Айтпасам азаматтың аты өледі

Қайраткер, халықтың нағыз жанашыры бола білген Нұртас Оңда­сынов­тың туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Азаматтың, Нұртас ағадай нар тұлғаның атын өлтірмей, естіп-білгенімді көпке айтуды парыз санадым. Бүгінгі жастар, ертеңгі ел билейтін басшылар, соларға сабақ болса екен, үлгі алса екен деген ілгері ниет қана мендегі.

Біздің отбасымыз Маңғыстау ауданының «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхозда тұрды. Әкем Балықбай Серікбаев осы колхозда ферма мең­геру­шісі еді. Мен мектепті бітірген соң шоферлық курсты оқып, машина жүргізушісі болып қызмет ат­қардым. Бір күні әкем: «жинал, екеуміз Гурьевке барып келеміз», – деді. Есімде, бұл 1964 жылдың қазан айының екісі болатын. Аудан орталығы Таушық бізден 35 шақырым қашықтықта, сондағы аэропортқа әкем екеуміз келдік. Аэропортта бізді Маңғыстау өңіріне белгілі құрметті азамат Хиту Бекжанов ағамыз күтіп отыр екен. Содан үшеуміз Гурьев қаласына АН-2 самолетімен ұштық. Ол жерде алдымыздан бір жас жігіт шығып күтіп алды, астында «ГАЗ-69» автокөлігі бар екен, бізді соған отырғызып жатып: «...Құлсарыға барамыз, жол ұзақ, екі жүз шақырымдай жүреміз. Егер ас-су ішіп аламыз десеңіздер дәмханаға апарайын», – деді. Хиту аға: «ас-суды сонда барып ішерміз, үлкен кісілер күтіп отырған шығар... Жүре бер, қалқам», – деді.

Ол кезде Гурьев пен Құлсары ортасында жөнді жол да жоқ, үш-төрт сағатта зорға жеттік-ау. Бір үй­дің есігінің алдына келіп тоқтадық. Әкем мен Хиту аға үйге беттеді, мен арттарынан еріп келемін. Үйдің ішінен абыр-дабыр адамдардың дауысы шығады. Үлкен бөлмеге кірдік. Бірден көзім төрде отырған Нұртас Оңдасыновқа түсті, тани кеттім. Өйткені Нұртас аға біздің жаққа да талай келген, үйімізде қонақ та болған. Әкем екеуінің бір-біріне деген сый-құрметі барын сезетінмін. Отырғандардың бәрі орындарынан тұрып әкем мен Хиту ағамен жамырай амандасты. Нұртас аға болса маған қарап: «мына батыр да келіп қалған ба?!» – деп, жылы шырай танытты. 

Дастарханның үсті түрлі тағамдарға толы. Қарным ашып келген мен жан-жағыма қарамай тамақты жеп жатырмын, бала емеспін бе. Үлкендер болса әңгі­ме-дүкен құрып отыр, назардың бәрі төрдегі Нұртас ағада. Әңгімелерінің бірін ұқсам, бірін ұқпаймын. Сөйтсем, бұл үй Жылыой ауданының бірінші хатшысы Саламат Мұқашевтың отаны екен. Саламаттың әкесі Көңілқош аға Нұртас ағамен түйдей құрдас болып шықты. Екеуі бір-біріне қалжың айтып қояды, оған басқалары ду күліседі. Жинал­ғандардың сәнді киініп, салтанатты отырыстары, улап-шуламай, байсалды әңгіме-дүкен құрулары маған қатты ұнады. Көбіне Нұртас аға сөйлейді, басқалары ынта қоя тыңдайды. Неге екенін білмеймін, қаншама жылдар өтсе де осы бір сәт санамда тура кеше­гідей сайрап тұрады, ұмытпаймын. 

Бұл жиналыстың мәнісі өткен жылы зейнеткерлікке шығып, Мәскеуге көшіп кеткен Нұртас Оңдасынов ағаны ел азаматтары арнайы қонаққа шақырып, 60-қа толған жасын «өзім» деген аз ғана адаммен тойлап отырған сәттері екен. Менің әкем мен Хиту ағаны да «сендер де қатысыңдар» деп арнайы шақырған болып тұр ғой. «Жақсыны көрмек үшін!». Әкем жарықтықтың мені тастамай алып баруының сыры – жақсыларды көзімен көріп, әңгімесін тыңда­сын деген қазақи тәрбие кәдімгі.

