АЭС ең алдымен энергетикалық тәуелділіктен құтқарады және жаңа жұмыс орындарының санын арттырады.
Қуат тапшылығы – жаһандық сипаттағы өзекті мәселе
945
оқылды

"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған АЭС-ті қолдау жөніндегі Халықтық штаб Жетісу, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарында өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Білім ордалары озық ойды қолдайды 

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Арыстанғали Арын, Гүлнар Тойлыбаева Панфилов ауданында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауына байланысты маңызды мәселелер талқыланды. Оның  ішінде атом электр стансасының ұтымды тұстары мен маңызы ерекше назарға алынды.

«Қазір дамыған және дамушы елдерде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Бұл ең алдымен энергетикалық тәуелділіктен құтқарады және жаңа жұмыс орындарының санын арттырады. Қуат тапшылығы – жаһандық сипаттағы өзекті мәселе. АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу – энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау. Біздің ортақ шешіміміз мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына әсер етеді. Ел игілігі жолындағы батыл қадам бізде де іске асуы керек деп есептеймін», – деді Гүлнар Тойлыбаева.

Әрбір атом электр стансасы табиғи апаттарға төтеп беруді ескерген. Біздің мамандардан бөлек, атом электр стансаларының қауіпсіздігіне АЭС операторларының Дүниежүзілік қауымдастығы жүйелі түрде мониторинг жүргізеді. Ол арқылы біздің сарапшылар атом электр стансаларын пайдалану қауіпсіздігі бойынша барлық әлемдік тәжірибеге қол жеткізе алады.

«Бізге энергия қажет. Бұл орайда елді жеткілікті қуатпен қамтамасыз ету үшін қауіпсіз деп танылған жаңартылатын энергия көздеріне қоса, атом энергиясын пайдалану маңызды. Бұл әр мемлекеттің алдында тұрған мақсат», – дейді Халықтық штабтың Жетісу өңірі бойынша төрағасы Арыстанғали Арын. 

Айта кеткен жөн, АЭС салу кезінде сейсмикалық қауіпсіздік, су қоймасының орналасуы, желілер  мәселесі міндетті түрде ескеріледі.

АЭС-тің маңызын түсіндіру жалғасып жатыр

Бүгін аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, тақырып төңірегінде ой бөлісті.

Атап өту керек, ауылдық елді мекендер ел экономикасының драйвері саналады. Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерде өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік кең етек жаюда.

Алайда, қандай да бір өндіріс көзін ашу үшін инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізу қажет. Соның бірі – электр қуаты. 

Мамандардың айтуынша, электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3 пайызға артуда. Ал өзімізге мәлім электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басым. Бүгінде электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да өлесі артуда. Улы заттардың қосындысы қоршаған ортаға да кері әсерін тигізуде. 

Сондықтан дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом стансасының жұмысын жандандыруда. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажеттілігін атап өткен болатын. 

Кездесуде Халықтық штаб мүшесі Балжан Шаменова: «Ауылдарыңызды бақылай отырып, көптеген көшеде электр жарығын байқадым. Қазір кез келген елді мекендерге электр қуаты қажет. Менің айтарым, бүгінде өңірімізде электр қуатының аздығы сезілуде. Бұл өңір ғана емес, еліміз бойынша болып отырған жағдай. Сондықтан  атом энергиясын өндіру бізге қажет. Себебі  энергетика саласында тәуелсіз болғанымыз барлығымызға тиімді», – деді.

Ал қалалық штаб төрағасы Ибадулла Құттықожаев атом энергетикасының жаһандағы дамуы төңірегінде атап өтті.

«Қазіргі уақытта бүкіл әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың көпшілігі II буын реакторлары болып саналады. Қазіргі уақытта III және III+ буын реакторларының саны көп емес. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл реакторлар дүниежүзінде ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады. Қару үшін қандай шаралар қолданылуда? III буын реакторларының орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген, реакторлық корпусты толық жөндеу және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Бастапқы лицензияның мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қондырғыларды ұзақмерзімді пайдалану көптеген елде  қалыпты жағдайға айналды», – деді.

Басқосуда ауыл тұрғындары атом энергиясы, стансалары жайлы біраз мәліметтерден хабардар болғанын жеткізіп, Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын айтты.

Кәсіпорында өткен келелі кездесу

АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Түркістан облыстық Халықтық штабының өкілдері бүгін үгіт-насихат жұмыстарымен Түлкібас ауданына барды. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бастап барған штаб өкілдерінің құрамында  «Ақ-Су Групп» ЖШС директоры, «Ақ жол» партиясының өкілі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ержан Үсентаев, RESPUBLICA партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Бейбіт Биназаров,  «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түлкібас аудандық электр желілік мекемесінің директоры Асқар Досов, Сайрам ауданы  «Қарабұлақ» ауылдық ауруханасының бас дәрігері Дәулет Мұсаев, Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті Сәбит Баймағанбетов болды.

Халықтық штаб өкілдері Түлкібас ауданындағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-на келіп, жұмысшыларымен кездесу өткізді. Жиын барысында Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғаны айтылды. Энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына айтарлықтай әсер ететініне назар аударылды. Дәл қазіргі уақытта еліміздің энергетикалық саласы республика бойынша өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70 пайызын қамтамасыз ететін көмір электр стансаларына аса тәуелді екеніне баса мән берілді.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың атқаратын миссиясын атап өткен Алтынсары Дүйсенбекұлы, атом электр стансасы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға ықпал ететінін айтты.

«Мемлекет басшысы жариялаған жалпыхалықтық референдумға байланысты, еліміздегі жетекші саяси партиялар мен азаматтық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан – АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылғаны белгілі. Біздің киелі Түркістанға республикалық Халықтық штабты басқарып, Парламент Мәжілісі мен партиямыздың Төрағасы Ерлан  Қошанов бастаған көрнекті қоғам қайраткерлері, көшбасшы тұлғалар мен ғалымдар, Мәжіліс депутаттары келіп, облысымыздың аудан, қалаларында тұрғындармен, кәсіпкерлермен, энергетиктермен, спортшылармен АЭС салуды қолдау мәселесі шеңберінде 13 кездесу өткізді. Осы жиындарға қатысқан өңір тұрғындары атом энергетикасына көшу заман талабы екенін айтып, Халықтық штаб мүшелерін қолдады», – деп атап өтті Алтынсары Үмбетәлиев.

Атом электр стансасының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болатынын Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті Сәбит Баймағанбетов айтты.

«Бүгінде  АЭС бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба екенін әлем ғалымдары айтуда. Қазір елімізде электр қуатын өндіруде үлкен қиындықтар болып жатқанын білесіздер. Нақты деректермен айтсақ, энергетика мамандары Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, 2 пайызы күн мен желден, судан өндірілетінін айтады. Соның ішінде көмір негізінде жұмыс істейтін энергоорталықтардың 70 пайызы ескіріп, тозғаны айтылуда. Энергетикадағы нақты шешімді бүгін қабылдамайтын болсақ, ертең экономикамыздың тығырыққа тірелуінің қаупі бар», – деді Сәбит Бақытбекұлы.  

АЭС құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын Ержан Үсентаев, Бейбіт Биназаров, Дәулет Мұсаев түсіндіріп берді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түлкібас аудандық электр желілік мекемесінің директоры Асқар Досов энергия тапшылығы оңтүстік өңірлер үшін өзекті екенін айта отырып, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтауда тұрғындарды ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан ой қорытуға шақырды.

Кәсіпорын директоры Перизат Әбдібекова еліміздің әрі қарайғы дамуына ықпал ететін маңызды тақырып шеңберінде пайдалы ой-пікірлерімен бөліскен Халықтық штаб мүшелеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді, ұжымдастарын алдағы референдумда азаматтық таңдауын белсенді білдіруге шақырды. 

АЭС салу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

АЭС салуды қолдау жөніндегі Ақтөбе облыстық Халықтық штабы  «Табыс-Ақтөбе» ЖШС-ның еңбек ұжымымен кездесті. Жиында штаб мүшелері АЭС салу атом индустриясы және еліміздің бүкіл экономикасы үшін жаңа мүмкіндік ашатынын айтты. 

Штаб мүшесі Дамир Көпжасаров АЭС құрылысы экономикалық, әлеуметтік, техникалық және экологиялық артықшылықтарға ие екенін атап өтті. 

– АЭС салу елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне мүмкіндік береді. Мәселен, жобаны іске асыру кезеңінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылса, стансаның жұмысы кезінде 2 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ  АЭС-тегі әрбір жұмыс ілеспе салаларда 10-ға дейін жұмыс орнын ашады, бұл еңбек нарығына айтарлықтай оң әсер етеді. Жергілікті өнеркәсіп дамиды. Сонымен қатар  тұтынушылар 60 жылдан астам уақыт энергиямен қамтамасыз етіледі, – деді ол.

Қайырбек Таханов оның сөзін толықтырып,  АЭС құрылысын жаңа кәсіпорындардың ашылуының, жаңа жұмыс орындарының құрылуының және экономикалық өсудің басты факторы ретінде атап өтті. 

– Энергетика дамымай, ел экономикасының дамуы мүмкін емес. Ел аумағында АЭС-ті пайдалануға беру көмір мен газ негізіндегі электр энергиясын өндіруді алмастыра алады. Ол экономиканың барлық салаларына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң әсер етеді. Сондай-ақ ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ парниктік газдың шығынын азайтады. Сондықтан бір шешімге келуіміз қажет, – деді ол.