Сенат отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдады.
Солтүстікте Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов, Ғабит Мүсірепов туған ауылдар жабылудың аз-ақ алдында тұр – Нұртөре Жүсіп
Фото: istockphoto.com/ru
459
оқылды

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өңірлерге жұмыс сапарымен барып, жергілікті халықпен кездескенін, тұрғындардың мұң-мұқтажын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сенат өткен сессияда «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылықтарының негізі» тақырыбында Үкімет сағатын өткізген болатын.

Сенат Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар жолдады. 

Осыған байланысты Үкімет берген жауапта көтерілген проблемалық мәселелердің басым бөлігі шешімін таппаған күйі қалып отыр.

Мәселен, Үкіметке демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құру мәселесін зерделеу ұсынылды.

Ұлттық экономика министрлігі мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес депті. Бұл қалай сонда? Бәрі керек те, демография керек емес пе?

Енді қараңыз: Елімізде демографиялық саясат саласындағы уәкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған. Демографиялық саясат мәселелерінде мемлекеттің нақты ұстанымы анықталмаған. Соның салдарынан бүгінгі таңда тек статистикамен шектеліп отырмыз.

Сенат өткізген Үкімет сағатында ұзақ мерзімді және орта мерзімді перспективада форсайт-сессиялар өткізу, сондай-ақ демография бойынша ұлттық баяндама дайындау ұсынылды. Осыған қатысты Үкімет өз жауабында  барлық салалық министрліктердің өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету туралы жалпы ақпаратты ғана ұсынып отыр. 

Сондай-ақ, Үкімет сағаты  ұсынымдарының бірінде Қазақстан Республикасының тұрақты демографиялық дамуының ұзақ мерзімді Бағдарламасын әзірлеу мәселесі де көтерілді.

Бұл ұсынысты да Үкімет  орынсыз деп санап отыр. 

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жер учаскелерін 10-15 жылдан кейін жеке меншікке беру құқығымен жалға беру мүмкіндігін зерделеу, салық жеңілдіктерін жасау, техника, мал сатып алуға, үй салуға төмен пайыздық кредит-несие беру, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы (әрі қарай – СҚО) жұмыскерлерге климаттық үстеме жалақы тағайындау мүмкіндігін зерделеу туралы нақты ұсыныс  берілген еді.

Еңбек министрлігінің  жауабында бұл мәселелерге қатысты нақты шешімдер көрсетілмеген.

Өңірлік әкімдіктердің жауаптарында «Дипломмен ауылға» және қандастарды «Оңтүстіктен – Солтүстікке» көшіру бағдарламалары шеңберінде жастар үшін шекаралық  аудандарында жаңа тұрғын үй салу субсидиялауға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты тиімсіз деп көрсетілген.

Сенаттың демография саясатына қатысты  көтерген өзекті мәселелерінің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен ғана құтылса – Үкімет сағатын не үшін өткіздік сонда? Бұның бәрін кімге арналғаны екенін білмей отырып, елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының қандай әсері туралы айтып отырмыз?

Бір сөзбен айтқанда, Үкімет берген жауап көңілімізді көншітпейді.

Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет етеді.

Демографиялық процестер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің  болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкелетінін тағы да назарыңызға салғым келеді.

Соңғы жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың азаю тенденциясы қатты байқалуда.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеге теріс және – 3396 адамды құрады. Сондай-ақ, СҚО бойынша табиғи өсім 1000 адамға шаққанда – 1,94 теріс сальдоны құрап отыр.

СҚО, Қостанай және Павлодар облыстарында туған адам саны жылдан-жылға азайып келеді.

Өңірлерге жұмыс сапарлар кезінде, халықпен кездесулер өткізіп келдік. Демографияға қатысты  сұрақтар тағы да  алдымыздан шықты.

СҚО-да Сәбит ауылы жабылған. Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңажол ауылының тағдыры да қыл үстінде тұр.

Сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел  пысықтап, нақты шешімдер қабылдау қажет деп есептеймін.

Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы Үкіметті қайта жасақтады. Тізгінін 44 жастағы Олжас Бектеновке ұстатты. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының ауысуына байланысты пікірін айтып, «Халыққа жаны ашитын команда жасақтаса жөн болар еді»  деген болатын.