Батыстың ғылыми әдебиетінде бұл терминді жалпы буллинг салдарынан болатын суицид деп түсіндіргенімен, бұған көбіне-көп кибербуллинг себепкер болатыны жиі айтылады. Ақпараттық технология мен әлеуметтік медианың дамуы қарқын алған сайын киберқауіпсіздік мәселесі де өршіп бара жатқаны, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің цифрлық тазалығы, дұрыс контент тұтынуы қоғамның алаңын тудырып отыр.
Әлеуметтік медианы белсенді пайдалану дағдысы ересектермен қатар балалардың да күнделікті өмір салтына біртіндеп еніп кетті. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2021 жылы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланушылар арасында 6-дан 15 жасқа дейінгі балалардың үлесі 89,5% болған. Зерттеушілер балалар арасындағы бұл көрсеткіштің күрт өсуін 2020 жылғы пандемиямен байланыстырады. Сәйкесінше, әлеуметтанушылар балалардың электронды құрылғыларды белсенді қолдану тәжірибесін, мультимедиалық мазмұнның балалардың дамуына әсерін зерттеу керегін алға тартады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары 6 мен 15 жас аралығындағы балалардың интернетті пайдалану жиілігін зерттеген, олардың 67%-ы күніне кемінде бір рет әлеуметтік желіге кіреді, тек 7,8%-ы интернетті аптасына бір реттен аз пайдаланады.
«Бүгінде балалар өздерінің дамуының алғашқы кезеңдерінде ғаламторды жиі қолданады. Бұған көбіне ата-аналардың өздері белсенді ықпал етеді. Тәжірибе көрсеткендей, ата-аналар балаларды тамақтану кезінде цифрлы контентті тұтынуға бейімдеп, баланың көңілін көтеру үшін смартфон мен түрлі электронды құрылғыларды пайдалануды күнделікті әдетке айналдырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың жағдайында гаджеттерді пайдалану және цифрлы контентті тұтыну ата-ананың балаларды тәрбиелеуде заманауи технологияларды белсенді пайдалану шешімімен тығыз байланысты. Бұдан гаджетті пайдалануда өз бетінше шешім қабылдай алмайтын және жеткілікті мәдени капиталы жоқ 6 жасқа дейінгі балалардың цифрлы контентті (мультфильмдерді) тұтыну мәселесі туындайды», – дейді әлеуметтанушы Әйгерім Ерболатқызы.
Әлеуметтанушылардың айтуынша, электронды гаджеттердің, цифрлы медианың, мультимедиалық контенттің балалардың интеллектуалды дамуына психологиялық әсерін бағалаудың өзектілігі артып келеді. Цифрлы контенттің әсерін зерттеу психология, медицина, педагогика саласындағы зерттеушілерді де, ата-аналардың өздерін де қызықтырады.
Маманның пікірінше, бір жағынан, арнайы мүмкіндіктері бар гаджеттерді жетілдіру мектеп жасына дейінгі балалардың технологияларға жылдам бейімделу процесін жеделдетеді. 6-17 жас аралығындағы балалардың мультимедиалық контентті белсенді тұтынуы қоғамның түрлі салаларын цифрландыру жағдайында балалардың цифрлы сауаты мен құзыретін арттыруға да көмектеседі. Сонымен қатар көрсетілген жас аралығындағы балалар арасындағы әлеуметтік медианы тұтыну балалар үшін коммуникация мен әлеуметтік байланыстарды қанағаттандырудың негізгі құралы әрі әлеуметтену агенті рөлін атқарады. Егер дәстүрлі және индустриалды қоғамдарда балаларды әлеуметтендірудің негізгі агенттері әлеуметтік институттар (отбасы, білім, дін, дәстүрлі БАҚ) болса, онда ақпараттық қоғам дәуіріндегі әлеуметтік медианы балалардың әлеуметтенуіне ықпал етуші агенттер қатарына жатқызуға болады. Балаларды гаджеттермен және мультимедиалық контентпен ерте таныстыру идеясын қолдамайтындар мұның жас ұрпақтың дамуына теріс әсерінің бар екенін алға тартады. Олардың пайымына сәйкес, балалар көбіне гаджеттер арқылы ақпарат (білім) алудың орнына смартфондарды сенсорлық әсер алу үшін қолданады. Сонымен қатар балалардың гаджеттерде көбірек уақыт өткізуі салдарынан олардың белсенді физикалық ойын әрекеттеріне уақытының тапшылығы байқалады. Бұл өз кезегінде бала дамуының, қоршаған ортаны тануының, белсенді әлеуметтік әрекеттесудің негізгі элементі ретінде қалыптасқан ойын функциясының цифрлы технологиялармен ығыстырылып бара жатқандығын көрсетеді.
