынша біз тұтастай алғанда қажетті кадрлармен қамтамасыз етілгенбіз.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес АЭС-ті пайдаланушы персоналын жасақтау үшін орта есеппен 2 энергоблокты АЭС-ті пайдалану кезеңінде жоғары және арнаулы орта білімі бар 2000 адамға дейінгі персонал қажет. Ол үшін атом энергетикасын дамытудың болашақ мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кадрлар даярлаудың тиісті жоспары көзделеді.
Қазір Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және инженерлік саладағы ғылыми және білім беру негізін кеңейту бойынша нақты жұмысқа кірісті және нақты шешімдер қабылдап, шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, техникалық мамандықтарға гранттарды ұлғайту және тағы басқа да кезеңіне шықты. АЭС реактор қондырғысын жобалаушылар мен өндірушілер кез келген жағдайда әдетте, персоналды даярлаудың мамандандырылған бағдарламасын қарастыратыны атап айтуымыз керек.
– АЭС салу үшін екі алаң таңдалғаны белгілі. Дегенмен нақты таңдау Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылына түсіп отырған сияқты. Сіздің ойыңызша, қайда салған тиімді?
– Бүгінде Ұлттық ядролық орталық Қазақстанда АЭС салу бойынша дайындық жұмыстарына ғылыми-техникалық қолдауды қамтамасыз ететінін айта кету керек. Бұл бағытта біздің кәсіпорын негізгі қатысушылардың бірі болып табылатын жұмыс пен зерттеулердің үлкен көлемін орындады. Ең өзекті зерттеулерде АЭС-ті орналастырудың басым аудандары белгіленді, олар Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен кенті және Абай облысы Курчатов қаласы. Зерттеулерде сондай-ақ Қазақстан жағдайында құрылыс үшін реакторлық қондырғының оңтайлы түрі айқындалды, АЭС қауіпсіздігінің қажетті аспектілері қаралды, қолда бар және қажетті инфрақұрылым, радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу мәселелері, құрылыс пен жобаны басқарудың ықтимал схемалары, сондай-ақ көптеген басқа да мәселе, оның ішінде болашақ АЭС үшін кадрлар даярлау қажеттілігі талданды. Еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ескере отырып, стансаның қуаты 2 800 МВт дейінгі АЭС құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының ауданы ұсынылды.
– Егер біз еліміз үшін стратегиялық және экономикалық шығындар тұрғысынан АЭС құрылысының тиімділігіне назар аударатын болсақ... Бұл өзін ақтай ма?
– АЭС құрылысы еліміздің энергетикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте электр қуатының тапшылығы проблемасын шешуге ықпал етеді, сонымен бірге тек атом саласында ғана емес, әлемдік тәжірибеден белгілі болғандай, атом саласындағы бір орын өнеркәсіптік аралас салаларда 10 орынға дейін басқа да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. АЭС қазақстандық ғылым мен өнеркәсіптің қуатты драйвері болады, біздің табиғи байлығымызды, атап айтқанда, шетелге сататын уранды барынша толық және ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
АЭС тікелей орналасатын аудан үшін тікелей инвестициялардың көзі болады, бұл – осы аймақтың инфрақұрылымы мен экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етеді деген сөз. АЭС құрылысы және оны пайдалану жобасына тікелей тартылған экономикалық белсенді халықтың да, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылған халықтың да ағынының өсуіне алып келеді. Өңірдің бюджетіне түсетін салық түсімдерін бірнеше есе арттырады және оның тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл оң өзгерістердің мысал ретінде келтіруге болатын толық тізімі емес.
– Атом электр стансаларының климаттың өзгеруіне, экологияға әсері қандай?
– Егер экология туралы және оған атом электр стансасының құрылысы қалай әсер ететіні туралы айтатын болсақ, жауабым біржақты – сөзсіз оң әсер етеді. Әлемде көмірсутек шикізатын жағатын жылу стансалары атмосфераға шығаратын көмірқышқыл газы мен басқа да зиянды заттектердің концентрациясы қауіпті түрде өсіп келе жатқаны ешкімге құпия емес. Тіпті, көмірді жағу өнімдерін тазартудың заманауи жүйелерімен жабдықталған жылу стансасы, бір жыл ішінде атмосфераға қуатына қарай және әртүрлі бағалау бойынша 7-ден 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 2-ден 20 мың тоннаға дейін азот тотығын, 700-ден 1 500 тоннаға дейін күлді шығарады, ал арнайы тазартусыз екі-үш есе жоғары және 3-тен 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Сонымен қатар жүздеген тонна улы метал – күшән, кадмий, қорғасын, сынап және т.б. орын алған жүздеген мың тонна күл түзіледі. Бұл оғаш болып көрінуі мүмкін, бірақ эксперименталды түрде ірі ЖЭС аймағында сәулеленудің жеке дозалары АЭС маңындағы ұқсас дозадан 5-10 есе асып түсетіні анықталды. Бұл атмосфераға жану өнімдерімен бірге шығарылатын ЖЭС-ке арналған бастапқы шикізаттағы табиғи радионуклидтердің орын алуымен шартталған.
Сонымен бірге АЭС жанында қалыпты пайдалану үдерісінде тек қарапайым, табиғи радиоактивті фон тіркеледі. АЭС-тің белгіленген қуаттылығының бір ГВт-ы жылына 5,9 млн тонна көмір немесе 2,2 млн тонна мазут немесе 2,6 млрд текше метр газ үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте егер көмір стансасы туралы айтатын болсақ, органикалық отынды жағу кезінде пайда болатын зиянды газдардың көп мөлшерінің шығарылуына және жылына 830 мың тоннаға дейін қатты қалдықтардың пайда болуына жол берілмейді.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