Экс-министрдің айтуынша, аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады.
"Хаосқа айналады": Аймағамбетов Павлодар мектептерінде сабақ уақытын қысқартуға қатысты пікір білдірді
Фото: ortcom.kz
1,104
оқылды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Павлодар мектептерінде сабақты 40 минутқа дейін қысқартуға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Экс-министрдің айтуынша, аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады.

"Павлодар облысының басшылары сабақтарды 30 минутқа дейін қысқартуды ойлап таппағанына шүкір! Бұндай логикамен, енді жаңа мектептер салмай-ақ, төрт ауысымға көшіп, миллиардтаған қаражатты үнемдеуге болар еді. Шынын айтқанда, Павлодарда сабақтарды қысқарту көптеген сұрақтар туғызады. Аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады. Бағдарламалардың мазмұны, білім мақсаттары өзгермей қалай сабақты қысқартуға болады? Бұл білім сапасына және барлық оқушыларға сапалы білім алу үшін тең жағдай жасауға үлкен проблемалар тудыратыны анық.
Қызық парадокс: бір жағынан, ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуі енгізіліп жатыр, ал екінші жағынан — әр облыс сабақтың ұзақтығын өзі шешеді. Бірізділік қайда? Ғылымға негізделген шешім қайда?", - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желіде.
 
Irbistv.kz хабарлауынша, қалалық білім бөлімі қоңырау кестесін санитарлық талаптарға сай құратынын мәлімдеген.
 
Бұған дейін сабақтың ұзақтығы мектептерде әртүрлі болған. Ең ұзақ сабақ - 45 минутқа созылған. Бұл да бала санына байланысты. Қазір ата-аналардың ұсынысымен бірыңғай уақытты таңдаған. 

 "Екінші ауысымдағы соңғы сабақ 19:20 — 19:30 аяқталады. Мәселен 39 мектеп онда 97 сынып бар. Ал оқу кабинеттерінің саны бар болғаны - 57. Басқа мектептерде сабақ 19:00-де, 19:05-те аяқталады. Қалай болғанда да біз бұл мәселені реттедік", - дейді Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанат Асаинова.

Павлодарда ресми түрде 7 мектепте бала саны тым көп. Онда ауыспалы жүйе жұмыс істейді. Алдағы жылы «Достық» мөлтекауданында салынатын жаңа білім ордасының арқасында 21-мектептегі бала санын азайтпақшы, ал Байтұрсынов атындағы мектептегі мәселені жанына қосымша ғимарат салу арқылы шешеді деп күтілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.