Содан Нұртас ағаның қасында бір күн болып, біздер келген жолымызбен Маңғыстауға қайттық. Самолеттің ішінде әкемнен Нұртас аға туралы көбірек білгім келіп әңгіме сұрадым. Әкем жол қыс­қарсын деген де ойы болған болуы керек, бетімнен қақпай Нұртас аға туралы көп әңгіме айтты: 

– Е, балам, бұл кісінің Атырауға бастық болып келгені халықтың бағы болды ғой. Әлі де қызмет жасай беретін еді, Мәскеудегі Хрущев деген партияның басшысы соңына түсіп, 58 жасында зейнеткерлікке шығарып жіберді. Мына келісі – өзінің өсіріп кеткен шәкірттері Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Рах­мет Өтесінов, Сафи Өтебаевтар... арнайы қонақ­тыққа шақырған ғой. Жаңа солардың біразын көрдің...

Қазақстанның Үкіметін 13 жыл басқарып, Гурьевтің өзін­де сегіз жылға жуық қызмет істеген адамның халыққа сіңірген еңбегі бар шығар. Бірақ сол дұрыстап аталып, адам сияқты зейнеткерлікке шы­ғарып салынбады. Алматыдан келген Орталық комитет­тің өкілі «денсаулығына байланысты Нұртас Дәндібайұлының өз өтініші бойынша қызметтен босатылды» деп, жиналған көпшілікке республикаға сіңірген еңбегі жайлы бір ауыз да айтпай, он-он бес минутта қызметтен босата салды. Хрушевтің ызғары­нан қорыққандары ғой. Нұртас аға бір-екі чемодан кітабын жинады да, Мәскеуге көшіп кетті. Неге Қа­зақ­станда қалмады? Республика Үкіметі тарапынан көңіл бөлінбеді, қамқорлық болмады-ау деп ойлаймын. Негізі, Нұрекең елде қалуы керек еді, сол жағы дұрыс болмады. Сол олқылықтың орнын толтырмақ болған ел азаматтарының қонаққа шақырып, көрсеткен құрмет­тері ғой бұл... 

Шыны керек, жеті-сегіз жыл ішінде Атырау, Маң­ғыстау өңірі түрленіп кетті емес пе?! Келе салы­сы­мен Жайықтың жағасында тұрып, қаланы көгал­дандырмау, ағаш өсірмеу дұрыс емес деп, мекемелерге тапсырма беріп, өзі күні-түні қадағалап, екі-үш жылдың ішінде Гурьевті өзіміз танымай қалдық. Жасыл желекті қалаға айналды. Жеміс-жидек, көк­өніссіз, айран-сүтсіз қалай өмір сүруге болады деп, қаланың қасындағы Теңдік колхозының шаруа­шы­лығын жаңаша бағытқа бұрды, соның арқасында жаздың ортасынан бастап дүкендерде: картоп, пияз, қияр, памидор, алмаға толып тұрды, айран-сүт те молынан сатыла бастады.

Сазға батып жатқан қаланың жолдары асфальталып, жаңадан тұрғын үйлер көптеп салынды. Үлкен Үкі­мет­тің алдына Гурьев облысының экономикасы мен мәдениетін көтеру жөнінде мәселе қойып, мол қара­жат бөлінуін талап етті. Қаражат келісімен жаңадан мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері салына бастады. Әрбір ауданнан музыка мектептері ашылды. Жиналыс сайын «ел іші – өнер кеніші» дегенді жиі айтып, талапты ән салатын, домбырада ойнайтын балаларды іздей жүріңдер, тәрбиелеңдер, облысымыздың атын шығаратын солар» дегенді аудан, колхоз басшыларына айтудан жалықпайтын. 

Өз басым риза болатыным, «Дина мен Құрманғазы­ның елінде ұлт- аспаптар оркестрі неге жоқ, бұл ұят қой» деп, келісімен қолға алады. Содан барша облыс көлемінде көркемөнерпаздар байқауы өтті. Ауыл-ауылда, одан соң аудандарда өнердің түр-түрінен байқаулар болды, одан озып шыққандар Гурьевтің басында өткен фестивальге қатысты. Орталық стадионда 500 домбырашы қатысқан концерттің жөні тіптен бөлек болды. Бұл бір облыс халқы үшін сер­піліс, көңіл күйдің шалқыған сәті еді. Ұмытпаймын! Фестивальге қатысқан қаншама домбырашы, әнші жастардың таланты байқалып, Мәскеуде өткен Бүкіл­одақтық жастар фестиваліне қатысты емес пе! Оркестрді басқаруға Алматыдан оқу бітіріп жатқан атыраулық жастарды, ерлі-зайыпты Раушан мен Сейілхан Құсайыновтарды шақырып, бірден пәтер беріп, жағдайларын жасады. Олар көп жыл сол оркестрді басқарып, қаншама өнерлі жастарды тәрбиелеп шығарды.

