Мәулен Әшімбаев форум алаңында Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттерінің II Парламентаралық форумына қатысты
308
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Орталық Азия мемлекеттерінің II Парламентаралық форумына қатысты. Іс-шара «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Орталық Азия Парламенті мен өкілді билік органдарының рөлі» тақырыбына арналды. Сондай-ақ Палата Спикері Орталық Азия елдері Парламенті Палаталарының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, өңірдегі ынтымақтастықты нығайтуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев Форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, өңірдің жалпы күн тәртібін талқылау, ортақ мақсаттар мен міндеттерді айқындау және оған бірлесіп қол жеткізу бағытында мұндай алаңның маңызы зор екенін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бауырлас елдеріміз арасында тиімді диалогты дамытуға және сындарлы өзара байланысты арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінгі кездесу бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында парламенттік дипломатияның әлеуетін пайдалана отырып, өзара диалогты нығайтуға ықпал ететіні анық. Былтыр ақпан айында Түркістанда өткен алғашқы Форумнан кейін біз ынтымақтастығымызды арттыру ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Түркістан декларациясы парламентаралық байланыстарды нығайтудың берік негізін қалап, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Соның аясында біз екіжақты сапарларды жандандырып, өңірдегі көпжақты өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін іске қостық. Хиуадағы бүгінгі Форум да парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді деп сенемін», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда жаңа сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызды екеніне назар аударды. Нақты айтқанда, ол кездесуге қатысушыларды өңірдің экономикалық өсуі, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру және адам капиталын дамыту жолында күш жұмылдыруға шақырды. Палата Төрағасы өңірді дамытудың маңызына да назар аударып, жергілікті өкілді органдар деңгейінде, сондай-ақ, цифрландыру және жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты кеңейту қажет екенін атап өтті.

«Дамудың интеграцияланған моделін қалыптастыру – баршамыз үшін ортақ міндет. Бұл жолдағы басты мақсатымыз Орталық Азия тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру екені сөзсіз. Осыған байланысты бірлескен жұмысымызды бірнеше бағытта жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін. Бірінші – экономикалық даму және ынтымақтастық. Ортақ экономикалық кеңістікті дамыту, сауда-саттықты кеңейту және өнеркәсіп кооперациясын күшейту үшін құқықтық база қалыптастыру ісін жалғастырудың берері мол. Екінші – Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын іске асыру. Су ресурстарын тиімді пайдалану – өңірдегі барлық ел үшін өзекті мәселе. Бұл ретте біз гидроэнергетикалық нысандарды бірлесіп салу және су-энергетикалық консорциумын құру жөніндегі бастамаларды қолдаймыз. Үшінші – адам капиталын дамыту. Аталған бағыт – мемлекеттеріміздің басшылары мақұлдаған Өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасында айқындалған басым міндеттердің бірі. Төртінші – жергілікті өкілді органдар деңгейінде өзара іс-қимылды кеңейту. Бесінші – цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыру», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Форумның ашылуында Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева, Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзода, Түрікменстан Меджлисі Экономикалық мәселелер жөніндегі комитетінің Төрағасы Гуванчмырат Агаев және БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Каха Имнадзе сөз сөйледі.

Іс-шара аясында түрлі тақырыптарға арналған панельдік сессиялар да өтті. Онда қатысушылар парламентаралық комиссиялар мен достық топтарының қызметін одан әрі жандандыру, өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бақылау мақсатымен жергілікті жерлерде өкілді билік органдарының өзара іс-қимылын кеңейту және негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге Парламенттердегі әйел депутаттар мен жастардың қатысуын арттыру мәселелерін талқылады. Панельдік сессияларға Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, Сенат депутаттары Әли Бектаев, Дархан Қыдырәлі, Айгүл Қапбарова, Әлішер Сатвалдиев, Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова және Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева қатысты. Сондай-ақ Форум кезінде Орталық Азия елдері Парламенттері Аппараттары басшыларының бірінші отырысы өтті. Оған еліміздің атынан Қазақстан Парламенті Сенаты Аппаратының басшысы Максим Споткай қатысты.

Мәулен Әшімбаев Форум алаңында Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Сұхбат кезінде парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп, транзиттік-көлік инфрақұрылымы, сауда және энергетика саласындағы кооперациялық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар әлемде қалыптасқан қазіргі ахуал мен жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, екі мемлекеттің су-энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді өзара іс-қимыл мәселелеріне де тоқталды.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шәкиевпен кездесті. Онда ортақ өзекті мәселелерге мән берілді. Атап айтқанда, цифрландыруды, инвестициялық ынтымақтастықты, су-энергетика саласындағы және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды дамыту туралы сөз болды.

Өз кезегінде бауырлас елдер Парламенттері Палаталарының басшылары Қазақстанмен ынтымақтастық динамикасын жоғары бағалады. Олар Орталық Азия елдері Парламенттері депутаттарының бірлескен сындарлы жұмысы стратегиялық өзара іс-қимылды нығайтуға оң ықпалын тигізетініне сенім білдірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.