Жиынға штаб мүшелерінен бөлек, іскер әйелдер қауымдастығының, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кеңестің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Оңтүстікте энергия тапшылығы үнемі сезіледі
781
оқылды

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері бас қосты. Жиынға штаб мүшелерінен бөлек, іскер әйелдер қауымдастығының, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кеңестің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты. Онда атом электр стансасына қатысты түсіндіру шараларын күшейту және нәтижелі жұмыс көрсету мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Шымкент қалалық Халықтық штабтың төрағасы Бахадыр Нарымбетов АЭС-ке қатысты түсіндіру жұмыстарының маңызына тоқталып, бұл жобаның Қазақстанның ұзақмерзімді табысты дамуының кепілі екенін атап өтті. Ол атом энергетикасының тиімділігін және экологиялық таза сипатын ерекше атап өтті.

«АЭС құрылысы – еліміздің болашағы үшін маңызды жоба. Бізге осы жобаның артықшылықтарын халыққа дұрыс жеткізу керек. Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан және 2 пайызы күн, жел мен судан өндіріледі. Оның үстіне, еліміздегі энергетика бағытындағы инфрақұрылымның жартысынан астамының тозығы жеткен. Соның салдарынан өңірлерде энергия тапшылығы байқалып жатыр. Әсіресе, еліміздің оңтүстігіндегі өңірлерде жыл өткен сайын проблема үлкейіп барады», – деді Бахадыр Мәдәліұлы.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің доценті Рамиль Ильясов АЭС туралы ғылыми түсініктеме беріп, бұл жобаның жел, күн электр стансаларға қарағанда тиімді тұстарын жеткізді. Ал  Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры Рабиға Қуатбекова елдің демографиялық, экономикалық жағдайы жыл өткен сайын өсіп келе жатқанын, мұндай жағдайда электр қуатын тұтыну көрсеткіші өсе беретінін еске салды. Оның сөзінше, қазіргі таңда АЭС мәселесі дер кезінде көтеріліп, нақты қадамдар жасалып жатыр.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев штаб мүшелерін референдум науқанында белсене жұмыс істеуге шақырды. Үгіт-насихат жұмыстарына қатысты мәселелерді «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып», ақылдасып шешуге үндеді.

Айта кетсек, 6 қазан күні өтетін АЭС салу жөніндегі референдумға байланысты еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Штаб құрамында 6 саяси партия мен 20-ға жуық республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі бар.