Ал Астрахань облысында жермен-жексен болып жатқан Құрманғазы бейітінің басына күмбез тұрғызып, оның ашылуына Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиевты Алматыдан шақырып алып және облыстың біраз адам­дарын жіберді. Бұл бір әруақты қадірлеген, өнерге бас иген күн болды. Ойлап қоямын, Құрман­ғазы­ның әруағы Нұртас Дәндібайұлына риза шығар деп...

Осы тұста манадан «тыңдаушы» болып отырған Хиту ағам әңгімеге араласты:

– Ой, Балықбай-ау, Нұрекеңнің өндіріс пен мал шаруашылығына қосқан үлесін айтсайшы... ұшан-теңіз ғой... Нұрекең келісімен Маңғыстау даласын аралап шықты, халықтың жағдайын өз көзімен көрді. «Өндірісті көтермей, халықтың жағдайы жақсармайды екен» деп Орталық Комитеттің алдына мәселе қойды емес пе. Ой, содан кейін Маңғыстаудың даласына геологтар қаптасын-ай! Кешікпей кен орын­­дары да бірінен соң бірі табыла бастады. Әсіресе, 1961 жылы Жетібай мен Өзеннен мұнайдың мол қоры табылып, Маңғыстаудың аты әлемге танылды. Жаңаөзен қаласының іргесі қаланды, жан-жақтан түрлі мамандықтың адамдары келіп жаңа қаланың тұрғынына айналды. Өндірістің дамуымен қарым-қатынас күшейді, Атырау мен Маңғыстаудың ортасына асфальт жол керек болды, оны мәселе етіп Үкімет алдына қойды... 

Мына бір оқиғаны да маңғыстаулықтар ұмытпайды. Соғыс жылдарында Нұртас Оңдасынов Маңғыстауға келеді, Үстірттің қойнау-қойнауында жатқан малшы­ларды аралап, жағдайларын біледі. Малшы­лардың балалары жан-жақтан келіп оқитын Тельман орталау мектебінің жағдайын көріп, көңілі толмайды. Содан мектеп директоры Нәдір Нұрғалиевқа «Алматыға барған соң ақша бөлгіземін, мектеп үйін жөндеңіз» деп кетеді. Айтқандай-ақ қаражат келіп, мектеп жақсылап жөнделеді. Енді біраз жыл өткен соң өзі Гурьевке басшы болып келген кезде сол мектепті арнайы келіп көреді. Директор Нұрғалиевтің ісіне қанағаттанған болуы керек, облыстың Мәдениет басқармасын басқаруға шақырады. Халыққа жақын басшының әрекеті емес пе бұл. 

Сосын, бұл кісі ауыл шаруашылығына аса көп көңіл бөлді. Оның сыры да бар еді. 1949 жылы қыс мезгілінде қатты суық болып, Атырау мен Маңғыстау­дың малы қырылып қалды, тіптен таяғын ұстап қал­­ған қойшылар да болды. Енді соның орнын тол­­тыру үшін Нұрекең көп жұмыстанды. Мал басын көбейтудің жолдарын қарастырды, жиындар өткізіп біздерді оған қатыстырып отырды. Тіптен, ғалымдарды шақырып, мал басын ғылыми жолмен көбейтуді міндеттеді. Содан малшылар жаз жайлауға, қыс қыстауға шығып, малдың шөбі шалғын тың жерлерде жайылуын әдетке айналдырды. Қолдан ұрықтандыру арқылы, малдың басы көбейіп, даламыз малға толды, балам. Бұны халықтың қамын жеген нағыз басшы деп қалай айтпайсың. 

Саған мына бір қызық жәйтті айтайын, бірде Нұре­кең облыстағы «Передовик» колхозына барады. Сүт фермасында болады. Жып-жинақы, сауыншылары да тап-таза, мұнтаздай адамдарды көріп риза болады. Колхоз бастығы Сағидолла Құбашевпен сөйлесіп, басқа шаруашылықтарды да аралайды. Қысқасы, Сағидолланың жұмысты ұйымдастыруы ұнайды да, ақырында облыстық Атқару комитетін басқаруды ұсынады. Мұндай шешім колхоздың басшылығынан бірден жоғары лауазымға әкелу бұрын-соңды тарихта болмаған оқиға. Бәріміз таңғалдық! Нұрекеңнің батыл­дығына риза болдық. 

