Атом энергетикасы ұзақмерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді.
Өңірлерде энергия тапшылығы мәселесі талқыланды
592
оқылды

"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған АЭС-ті қолдау жөніндегі Халықтық штаб Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында кездесу өткізіп жатыр. Аймақтық Халықтық штаб өкілдері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша облыстық филиалының ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиында ақпараттық үгіт-насихат жүргізетін жұмысшы тобының мүшелері Айбар Ерекешов, Эльмира Сапарова, Нұрбол Құрман, Фатима Тулеева АЭС  салудың артықшылықтары мен мүмкіндіктері, экономикаға тигізетін әсері, энергия тапшылығының артуы турасында кеңінен мәлімет берді.

АЭС экономиканың қозғаушы күшіне айналатынын айтқан үгіт-насихатшы топ есеп бойынша АЭС салуға 2 мың жұмысшы жұмылдырылса, қолданысқа берілген соң 8 мың жұмыс орны ашылатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ  АЭС құрылысы инфрақұрылымды да дамытуға әсер ететінін жеткізді. 

Штаб мүшесі Нұрбол Құрман электр энергиясын өндіру мәселесі Қазақстанның даму стратегиясында маңызды орын алатынын атап өтті.

«Газ, көмір түбінде таусылатын пайдалы қазбалар. Олар болашақта азая бастаған кезде бізге баламалы энергия көзі қажет болады. Міне, бізге атом электр стансасының қажеттілігі – осында. Көпшілігі қазір осы уақытқа дейін АЭС-сыз да өмір сүрдік қой деген пікірлер айтып жатыр. Алдағы 30 жылдықта еліміздің халық саны өседі, экономикасы дамиды, сол кезде біз энергияны қайдан аламыз? Қазірдің өзінде біз жетпей жатқан жарықты Ресейден импорттап алып жатырмыз. Болашақта жетіспеушілік одан сайын арта береді. Сондықтан да өзіміздің электр қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуімізді қазірден бастап ойлауымыз қажет», – деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Нұрбол Құрман.

Атом электр стансасын салу энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтудағы басты қажеттілік болмақ. Сондықтан да штаб мүшелері 6 қазан күні референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.

АЭС Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілгін арттыру үшін маңызды

«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті. 

Аймақтық кеңестің отырысында «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде тұрғын үй құрылысы,   Жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларды іске асыру, тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту, жұмыссыздықты төмендету, Туризмді аймақтық даму факторы ретінде дамыту сияқты бірқатар мәселелерді талқылады.

«Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің мүшелері  партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасы  тармақтарының уақытылы орындалуын басты назарда ұстайды. Бүгінгі күн тәртібінде көтерілген мәселелердің маңызы зор. Азаматтарды жұмыспен және баспанамен қамту Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттардың бірі», – деп атап өтті аймақтық кеңестің орынбасары Нұрлан Омарбеков.

Сонымен қатар аймақтық кеңес мүшелері АЭС құрылысына қатысты мәселелерді талқылады.

«Атом энергетикасы ұзақмерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды», – дейді облыстық Халықтық штабтың мүшесі Аманбай Нуркенов.