Олар өз пікірлерін АЭС-ті қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб мүшелерімен кездесуде айтты.
Ақтөбелік мұнайшылар АЭС құрылысын қолдап отыр
514
оқылды

"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған Халықтық штабтың аймақтағы мүшелері Ақтөбеде кездесу өткізді. Ақтөбелік мұнайшылар елді тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз ету үшін АЭС салуды қолдайтынын білдірді. Олар өз пікірін АЭС-ті қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб мүшелерімен кездесуде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" еңбек ұжымымен кездесуде электр энергиясының тапшылығына қатысты мәселе қозғалды. Партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұловтың айтуынша электр энергиясын тұтыну қарқыны жыл сайын 3 пайызға артып келе жатыр. Алдағы 10 жылда энергия қуатының тапшылығы 30 пайызға жетуі мүмкін. 

– Қазіргі таңда Ақтөбе облысының тұтынатын қуаты орта есеппен 960 МВт құрайды. 2028 жылға қарай оның мөлшері 1 270 МВт ұлғаюы мүмкін. Жылдан жылға өсіп келе жатқан энергия қуатының тапшылығы жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарын құруға кері әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Бұған жол беруге болмайды. Осы мәселені түбегейлі шешіп, бір тоқтамға келуіміз керек, – деді.

Ал "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-ның бас энергетигі Ерлан Алматов АЭС құрылысының маңыздылығын басқаларға қарағанда жақсы түсінетіндігін айтады. Кәсіпорында 30 жылдан астам еңбек еткен маман өндіріс орындарында да электр энергиясына қажеттілік артып келе жатыр, – дейді.

Оның айтуынша “СНПС- Ақтөбемұнайгаз” АҚ-да генерациялаушы станция ПТЭС-160мвт және ГТЭС-45МВт жұмыс істеп тұр. Бу трубинасы жұмысқа қосылғанда, екіншісі резервте болады. Жазда 70-71 МВт электр тұтынылса, қыста қажеттілік 100 МВт-қа дейін өседі. Сондықтан бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясының қосымша жетіспейтін бөлігі сатып алынып жатыр.

- АЭС құрылысы өз ресурсымызды пайдаланып, энергия тапшылығын еңсеруге көмектеседі. Біз сияқты ірі тұтынушылар үшін тарифтың тұрақты болғаны маңызды. Бастысы энергожүйенің тұрақты және сенімді жұмысына қол жеткіземіз. Сондықтан да мен осы саланың маманы ретінде АЭС салуды қолдаймын, – деді ол.