Тілдің абыз анасы

Алматыда Ұлттық ғылым академиясының академигі, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркияның Dil Kurumu лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ана тілінің абызы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Тіл білімінің әртүрлі саласында қалам тербеген ғалым өзінің бір ғасырға жуық ғұмырында бірқатар ғылыми жарияланым мен монография жазып, тың зерттеулер жүргізді. Қазір Рабиға Сыздықтың 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулықтары мен оқу құралы бар.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, конференцияның негізгі мақсаты – Рабиға Сыздықтың қазақ филологиясына қосқан үлесін дәріптеу мақсатында ғылыми қоғамды, оның шәкірттері мен ізбасар­ларын жинау, сондай-ақ ғалымдарға көрнекті ҰҒА академигінің ғылыми ең­бектерін ұсыну. Ғылыми жиынға рес­публикаға танымал ғалымдар, ЖОО оқытушылары, кітапханашылар, доктор­анттар мен магистранттар, студенттер, сонымен қатар кітапхана оқырмандары қатысты. Аталған жиынға жиналған қонақ­тар, ең алдымен, ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасына арналған «Ана тілінің абызы» атты кітап көрмесін тама­ша­лады. Көрмеге Рабиға Сыздықтың көзі тірісінде тұтынған заттарымен қоса мұражай қорында сақталған жәдігерлер қойылды. Конференция барысында іс-шара модераторы, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрман­әлиев ғалымның бүгінге дейін жеткен сүбелі еңбектерінің маңы­зына тоқтала отырып, зерттеу саласының түрлі бағытты қамтығанын қоса атап өтті. 

Бүгінде ана тілімізге байланысты дау­ларда төл тіліміздің қамқоры, қазақ тіл білімінің абыз анасы Рабиға Сыздықтың еңбектері мен көзқарасы негізге алынып, мәселеге ғылыми дәйек бола алады. Оның «Қазақ тілі методи­касының негізгі мәселе­лері», «Қазақ тілі орфографиясы мен пунк­туациясы бойынша анықтағыш», «Абай шығар­маларының тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Тілдік норма және оның қалыптасуы» және тағы басқа еңбектері ғылыми ортада кеңінен қолданылып келеді.  

– Рабиға Сыздық – көркемдікті, сұлулықты жақсы көретін адам. Сон­дықтан апайымыздың керемет сұлулықты іздеген әлемі – тіл, сөз әлемі еді. Тегіне қарайтын болсақ, Рабиға Сыздық сондай бір шығар­ма­шыл тұлға. Ол кез келген нәрсені белгілі бір қасаң тәртіпке бай­ланыстырып қара­майды. Еркін ойлай білетін жан болған, –  дейді филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қыз­мет­кері Жамал Манкеева.

Ал ҰҒА академигі, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева ғалымды ұлт болашағы, ел тәуелсіздігі, ана тілінің жағдайы алаң­датқанын, сондай-ақ мұндай алуан мәселе Рабиға Сыздықтың әрбір еңбегінде ерекше орын алатынын жеткізді. 

– Рабиға Сыздық – өзінің тегі, жара­ты­лысы, болмысы, табиғаты, зерттеу еңбектері жағынан екі ғасырды тел емген қазақтың ерекше қызы болды. Бүгінгі жиында оқылатын баяндамалар жан-жақты проблемаларды қамтып отыр. Соның бірі Рабиға апайдың сөзтаным, тілтаным, тарихтаным, тұлғатаным, әлемтанымы еді. Қазақтың санасын қалай қалыптастыру қажет? Еліміздің келешектегі ұрпағы сөз, тіл, көркем шығарма арқылы, сондай-ақ ондағы мән мен мағына, фило­софиялық тұжырым арқылы қалай жетіліп өсуі керек? Өзін, мемлекетін, ұлтын, ел тәуелсіздігін қалай сақтап қалуға тиіс? Міне, осындай мәселелерді әрбір еңбегінде қозғайды, –  дейді Ф.Оразбаева. 

Ғалым өзінің сәулелі ғұмырында бір­неше аспиранттың диссертация­ларына ғылыми жетекшілік жасай от­ыр­ып, көп­теген диссертацияға оп­пон­ент болды. Осын­дай ауыз толтырып айтарлық өнімді еңбегі үшін ол 1972 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Профессор Рабиға Сыз­дықтың еңбектері Үкімет тарапынан да жоғары бағаланды. 1984-жылы ака­демикке «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы бер­іл­ді. Одан өзге ғалым Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), Мемлекеттiк сыйлықтың (1996) лауреаты атанса, 2014 жылы IІІ дәрежелі, 2019 жылы I дәрежелі «Барыс» орденін ие­ленді. Қоғам игілігі үшін тынбай қыз­мет еткен ғалым 96 жасына қараған шағында Алматы қаласында көз жұмды.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы