Себебі маймыл шешегі ауруы уақыт өткен сайын белең алып, адам шығынына әкеліп соғуда. Қауіпті бәлекеттің адамзат өміріне орасан зор залалын түсінген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус маймыл шешек эпидетін халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады. Қазір маймыл шешегінің жаңа түрінің Африканың өзге мекендеріне немесе көрші елдерге тарап кетуі – денсаулық сақтау саласы өкілдерін алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі.
Маймыл шешегі әлемнің 116 елінде тіркелген
Таяуда ДДСҰ маймыл шешегі әлемнің 116 елінде тіркелгенін мәлімдеді. Әсіресе, Африкада ахуал өршіп тұр. Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары мамандары жыл басынан бері «қара құрлықта» маймыл шешегін шамамен 23 мыңға жуық адам жұқтырса, оның 622-сі көз жұмғанын жеткізді. Ресми деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде Африкада ауруды аптасына 4 мыңға жуық адам жұқтырады. Биыл тамыз айының соңында мұнда маймыл шешегіне шалдыққан науқастар саны 200 пайызға дейін артқаны белгілі болды.
Қазір маймыл шешегі ауруын алдын алуға бағытталған түрлі іс-шара бойынша еліміз де тысқары қалған жоқ. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов жұқпалы індеттің таралуына қатысты қаулы қабылдаған еді. Қаулы негізінде енді жергілікті атқарушы органдар маймыл шешегі ауруына күдікті адамдарды анықтауға, эпидемиологиялық анамнез жинауға, байланыста болған адамдарды оқшаулауға, сондай-ақ емдеуге міндетті. Онымен қоса, соңғы 21 күн ішінде шетелге, соның ішінде маймыл шешегі дерті жайлаған эпидемиялық елдерге барып-келген азаматтар медициналық бақылауға алынады.
Инфекция ең алдымен ауа тамшысы арқылы жұғуы мүмкін
Әлемде жұқпалы дерттің өршігені туралы ақпарат жария болған уақыттан бастап елімізде маймыл шешегіне байланысты түрлі қауесеттің тарағаны рас. Әлеуметтік желілерде «елде бетперде режимі енгізіледі, оқу орындарында сабақ онлайн форматқа көшірілуі мүмкін» деген сияқты ресми расталмаған ақпараттар саны көбейді. Мамандар маймыл шешегі қауіпті ауру түрі екенін, сонымен қоса бұл дерт осы күнге дейін еліміздің медицина тәжірибесінде мүлде кездеспегенін алға тартады. Сондықтан аурудан төнер қауіп пен оның салдары туралы ел ішінде ақпараттық жұмыстың жүргізілуі дәл қазіргі кезеңде өте маңызды. Медицина саласының өкілдері егер жұқпалы дерт Қазақстанға да жетіп, алайда мемлекет ауруды еңсеруге іс жүзінде дайын болмаса, ел азаматтарына да, медицина мамандарына да қиындық тудыратынын айтады. Біз осы ретте дерттен келер қауіп пен аурудан сақтану жолдары, маймыл шешегінің таралуы бойынша Алматы қаласындағы қазіргі ахуал турасында білу үшін Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне байланысқа шыққан едік. Департамент өкілі әзірге Алматы қаласында маймыл шешегін жұқтыру бойынша деректер тіркелмегенін мәлімдеді. Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова негізінен инфекция адам ағзасына бірнеше жолмен жұғатынын атап өтті. Сондықтан да әлемде маймыл шешегінің таралу қарқыны әзірге төмендемей тұр.
– Инфекция ең алдымен ауа тамшысы арқылы жұғуы мүмкін. Вирус ұзақ уақыт бойы бір бөлмеде болған жағдайда тыныс алу кезінде бөлінетін тамшы бөлшектері немесе аэрозольдері арқылы адам ағзасына енеді. Екіншіден, қарым-қатынас арқылы жұғады. Бұл дегеніміз – «бетпе-бет» байланыс (сөйлесу немесе тыныс алу кезінде), теріге жанасу (жанасу немесе жыныстық қарым-қатынас арқылы), «ауыздан ауызға» жанасу (сүйісу арқылы), «ауыздан теріге» жанасу (жыныстық қарым-қатынас немесе тері бетінен сүйісу арқылы) кезінде таралады. Үшіншіден, инфекция алиментарлық жолмен берілуі мүмкін. Бұл көбіне мұқият термиялық өңдеуден өтпеген жануарлардың етін жеген кезде болатын жағдай, – дейді ол.
Одан өзге маймыл шешегі адамға ауру жануарлардың тістеуі немесе тырнауы арқылы, аң аулау, терісін алу, тамақ дайындау, терісімен жұмыс істеу немесе жануарлардың етін жеген кезде жұғады.
