Жезқазған қаласында Халықтық штабтың мүшелері өңір тұрғындарымен кездесу өткізді, оған 300-ге жуық адам қатысты.
Ұлытау облысының тұрғындары АЭС құрылысына үлкен қызығушылық танытты
577
оқылды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб аймақтарда тұрғындармен кездесулер өткізуді жалғастыруда. Штаб мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен атом электр станциясының болашағын талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жезқазған қаласында Халықтық штабтың мүшелері өңір тұрғындарымен кездесу өткізді, оған 300-ге жуық адам қатысты. Кездесуде өңір экономикасының дамуы және атом энергетикасының экологиялық жағдайды жақсартудағы рөлі сөз болды.

Өнеркәсібі дамыған Ұлытау облысы көптеген экологиялық мәселелерге тап болуда. Штаб мүшелерінің айтуынша, атом энергетикасына көшу ауаның ластану проблемасын шешудің тиімді тәсілі бола алады, өйткені АЭС – көмір электр станцияларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, АЭС – бұл энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздіктің кепілі.

«Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда, орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді.

Сондықтан, Қазақстанда АЭС салу – өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет. Біз осындай тағдырлы мәселелерді келер ұрпақтың мойнына артып кетпей, дәл бүгін батыл, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Ұлытау тұрғындарын бірігіп, ұлт болашағы үшін АЭС құрылысына қолдау білдіруге шақырамын!», – деді ол.

«BAYTAQ» Қазақстан жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, атом энергиясы таза және жасыл энергия көзі болып табылады. Ол қазіргі реакторларда су технологиясы қолданылатынын және әлемнің ешбір елінде АЭС-пен байланысты апатты жағдайлар болмағанын атап өтті. Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин қазіргі уақытта Қазақстан энергия тапшылығын жою үшін жыл сайын Ресейден 100 миллиард теңгеге электр қуатын сатып алатынын еске салды. АЭС біздің елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Өз кезегінде Ұлытау облысының Азаматтық альянсының президенті Әсем Асанханова атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізу – елдегі демократиялық институттардың нығаюының маңызды көрсеткіші және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың дәлелі екенін атап өтті.

Сол күні Халықтық штабтың мүшелері Сәтбаев қаласына барып, Ғ.О. Омаров атындағы шахта ұңғылау тресінің жұмысшыларымен кездесті. Талқылауға 100-ден астам шахтер қатысты, онда энергетиканың және жалпы еңбек нарығының болашағы туралы негізгі мәселелер көтерілді. Қатысушылар Әділетті Қазақстан құру шахтерлердің белсенді қатысуынсыз мүмкін емес екенін және бұл жерде энергетикалық тәуелсіздік басты рөл атқаратынын атап өтті.

Содан кейін Халықтық штабтың мүшелері Жезқазған мыс қорыту зауытының металлургтерімен кездесті. Еңбек ұжымы АЭС құрылысы идеясына қолдау білдірді, себебі бұл энергияны көп қажет ететін саланы сенімді және тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз етіп, кәсіпорынның шығындарын азайтады. Халықтық штабтың мүшелері атом энергетикасы еңбек жағдайларының жақсаруына және қызметкерлердің отбасыларының әл-ауқатының артуына ықпал ететінін айтты.