Әлеуметтік медиа платформалар әдетте қауіпсіз интернет кеңістігі баптауын және өз пайдаланушысы үшін этикалық ережелерді сақтауды қамтиды. Оның әрқайсысында заңсыз контентке, зорлық-зомбылыққа, қорқытуға, жеккөрушілікке және басқа да жағымсыз материалдарға тыйым салуды қамтитын бірқатар ережелер мен нұсқаулықтар бар. Осы ережелерді бұзудың аккаунтты бұғаттау және заңды түрде жауапкершілікке тарту секілді салдары бар. Ережелердің бұзылғандығын анықтау үшін контентті тексерудің автоматтандырылған және қолмен тексеретін әдістері қолданылады. Бұл жағдайда әлеуметтік медиа платформалар шағымдар мен материалдарды модерациялау саясатын жүзеге асырады. Елімізде балалар ең жиі тұтынатын үздік үштік – Instagram, TikTok және YouTube платформаларында деструктивті контентке шағым жасау қарастырылған, бірақ әлеуметтік медиа платформада аккаунт, арна немесе парақшаны бұғаттау үшін пайдаланушылар тарапынан 100-200 өтініш көлемінде шағым тіркелуі қажет. Модерация саясаты мен әлеуметтік медиа платформалардың аккаунттарына шағымданудан басқа, қауіпсіздік жүйесі жас шектеулеріне қатысты талаптарды да қамтиды. Талаптарға сәйкес, платформа пайдаланушылары кемінде 13 жаста болуы керек. Алайда қолданыстағы талаптарға сәйкес пайдаланушы кез келген жасты көрсете алады. Бұл өз кезегінде балаларға ата-аналарының бақылауынан тыс резервтік аккаунттарды құруға мүмкіндік береді.
«Әрбір әлеуметтік медиа платформа балалардың желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзінің бірегей мүмкіндіктері мен құралдарын ұсынады. Ата-аналар бұл құралдарды балаларының әлеуметтік медиа белсенділігін тиімдірек мониторингілеу мен бақылау үшін пайдалана алады. Мәселен, YouTube-те − балаларға жарамсыз контентті сұрыптауға көмектесетін шектеулі режим, балаларға арналған бейне модерациясы күшейтілген және жас ерекшеліктеріне қарай балаларға арналған контентті автоматты түрде іріктейтін YouTube Kids жеке қосымшасы, ата-ана бақылауы, мұнда балалардың ата-аналары немесе қамқоршылары бейнені көру және пікірлер қалдыру үшін шектеулер қоя алады, сондай-ақ баланың аккаунтын Family Link8 арқылы басқара алады. TikTok және Instagram-да – «Жеке аккаунт» функциясы, оның көмегімен ата-аналар баланың контентіне шектеу қою мақсатында баланың аккаунтын жабық режиміне өзгерте алады. Ата-аналарға пікірлерге, хабарламаларға және іздеуге шектеу қоюға мүмкіндік беретін есеп беру функциясы. Баланың платформаларды пайдалануы туралы есеп беретін «Ата-ана бақылауы» функциясы. Балалардың әлеуметтік медианы пайдалануын түсінуге және бақылауға көмектесетін ата-аналарға арналған оқыту ресурстары», – дейді Әйгерім Ерболатқызы.
Қоғам белсенділері мен құқық қорғау органдарын алаңдатып жүрген тағы бір ауқымды мәселе – интернет алаңында балаларды қудалау (буллинг). Қазіргі қоғам үшін адам құқықтарын білу, балалардың құқығын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау өте маңызды. ЮНИСЕФ мәліметінше, әлемде 150 миллион бала мектеп қабырғасында және одан тыс жерде құрдастары тарапынан зорлық көріп, қудалауға ұшырайды. Еліміздегі жағдай да мәз емес. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» (Health behaviour in school-aged children) зерттеуіне сәйкес, 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім әлімжеттіктің (буллингтің) құрбаны немесе қатысушысы. 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 17%-ы айына бір немесе одан да көп рет мектепте әлімжеттікке ұшыраған. Әлімжеттіктің құрбандары – ауыл оқушыларымен салыстырғанда көбіне қала оқушылары. Сонымен қатар зерттеу нәтижесі 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 12%-ы кем дегенде бір немесе одан да көп рет кибербуллингке ұшырағанын көрсетті. Сондықтан әлеуметтік медиа мен интернеттегі кибербуллингтің алдын алу және болдырмау мәселелерінде ата-аналардың құзыреттілігі маңызды.
«Кибербуллинг адамға орасан зиянын тигізеді, оның үмітсіздік пен шарасыздық күйге түсуіне себеп болады. Кей кездері буллинг кесірінен адамдар суицид жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Мемлекет басшысы өз Жолдауында азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық нормаларды қабылдауды тапсырды. Әйтсе де, тек заңмен бұл мәселе түбегейлі жойылмайды. Ол үшін бала тәрбиесі, буллингтің алдын алу бойынша бағдарламаларды енгізу, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы тұрғыда ұйымдастыру жөнінде жүйелі жұмыстар қажет. Сондай-ақ буллинг пен кибербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды. Кез келген бала, азамат өзіне, өзінің өміріне қауіп төнгенін байқаса немесе қорлауға ұшыраса, арнайы орындарға хабарласып, көмек сұрауға толық құқылы екенін білуі абзал», – дейді әлеуметтанушы Мадина Бектенова.
Еліміздің Үкіметі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Бұл бағдарламаның бір тармағы – ата-анасының рұқсатынсыз балаларға әлеуметтік медиада тіркелуге тыйым салу. Мерзімі бойынша бұл тыйым 2025 жылдың бірінші тоқсанында енгізілуі жоспарлануда. Бағдарламаның осы тармағына Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты. Бұл бастама аясында қоғам, әсіресе ата-аналар пікірі екіге жарылды: қолдайтындар – қазіргі уақытта балалардың цифрлы сауаттылығы төмен, әлеуметтік медиа платформаларын пайдалану барысында балалар түрлі қауіпті жағдайларға тап болуы мүмкін: бөгде адамдармен хат алмасу, интернетте артық уақыт өткізу, сондай-ақ контенттің эмоционалды және психологиялық күйге теріс әсерін алға тартады. Ал қарсы топ бұл шараның тиімді еместігін, балалар әлеуметтік медиа платформаларына тіркелудің басқа әдісін табатындығымен түсіндіреді.
Айдана НҰРМҰХАН