Энергетика саласында ұзақ уақыт бойы еңбек еткен мамандар, ғалымдар мен сарапшылар аталған тығырықтан шығудың бірден-бір тиімді жолы атом энергиясын өндіру екендігін айтып отыр.
АЭС – энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтудағы қажеттілік
769
оқылды

Елімізде 6 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген жалпыхалықтық референдум өткізіледі. Ондағы мақсат – қауіпсіз әрі тиімді энергия көзі ретінде саналып отырған атом электр станциясын салу бойынша ел тұрғындарының таңдауын анықтау. Тиісінше, азаматтарға АЭС-тің тиімді тұстарын түсіндіріп, алып-қашпа әңгімелердің алдын алу үшін бес саяси партия өкілдері, 250-ге тарта қоғамдық ұйымның мүшелері және энергетика саласының мамандарынан арнайы Халықтық штаб құрылған болатын. 

Аталған штабтың жұмысы 9 қыркүйек күні Түркістан облысынан бастау алып, бүгінде өзге өңірлерде жалғасуда. Сондай-ақ, облыстық халықтық штабтар да аудан, қалаларға барып, түсіндіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Осы орайда Түркістан облысы аумағында қызмет етіп жатқан штаб өкілдері Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде мекеме ұжымы және жергілікті халықпен кездесті. Аталған топты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бастап барды.

Кездесу аясында сөз тізгінін алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев атом энергетикасы ең алдымен экономиканы ілгерілетуге ықпал ететін жоба екендігіне тоқталып, «AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы Құдірет Қыстаубаев  еліміздегі энерготапшылығы жөнінде баяндама жасады. Алтынсары Дүйсенбекұлы Қазақстанда электр қуатының тапшылығы уақыт өткен сайын күрделеніп жатқанын да жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан және 2 пайызы күн, жел мен судан өндіріледі. Оның үстіне, еліміздегі энергетика бағытындағы инфрақұрылымның жартысынан астамының тозығы жеткен. Соның салдарынан өңірлерде энергия тапшылығы байқалып жатыр. Әсіресе еліміздің Оңтүстігіндегі өңірлерде жыл өткен сайын проблема үлкейіп барады. Себебі, аталған аумақтарда халық саны көбейіп, кәсіпкерлік, өндіріс сынды салалар кеңейіп жатқанын бәріміз білеміз. 

Ал энергетика саласында ұзақ уақыт бойы еңбек еткен мамандар, ғалымдар мен сарапшылар аталған тығырықтан шығудың бірден-бір тиімді жолы атом энергиясын өндіру екендігін айтып отыр. Мұны қазақстандық мамандар ғана емес, бүкіл әлем алға тартып отыр. Дегенмен адамзатқа орасан зор зардап тигізген апаттарды көрген тұрғындар арасында атом электр станцияларының қауіпсіздігі қызу талқыланып жатқаны белгілі. Осы ретте халықтық штаб өкілдері АЭС құрылысындағы ең негізгі назар аударатын мәселе де халық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігі болатынын айтты.

– Сіздерді алаңдатып отырған басты мәселе – қауіпсіздік. Сондықтан бірнеше факторды атап өткім келеді. Қазіргі уақытта әлемде 415 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы дамыған, көшбасшы елдерде орналасқан. АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер бұл салада баяғыда көш бойы озып кеткен. Егер АЭС адамзатқа қауіпті болса, өркениетті елдер бұдан бас тартар еді. Қазір әлемде 60-қа тарта АЭС салынып жатыр. Алысқа бармай-ақ, бізбен көрші отырған Өзбекстанды алайық. Олар да қазір АЭС салудың қамын жасап жатыр. Өйткені атом энергиясының артықшылықтарын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Екіншіден, Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр. Уран қоры бойынша екінші орындамыз. Керек десеңіздер, кейбір дамыған мемлекеттер АЭС-ке қажет шикізатты бізден алып отыр. Ядролық отын өндіретін зауыт та өзімізде бар. Осыншама ресурсты, зор әлеуетті елдің игілігіне, экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтуға жұмсамасақ, оның пайдасын қашан көреміз? Қашанғы шикізат елі болып қала береміз? Үшіншіден, АЭС экономиканың қозғаушы күшіне айналады. Қазіргі есеп бойынша АЭС салуға 2 мың жұмысшы жұмылдырылса, қолданысқа берілген соң 8 мың жұмыс орны ашылады. АЭС құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды да дамытуға серпін береді. Жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынады. Төртіншіден, еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға зор мүмкіндік ашады. Табиғаттың, экожүйенің ластануын төмендететін болады. Қорыта айтқанда, АЭС салу идеясы – біздің энергетикалық тәуелсіздігіміз бен қауіпсіздігімізді қамтудағы қажеттілік, - деді Алтынсары Үмбетәлиев.

Сондай-ақ, ғалымдардың тұжырымдамаларына сүйенген энергетика саласының мамандары заманауи АЭС-терде ақау пайда болу ықтималдығы бірнеше миллион жылда бір-ақ рет болатынын айтты. Сәйкесінше, АЭС құрылысына бағытталатын қаржының жартысына жуығы дәл сол қауіпсіздік бағытына жұмсалады. Оған қолданылған су да ашық су айдынына құйылмай, өз ішінде өңделіп арнайы тоғанға төгіледі. Сонымен қатар, АЭС құрылысына бағытталатын қаржының жұмсалуын МАГАТЭ сынды әлемдік ұйымдар бақылайды екен. Демек, бұл құрылыстың айналасында сыбайлас жемқорлық деректерінің пайда болуы екіталай. 

Жүздесу соңында әрбір дауыс маңызды екендігін айтқан штаб өкілдері сарыағаштықтарды өз таңдауын жасауға шақырды. Тұрғындар да сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салып, референдумға қатысатынын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.