Президент әлемдік ауқымда өтіп жатқан ірі дода дала өркениетін дүниежүзіне паш ететінін айрықша атап өтті.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер-жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.
Бірінші жарыс күнінде спортшылар жамбы ату спортының мажар стилінен бақ сынады. Атпен жүйткіп келе жатып нысана көздеу спорты 4 стильде өтеді. 27 мемлекеттен келген 78 мерген 11 топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтаған сайыстың алғашқы алтыны франциялықтарға бұйырды. Оны спортшы Рафаэль Малет еншілесе, екінші жүлделі орын Моңғолиядан келген спортшыға бұйырды. Ал қола медальды де француз спортшысы иеленді. Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тұрлыбеков өнер көрсетті. Соның ішінде А.Тұрлыбеков үздік бестіктің қатарынан көрінді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екінші күнінде әр елден келген спортшылар спорттың 7 түрінен сынға түсті: көкпар, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, мас-рестлинг, асық ату, кураш және қазақ күресі.
Жамбы ату. Көшпенділер ойындарында айрықша назар аударатын спорт түрінің бірі – жамбы ату. Оның басты ерекшелігі – ат үстінде нысана көздеу. Осындай көптің назары ауып отырған жамбы атудан Батыр Бексауыт Көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Ал қазақстандық Айтбек Сарыбай мен Ералхан Айкөз қола жүлдені қанжығасына байлады.
Дәстүрлі садақ ату. «Арғымақ» ат-спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекеге 33 мемлекеттен 180 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы ел намысын қорғап, үш садақшы «Пута» нысанасы бойынша финалға шықты. Кеше «Пута» нысанасы бойынша (ерлер – 70 метр, әйелдер – 60 метр) жарыста ерлер арасында қазақстандық Қасымхан Қанат пен Жәнібек Құлмырзаев, ал әйелдер арасында Айкөркем Батихан финалға шықты. Соның ішінде Жәнібек Құлмырзаев алтын медальға, Қасымхан Қанат пен Айкөркем Батихан қола медальға ие болды.
Көкпар. Сонымен қатар кеше 9 мемлекеттен 104 спортшысы көкпардан өзара мықтыны анықтау мақсатында сынға түсті. Бұл ойыннан бақ сынайтын Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия құрамалары. Көкпар қорытындысы 12 қыркүйекте белгілі болады. Ал іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Өзбекстан командасын ірі есеппен жеңіп, 16:0 есебімен басым түсті.
Аударыспақ. Астана қаласында ипподром маңындағы этноауылда өткен аударыспаққа 9 мемлекеттен 64 спортшы тіркелді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Ел намысын қорғаған Қазақстан ұлттық құрамасының үш бірдей спортшысы финалға өтті. 60 келі салмақта сынға түскен Ермек Құралбай алтын медальға ие болды. Бұл Қазақстанның Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алғашқы медалі. Ермек Құралбай финалда Қырғызстан спортшысы Жекшенбек Тұрдыбековті жеңді. Алмат Ләтіпбек екінші алтынды еншілесе, аударыспақтан үшінші алтын жүлдеге Дарын Өткелбай қол жеткізді. Бүгін Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынға түседі.
Қазақ күресі. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы бәсекеге шықты. Қазақ күресінен кеше сынға түскен барлық спортшы финалға шықты. Әйелдер арасындағы 48 келі салмақта Айжан Жылқыбаева, Назерке Азаматова, Рауза Нұрмахамметова, ерлер арасында 55 келі салмақта Бекжан Төлепов алтын медаль иеленіп, ел мерейін асырды. Айта кету керек, бүгін аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсысы 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Мас-рестлинг. Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен жарысқа 31 мемлекеттен 98 спортшы қатысады. Аталған спорт түріне Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 8 спортшы сынға түседі. Олар – Темірлан Шамет, Асылмұрат Бірімжан, Владислав Герасимов, Бердіқұл Алтай, Еркебұлан Ерлан, Жансая Рахметуллаева, Тахмина Кожамбердиева және Ольга Душаева. Қорытынды нәтиже бойынша, ерлер арасында 65 келі салмақ дәрежесінде Бірімжан Асылмұрат пен әйелдер арасында 55 келі салмақ дәрежесінде отандық спортшы Тахмина Кожамбердиева Көшпенділер ойындарының қола жүлдегерлері атанды.
Әзірге Көшпенділер ойындарына қатысушы Қазақстан құрамасының қоржыны барлығы 14 медаль, оның 9-ы алтынмен толығып отыр.
Бет қатталып жатқанда: Қазақ күресінен Дидар Тұқышев, Бақыт Құсақбаева, Мейіржан Берекетов, Жұмажан Қожамбеков Көшпенділер ойынының чемпионы атанып, алтын медальға ие болды. Кураш спорт түрі бойынша Альбина Бахиева, Марат Байкамуров алтын иемденіп, Ажар Салықова күміс жүлдегер атанды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