Бүркіт салудан финалда 12 спортшы өнер көрсетті.
Құсбегі Серікбек Күнтуған алтын жүлдеге ие болды
Фото: Туризм және спорт министрлігі
783
оқылды

Құсбегіліктен өткен ақтық сында бүркіт салудан Серікбек Күнтуған алтын жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүркіт салудан финалда 12 спортшы өнер көрсетті. Бәсекеге жалпы 10 мемлекеттен 18 спортшы қатысты.

Құсбегіліктен өткен жарыстың «Бүркіт салу» санатындағы жеңімпазына автокөлік кілті табысталды. Бұл туралы федерацияның президенті Берік Уәли хабарлады.

"Көшпенділер ойындары аясында «Құсбегілік» спорт түрі бойынша екі күн қатарынан өткен жарыс өз мәресіне жетті. Тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаларына байлады.
«Бүркіт салу» санатында бірінші орынды ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуған «Алғыр» құсымен иеленді. 2 жаттығу бойынша өткен тартысты бәсекеде екінші орынға «Заңғар» құсымен Ерзат Байқадамов шықса, «қола» медальді құсбегі Арман Қошқаров «Нарын» атты бүркітімен еншіледі.
«Қаршыға салу» санаты бойынша бірінші орынды «Найзатұяқ» құсымен астаналық Құдайберген Рауилұлы жеңіп алса, екінші орынға Қырғызстан спортшысы – Адильбек Құдайбердиев «Қарамоншақ» құсымен жайғасты. Ал ұлттық құрамамыздың тағы бір спортшысы – Бағдат Кеуенов «Сомбалақ» қаршығасымен қола медальді қанжығасына байлады.
«Ителгі салу» бойынша «алтын» және «күміс» медаль жүлдегерлері – Бакыт Шамуратулы және Түгелбай Абдыкадыров (Қырғызстан), «қола» медаль – ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажанның еншісінде.
Ұлттық спорт түрін қолдау және насихаттау мақсатында дүбірлі додада құсбегіліктен Қазақстан қоржынына медаль салған ұлттық құрама мүшелеріне демеушілердің қолдауымен Кұсбегілік федерациясы атынан арнайы сыйлықтар қарастырған болатынбыз.
TAS Group компаниясы мен оның басшысы Дулат Тастекеевтің қолдауымен спортшылар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Үшінші орын үшін Арман Қошқаров, Бағдат Кеуенов және Бақдәулет Бабажанға 300 мың теңгеден, екінші орын үшін Ерзат Байқадамовқа 500 мың теңге сыйақы берілді. Ал «қаршыға салу» санаты бойынша бірінші орын иеленген Құдайберген Рауилұлына 1 млн теңге табысталды.
Ал Q4 Tulpar Auto компаниясының басшысы Талғат Сақановтың қолдауымен Федерация «бүркіт салу» санатында жеңімпаз атанған Серікбек Күнтуғанға автокөлік кілтін сыйға тартты. Сондай-ақ компания басшысы «бүркіт салудан» екінші орын алған жерлесі Ерзат Байқадамовқа да өзінің атынан темір тұлпар табыстады.
Бұдан бөлек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының атынан жеке спорт түрлерінде жеңімпаздарға – бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші орын иеленгендер – 300 мың теңге, қола жүлдегер – 200 мың теңгеге арнайы сертификаттар табысталды. Жеңімпаздарды жүлделерімен құттықтаймыз!", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, бұған дейін аламан бәйгеде қазақтың тұлпары Айқабақ бірінші болып келгені туралы жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.