Сібір жарасы қоздырғышының спорасы топырақта 100 – 300 жылдай сақталады.
Абайлаңыз – Сібір жарасы!
457
оқылды

Сібір жарасы - қызба, улану сияқты белгілермен сипатталатын жіті жұқпалы ауру. Тері, ішек, өкпе аурулары түрінде және септикалық түрде өтеді. Айта кетерлік жайт, сібір жарасы қоздырғышының спорасы топырақта 100 – 300 жылдай сақталады.

Ауыл шаруашылығындағы сібір жарасымен ауырған мал (мүйізді ірі қара, қой, ешкі, түйе, шошқа) жұқпа көзі болып саналады.

Қазақстан Республикасында адамдардың және малдың Сібір жарасымен ауруы өзекті мәселе болып отыр. Жыл сайын республика көлемінде Сібір жарасы тіркелуде. Сібір жарасымен ауырған науқастардың уақытылы дәрігер көмегіне жүгінбеуінің соңы өлімге әкеп соққан жағдайлар да тіркелді. 

Республика көлемінде 2023 жылы тұрғындар арасында Сібір жарасының 37 жағдайы тіркелді, оның ішінде Жамбыл облысында – 19 жағдай, Ақмола облысында – 15 жағдай және Қарағанды облысында – 3 жағдай тіркелді. Айта кетерлік жайт, Қарағанды облысында тіркелген 3 жағдайдың 1-і өліммен аяқталды. Адамдардың Сібір жарасымен сырқаттануы малдың Сібір жарасымен ауыруына тікелей байланысты.

Эпидемиологиялық және эпизоотологиялық бақылау кезінде адамдардыңСсібір жарасымен сырқаттануына және эпизоотиялық жағдайдың күрделенуіне ветеринариялық куәландырусыз, Сібір жарасымен ауырған, лажсыздан сойылған мал (ІҚМ, ҰММ, жылқы) себеп болғаны анықталды.

Адамға Сібір жарасы жанасу жолымен (малды сойып бөлшектегенде, терісін илегенде), спорамен жұқпаланған тағамдарды жегенде және ластанған су, топырақ, тері өнімдері арқылы ауру жұғады.

Жамбыл, Ақмола және Қарағанды облыстары көлемінде эпизоотиялық жағдайдың күрделенуінің және адамдардың сібір жарасымен ауруының негізгі себептері:

  • мал арасында Сібір жарасына қарсы іс-шараларды толық көлемде жүргізілмеуі (малдың Сібір жарасына қарсы екпемен толық қамтылмауы, бақылаусыз аулада сойылуы және олардың ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз сатылуы және т.б.);
  • мал ұстайтын тұрғындар арасында Сібір жарасын алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарының толық көлемде жүргізілмеуі, сол себепті тұрғындар мал дәрігерлерінің рұқсатынсыз мәжбүрлі союы.

Тұрғындар арасында Сібір жарасын алдын алу шаралары:

  • Малды ветеринариялық мекемелерге толық есепке қою және жыл сайын Сібір жарасына қарсы егілуі керек.
  • Жануарлар ауырып қалған жағдайда, оларды мал дәрігерлеріне көрсетіп, тексерту қажет.
  • Жануарларды ветеринариялық бақылаусыз аулада союға болмайды және олардың ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпей сатылуына жол берілмейді. Ауырып өлген мал өлекселері өртеледі.
  • Егерде мал Сібір жарасымен ауырған болса, жануарлардан алынатын шикізаттарды дайындау, жинау, сақтау, тасымалдау жұмыстары тоқтатылады. Ауру тараған объектілер залалсыздандырылады.
  • Ауру малмен немесе мал өнімдерімен жанасқан адамдар медициналық қадағалауға алынады.
  • Қауіпті топтағы адамдарға және мал да Сібір жарасына қарсы екпе жасалынады.

Естеріңде болсын, Сібір жарасының алдын алуға болады.

А. Тулеуов

«Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми – практикалық орталығы» филиалының эпидемиолог дәрігері