Ой, Нұрекеңнің Маңғыстау халқына жасаған жақсылығы шексіз ғой. Нұрекең біздің төкпе-жырау Мұрын Сеңгірбекұлын Алматыға алдыртып, «Қырым­ның қырық батыры» жырын таспаға жаздыртып алды. Және маңғыстаулық ақын Сәттіғұл Жаңғабыл­­­ұлының дарынын жоғары бағалап, оның «халық ақыны» атануына да Нұрекең себепкер болған. «Алла, құдай» дегенді айтуға қорқып жүргенде Нұре­кең – діндар-абыз Ержан Қазіретке арнайы барып сәлем берген жалғыз басшы. Бұған да бәріміз таңғал­ғанбыз. 

Нұрекең жақсы бір іс бастады, облыста мектептер жетіспегендіктен, ол «спутник» мектептер салуды қолға алды. Ескі мектептің қасынан жаңа мектеп салуды әрбір шаруашылық, өндіріс мекемелеріне жүктеді. Оңдасыновтың бұл идеясы кейіннен республика көлемінде қолдау тауып, «спутник» мектептер көбейді. Тұрғын үйді көптеп салғызды. Адамдар шатырланған үйге көшіп, тұрмыстары жақсарып қалды. 

Тағы бір маңызды ісі, теңіз тартылып балықшы­лардың жағдайы мүлдем төмен болып кеткен-ді. Міне, Оңдасынов Жайықтың жағасындағы қырлау жерге үйлер салғызып, балықшыларды соған көшіртті. Бұл қайсыбір басшының батылы да, шамасы да келмейтін үлкен іс еді. Бұрын Үкімет басқарып, үл­кен шаруалар шешіп үйренген адамның ғана қолы­нан келетін іс. Бұл кісінің іскерлігін Мәскеудегі Молотов, Микоян, Ворошиловтар бағалады ғой... 

«Рыбокомбинаттың» жағдайын жақсартты, жаңа техникалар сатып алып, балықшылардың бейнетін азайтты. Oсының бәріне қаражат тауып, аз уақытта елдің жағдайын біршама көтеріп тастаған Оңдасыновты Атырау, Маңғыстау халқы қатты сыйлады, құрметтеді...

Балам, 13 жыл республиканың Үкіметін басқарған Нұртас Дәндібайұлы туралы әңгіме бұдан да көп. Біз Маңғыстау мен Атырау өңірінде бітірген шаруа­сының біразына ғана тоқталдық. Осының өзінен-ақ халықтың тағдыры қолына тиген нағыз басшының қандай болу керегін ұққан боларсың, Тоқтарбай мырза, – деп маған қарап Хиту ағам қуақыланып, жымиып қойды. 

Менің көз алдымнан Саламат ағаның төрінде маңдайы жарқырап, баяғының батырларынша қасқайып отырған Нұртас ағаның бейнесі көпке дейін кетпей, ақыры санамда өшпестей болып сақталып қалды. Осыдан кейін Нұртас Оңдасынов деген есімді естісем құлағымды түре қалатын болдым. Маңғыстауда бұл кісі туралы аңыз әңгімелер өте көп.

Әкемнің ерке баласы болып, білім қумай, мектеп бітірген соң машина жүргізушісі, анығын айтсам, шофер болып кеттім деп жоғарыда айттым ғой. Талай бастықтың мәшинесін жүргізіп, оларды Маң­ғыстаудан Гурьевте өтетін жиналыс-жиынға талай тасыдым. Шоферлар, бәріміз жиналыстан шығатын бастықтарымызды күтіп, әңгіме-дүкен құрып отырамыз ғой баяғы. Содай бір сәттерде мен Нұртас ағаның шоферы болған Николай Захаров деген адаммен таныстым. Ол Нұртас аға туралы турасын айтсам, аузының суы құрып әңгімелейді. Бір әңгімесі мынадай: бірде Нұрекең Маңғыстауды аралап жүріп, бір қойшының үйіне қонады. Әлгі шопан екеуі түнімен Николай түсінбейтін бір тілдерде сөйлесіп шығады. Қазақша білемін деп малданып жүрген шофер олардың не айтып жатқанын ұқпай, бірақ екеуінің – қойшы мен хатшының осыншама тіл табысып кеткеніне таңғалады. Таңертең Нұрекең Николайға: «Мына шопанның білігі менен артық екен, біз түнімен араб, парсы, түрік, өзбек тілдерінде сөйлестік. Біз оқымысты адамдарды қаладан іздеп жүрсек, ол қате екен, нағыз оқымыстылар далада екен», – депті.  

Мен Николай сөзіне аса илана қоймап едім, кей­ін Нұрекеңнің түрікшеден аударған «Бұ адам», «Арабша–парсыша–қазақша түсіндірме сөздіктері» қолыма түскенде ол кісінің көп тіл білетініне иландым, тәнті болдым. 

Тоқтарбай БАЛЫҚБАЙҰЛЫ,

 еңбек ардагері