– Жануарлар популяциясындағы вирус айналымының ауқымы толық белгілі емес. Қазір одан әрі зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Адамдарға маймыл шешегі киім-кешек немесе төсек-орын сияқты ластанған заттардан, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінде, тату салондары сияқты қоғамдық орындарда өткір құралдардан жарақат алу кезінде жұғуы мүмкін, – дейді Ә. Қалықова.
Ауру клиникалық көрініс бермеуі де мүмкін
Әсел Тоқанқызының айтуынша, вирус денеге зақымдалған тері, шырышты қабаттар (ауыз қуысы, жұтқыншақ, көз, жыныс мүшелері, анус және тік ішек) немесе тыныс алу жолдары арқылы енеді. Маймыл шешегі отбасы мүшелері мен жыныстық серіктестерге берілуі ықтимал. Сондай-ақ маман бірнеше жыныстық серіктестері бар адамдарда вирусты жұқтыру қаупі аса жоғары екенін негізге алды.
– Маймыл шешегі әдетте өздігінен қайтады. Бірақ кейбір адамдарда, әсіресе, балаларда, жүкті әйелдерде немесе басқа денсаулық жағдайларына байланысты иммунитеті төмен адамдарда ауыр жағдайда өтіп, нәтижесінде әртүрлі асқынуға әкеледі. Нақтырақ айтсақ, науқастан көру қабілетінің төмендеуі, тыныс алу жеткіліксіздігі, қан кету, анурия байқалады. Маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі әдетте 6-дан 13 күнге дейін, тіпті 5-тен 21 күнге дейін өзгереді. Кейде клиникалық көрініс бермеуі де мүмкін, – дейді маман.
Көбіне балалар мен жасөспірімдер зардап шегеді
Ауруға шалдыққан науқаста 3-4 күн аралығында қызуы 38,5° C дейін көтеріледі. Бетте, аяқта, алақанда, ауыз қуысы, шап пен жыныс аймағында, ануста, содан кейін денеде бөртпе пайда бола бастайды. Маманның айтуынша, бөртпе 30% жағдайда жыныс мүшелерін, 20% жағдайда көздің қабақ аймағын зақымдайды. Ол жыныс мүшелері мен көз аймағында қатты ауырсыну белгілерімен жүреді.
– Маймыл шешегі – Orthopoxvirus тұқымдасының өкілі маймыл шешек вирусы (MPXV) тудыратын зооноздық ауру. Вирус потогендігі бойынша 1 топқа жатады, ДНК құрамдас. Инфекцияның табиғи резервуары белгісіз, тиындар мен маймылдар сияқты әртүрлі ұсақ сүтқоректі вирусқа бейімді келеді. Вирус көздері мен резервуары – дала иттері, африкалық тиындар, тышқандар, гамбиялық егеуқұйрықтар мен приматтар. Аурудың продромальды кезеңінің ұзақтығы 1-4 күн аралығын қамтиды. Бұл кезеңде адамда қызба, бас ауруы, арқа ауруы, миалгия, жалпы әлсіздік, лимфа түйіндерінің ісінуі (лимфаденопатия) байқалады, – дейді Ә. Қалықова.
Әсел Тоқанқызы жақын арада шетелге шығуды жоспарлап жүрген азаматтарға аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты алдын ала бақылап отыруға, эндемиялық өңірлерге барған уақытта абай болуға және барлық сақтық шарасын қолдануға шақырады. Маман тері бөртпелері немесе аурудың басқа белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынасты азайтуға, сондай-ақ науқастарға күтім жасау кезінде бетперде мен қолғаптар, жеке қорғаныс құралдарын қолдануға кеңес береді.
– Егер сізде аурудың алғашқы белгілері пайда болса, инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін өзге адамдармен байланыстан аулақ болыңыз. Бетперде қолданып, теріңізге және бөртпелерге қол тигізбеңіз. Қолыңызды жиі түрде жуыңыз және жанасқан беттерді зарарсыздандырыңыз. Маймыл шешегіне ұқсас белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну маңызды. Егер үйге оралғаннан кейін 21 күн ішінде бөртпе безгегі, бас ауруы немесе лимфа түйіндерінің ісінуі секілді белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралуға кеңес береміз. Медициналық мекемеге барған кезде дәрігерге тиісті тағайындауы үшін қайда болғаныңызды және кіммен байланыста болғаныңызды хабарлауды ұмытпаңыз, – деп сөзін қорытындылады Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ә. Қалықова.
Бүгінде маймыл шешегіне байланысты деректер Африкадан тыс Пәкістанда, Швецияда, Таяу Шығыстың Мардан қаласында тіркелген. Mpox індетінің («эмпокс» – маймыл шешегінің жаңа атауы) ошағына айналған Конго Демократиялық Республикасында маймыл шешегімен көбіне 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер зардап шегеді. Денсаулық сақтау саласының мамандары қауіпті дерттен балаларды сақтандыру аса өзекті екенін ескертеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы