Жәбірленуші С. «112» нөміріне қоңырау шалып, «Мені өлтіріп жатыр» деп айтқан.
“Мені өлтіріп жатыр”: Ақтөбеде көмек сұраған әйелдің қоңырауын жауапсыз қалдырған 112 қызметкері сотталды
Фото: istockphoto.com
2,506
оқылды

Ақтөбе қаласының №2 соты Қ.-ға қатысты абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық жасады деген айыппен қылмыстық істі қарады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz. 

Сотталушы Қ., Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісінің көмекшісі, 09 маусым 2024 жылы бекітілген қызметтік жасаққа сәйкес тәулік бойғы кезекшілікте болған.
Сол күні шамамен сағат 12.18-де жәбірленуші С. «112» нөміріне қоңырау шалып, «Мені өлтіріп жатыр» деп айтқан.
Сотталушы Қ., мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, аталған хабарламаны елемей, ішкі істер органдарының жасақтарын қылмыс орнына жұмылдыруға бағытталған шұғыл әрекеттер жасамай, өзінің орындауға тиіс функционалдық міндеттеріне салғырт қараған. Нәтижесінде С. көз жұмған.

Жәбірленушінің өкілі сотталушы Қ.-ға қатысты 300 000 теңге көлеміндегі материалдық және 5 000 000 теңге көлеміндегі моральдық шығынды өндіру жөніндегі азаматтық талап-арыз ұсынды.

Сотталушы мен жәбірленушінің арасында медиациялық келісім бар.
Сотталушының кінәсі куәлардың жауаптарымен, сот-фонографиялық сараптама қорытындысымен, алу туралы хаттамалармен, заттай дәлелдемелермен, қылмыстық істегі басқа да дәлелдермен толық расталды.

Сотталушы сот отырысында кінәсін толық мойындады.

Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушыға белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушыға қатысты қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот кінәлі адамның жас балаларының болуы, шын ниетпен өкiнуін таныды.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде сот өзi берген сертін немесе кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауын таныды.

Сот Қ-ны ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушінің азаматтық талап арызы өтініші бойынша қараусыз қалдырылды.

«Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті» РММ басшысына тиісті шара қолдану үшін сотпен жекеше қаулы шығарылды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.