«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Президент. Яғни, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағаланатын уақыт келеді. Президенттің бұл бастамасы қарапайым жұмысшы мамандарды қуантып тастады. Атап айтсақ, қаланың қақ ортасында зәулім ғимараттар тұрғызып жатқан құрылыста жүрген құрылысшылардан бастап, сайын дала төсінде күнге қақталып шөп шауып жүрген механизатор мен қойшы қауым да бір жақсылықтан үміт етіп, бұл жаңалықты қуана қабылдады. Солардың қатарында механизатор Сәлім Жұбаниязов та бар.
Жалпы, жұмысшы мәртебесін көтеру деген сөз – ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнеркәсіпті өркендету деген сөз. Ал Қазақстан экономикасының діңгегі – ауыл шаруашылығы. Шаруаның көңілі жайланса, ел экономикасына да оң ықпал етері сөзсіз. Қай заманда да қарапайым жұмысшылардың қол күші ел дамуында үлкен рөл атқарған.
Сәлім Жұбаниязов – 20 жылдық тәжірибесі бар механизатор. Ол 2004 жылы 38-ші жол пайдалану бекетіне жұмысқа орналасады. Содан бері бір орында тапжылмай, табанды еңбек етіп келеді. Ол Сырым ауданы Тоғанас ауылында дүниеге келген. Өзі көпбалалы, қарапайым отбасында тәрбиеленген.
– Бәрімізде қарапайым қазақ ауылында тәрбиелендік. Қазір қалаға келіп, қалалық деген статус алып жатырмыз. Бірақ бәрібір ауылға қарап тұрамыз. Өзім көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Біздің кезімізде мектепте қарапайым жұмысшы мамандарын оқытатын еді. Мысалы, механизатор деген мамандықты сол мектептен алып шықтым. Ауылда шөп шабатын, мал қарайтын шабандардың қасына бізді қосып қойып, тәжірибеден өткізетін. Ауылдағы ағалардың жанында жүріп-ақ тракторды айдауды, жөндеуді, бәрін меңгеріп шықтық. Кейін жұмысқа келгенде дайын маман болып келдік. Ауылдың үлкендері бізге жол көрсетіп, өмір деген үлкен мектепке дайындап жіберетін еді. Соның нәтижесін көрген ұрпақпыз, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Біз 38-ші жол пайдалану бөліміне Сәлім ағаны іздеп келген едік. Келсек, біздің кейіпкеріміз үлкен сары тракторын тізгіндеп, жұмыс істеп жатыр екен. Ағаны жұмыстан алаңдатпай, алыстан күтіп тұрдық.
Айналасында не болып жатқанымен шаруасы жоқ. Өзімен-өзі біз түсінбейтін темір-терсектердің атын айтып, күбірлеп жұмыс істеп жүрген Сәлім ағай туралы әріптестері де жылы лебізін білдірді.
– Сәлім – шаруаның адамы. Бір жақсы қасиеті – артық сөзі жоқ. Ешкіммен ұрыспайды, мінезі өте жұмсақ. Азаматтығы бір төбе. Осындағы көмекке мұқтаж жігіттің бәріне Сәлім қол ұшын береді. Алты жылдан бері бірге жұмыс істейміз. Маған Сәлімнің еңбекқорлығы ұнайды. Бұл ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуге келгенде өте шебер. Білмейтіні – жердің астында, – дейді әріптесі Қуаныш Тоқжанов.
Сәлім ағаймен тілдесудің сәті түсті. Ә дегеннен кейіпкеріміз әңгімесін: «Мына трактордың тежегіші кетіп қалған. Соны ауыстырып жатырмын, – деп бастады. – Негізі, көлікті жөндеу деген әртүрлі болады. Егер бөлшек заттар болса, бір күнде жөндеп шығарамыз. Көбіне бөлшектері табылмай, тұрып қалатын кездері болады. Өзіміз тізгіндейтін көлікті өзіміз қарап, жөндеп аламыз. Бізді сол үшін оқытты», – дейді.
Облыстағы 38-ші жол пайдалану бөлімінде қарапайым жұмысшы азаматтар еңбек етеді. Олар күндіз-түні жолдың тазалығы мен қауіпсіздігі үшін жұмыс істейді. Бұл ұжымдағы қарапайым жұмысшылар қыс бойы үйдің бетін көрмейді. Қарлы боранда жол аршиды, мұзды күндері сол жолдың мұзын ояды, құм, тұз себеді.
– Біздің мекемеде 68 жұмысшы маман бар. Бұлардың дені – ауыр техникаларды басқаратын көлік жүргізушілері. Жол пайдалану мекемесі болған соң бізде ауыр техника өте көп. Кешегі су тасқыны кезінде де біздің ұжым елмен бірдей тасқынға қарсы жұмыстарға араласты. Біздің әріптесіміз Сәлім Жұбаниязов та су тасқыны кезінде елмен бірдей жүрді. Себебі ол трактор басқарады. Сол трактормен жыра жырту, құм тасу жұмыстарына кірісіп кетті. Ал сол кезде оның өз үйі де суға кетіп жатты. Ол – сондай адам, біреуге болсын деп шауып жүреді, – дейді жол пайдалану бөлімінің басшысы Роллан Бектеміров.
Сәлім Жұбаниязов мектепті 1984 жылы сол Тоғанас ауылынан бітірген. Мектепті бітірген кезде механизатор мамандығын қоса алып шыққан. Мектептегі жылдарын есіне алған Сәлім ағай «бұрын мектепте қоғамға қажетті мамандарды оқытып, қолымызға куәлігімізді ұстатып жіберетін еді» деп еске алады. Өкінішке қарай, қазір бұл дәстүр үзіліп қалды. Мектеп бітірген балалар бұрынғыдай бір саланың маманы деген диплом алып шықпайды. Тек жұмысшы мамандарды колледждерде оқытады.
Президент жұмысшы мамандарын көтеруді тапсырды. Болашақта қол еңбегі бағаланып, ауыр жұмыстағы қарапайым мамандардың жалақысы да артар деген үмітіміз бар. Өкінішке қарай, қазір жұмысшы мамандардың жалақысы мардымсыз, ал олардың құқығы туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Тек 2024 жылы БҚО еңбек инспекциясына 614 шағым келіп түскен. Бұлардың дені – қарапайым жұмысшылардан. Олардың ішінде жалақыны уақытылы ала аламау, заңсыз жұмыстан шығару, еңбек демалысын уақытылы бермеу секілді бағыттардан тұрады.
Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Арман Тұйғымбетовтің айтуынша, тек биылғы жылдың алты айында өндіріс ошақтарында 26 қайғылы жағдай тіркелген, салдарынан 31 адам зардап шегіп, 20 адам ауыр дене жарақатын алса, екі адам қайтыс болған. Бұлардың бәрі де өндіріс ошақтарында тіркеліп отырған жайттар. Өкінішке қарай, біздің елде әзірге қарапайым жұмысшылар үшін қауіпсіздік, адам құқығы деген мәселелер толыққанды орындалмай отыр.
– Қазіргі бағамен салыстырсақ, біздің жалақымыз түкке тұрмайды. Кешегі су тасқынынан кейін баға деген өсіп кетті. Құрылыс материалдары ғана қымбаттаған жоқ, тамақтың да бағасын өсіріп жіберді. Бірақ жалақы сол күйінде қалды. Біз қол еңбегінің адамдарымыз. Жалақымыз жұмысымызға сай болса жақсы ғой, – дейді Сәлім Жұбаниязов.
Біз бас сұққан 38-ші жол пайдалану бөлімінде соңғы жылдары техниканың 70 пайызын жаңартқан. Мекеме басшылығы қатардағы қарапайым жұмысшыларға барынша қолдау білдіріп келе жатқанын айтады.
Иә, біздің кейіпкеріміз Сәлім Жұбаниязов та ала таңнан кешке дейін қол еңбегін жасайды. Жұмысшылардың еңбегі ауыр. Кейде шаршатады, қажытады. Белі бүгіліп, талып тұрса да, ешкімге жоқ демейтін осындай мейірімді, кең жүректі адамдардың арқасында қоғам өркендеп келеді.
Әлемді мейірім құтқаратынының дәлелі осы болса керек.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы