Бұл туралы Ақмоладағы облыстық Халықтық штаб мүшесі Бауыржан Ыбыраев айтты.
АЭС басқа стансаларға қарағанда, экологиялық таза – Халықтық штаб
501
оқылды

Жуырда "AMANAT" партиясының атсалысуымен Халықтық штаб құрылған еді. Қазір штаб әр өңірде кездесу өткізіп жатыр. Көкшетауда АЭС құрылысын қолдау жөніндегі облыстық халықтық штабтың үгіт-насихат жұмысы аясында қала мектептерінің ұстаздарымен және денсаулық саласының қызметкерлерімен кездесу өтті,- деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесуде облыстық халықтық штабтың мүшесі Серік Кәкенов АЭС құрылысының маңызы мен қажетін түсіндіріп, АЭС құрылысы елдің экономикасы мен энергетикалық қуатын арттыратынын тілге тиек етті.

«АЭС – болашақта елді энергетикалық тәуелділіктен алып шығатын зор мүмкіндік. Жасыл энергия көзіне жататын атом электростансасын салу арқылы ғалымдар бірнеше мәселені шешуге болатынын айтып отыр»,-деді кездесуде сөз алған штаб мүшесі Умар Шоназаров.

Сарапшы мамандар станса салу арқылы экология мәселесін тиімді шешуге болатынын айтады.

«Мұндай орталықтар көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Осыны ескерген дамыған мемлекеттер ауаны қалай тазартудың жолын атом орталықтары арқылы іздеуге көшкен. Атом электр стансасы – басқа стансаларға қарағанда экологиялық таза. Өздеріңіз білесіздер, АҚШ болсын, Еуропадағы біраз ел, соның ішінде Франция 70%-ға дейін электр энергиясын АЭС-тен алады. Ол жерде бірде-бір радиацияның шығуы, басқа да жағдайлар болып жатқан жоқ»,- дейді облыстық халықтық штаб мүшесі Бауыржан Ыбыраев.

Ақмола облыстық халықтық штаб мүшелерімен кездесуде дәрігерлер мен медицина қызметкерлері белсенділік танытып, штаб мүшелеріне АЭС-тің қоршаған ортаға тигізер зияны мен пайдасы, радиоактив қалдықтар және нысанның салынатын орны, тариф жайлы сұрақтарын қойды.

Кездесу барысында АЭС құрылысына қатысты түрлі пікір айтылды. 

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Ақмола облысының түкпір-түкпірін аралап, елімізде АЭС салу арқылы болашаққа нық қадам жасаудың маңызын түсіндірді.