Әлемдегі дамыған бірқатар мемлекеттерде бірнеше АЭС бар екенін, оларда жұмыс ешқандай зиянсыз жүргізіліп жатқанын айтқан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев ғылыми тұрғыда түсіндіріп өтті.
Референдум мақсаты түсіндірілді
492
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атом электр станциясын салуға қатысты халық таңдауын жасауы үшін референдум өткізуді тапсырған болатын. АЭС салу туралы ел ішінде түрлі пікірлер мен сұрақтар көп. Осыған орай, референдумнан бұрын жұртшылықтың пікірін тыңдап, сұрақтарына дәлелді жауап беріліп, АЭС салудың артықшылықтары мен залалсыздығын түсіндіру үшін облыстық штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын бастады.

Алғашқы кездесу Тараз қалалық электр желілері мекемесінің жұмысшыларымен өтті. Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды.

– Бұған дейінгі Президенттің халыққа арнаған Жолдауларынан халық қандай әлеуметтік қолдаулар болатынын, зейнетақы, жәрдемақылардың қаншалықты көбейетінін күтетін. Бұл жолғы Жолдау заң, тәртіп, экономика тұрғысына басымдық берілуімен ерекше болды. АЭС салу туралы Президент мамандарға терең зерттеуді бұдан бұрын тапсырып, осы мәселені халықтың алдына қойды. Бұл да халық үніне құлақ асатын мемлекет екенінің бір көрінісі. Осыған байланысты ел ішінде атом электр станциясының зардаптары болатыны, орналасқан жеріндегі көлдің суы тартылып кетпей ме деген сұрақтар туындады. Оның бәрі де мамандардың зерттеуімен қарастырылып, АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатыны түсіндіріліп жатыр, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.

Әлемдегі дамыған бірқатар мемлекеттерде бірнеше АЭС бар екенін, оларда жұмыс ешқандай зиянсыз жүргізіліп жатқанын айтқан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев ғылыми тұрғыда түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде дамудың даңғыл жолындағы Қытайда 56 АЭС барын және 27-сі салынып жатқанын айтып, басқа да мемлекеттерді мысал ретінде атады. Электр энергиясының тапшылығы күн сайын сезіліп келе жатқанын айтқан ғалым біздің ел бүгінде жылу электр станцияларын пайдаланып отырғанын айтып өтті. Олардың бәрі 70-80 жылдары салынғандықтан, тозығы жеткен. Ал, жылу үшін қолданылатын көмірден шығатын зияндылық бөлек мәселе. Егер АЭС салынған жағдайда энергия өндірумен қатар, көптеген тұрғындарға тұрақты жұмыс орыны ашылатыны және жылу үшін пайдаланылатын отыннан шығатын зияндылықтардан құтылатынымыз да осы жиында кеңінен түсіндірілді.

Дәл осындай жиын медицина саласының қызметкерлерімен «Мейірім» медициналық орталығында да өтті. Ондағы кездесуге қатысушылардың сұрақтарына да ғылыми негізде дәлелденген жауаптар берілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.