Көктен иіп, жерден беріп, биылғы егін бітік шықты. Ауыл шаруашылығы мини-
стрлігіндегілер мен өңірдегі жер­гілікті атқарушы органдар сары алтындай егістік ал­қап­тардан бұрын-соңды болмаған өнім аламыз деп желпі­ніп отыр. Дегенмен еліміздің солтүстік аймағындағы басты астықты өңірлерде жаз бойы сібірлеп жауған жаңбыр нақ егін орағы тұсында тағы жалғасып, үлкен кедергісін тигізіп тұр.
Көршінің мұртын қашанғы майлаймыз?
1,100
оқылды

Көктемнің басындағы тұтас елді дүрлік­тірген топан судан әупірімдеп әзер шыққан диқан қауым егіс науқаны басталар тұста-ақ төпелей жауған нөсер жауыннан бидайды кешеуілдетіп еккен. Ал кеш себілген дәннің едәуір кештетіп пісетіні тағы белгілі. Сала мамандары мен тәжірибелі диқандардың айтуынша, егіс науқаны кеш аяқталған­дықтан, қауыздағы дән де әлі жөнді піспеген. Қыркүйектің соңына таман ғана баданадай дән жинауға әзір болмақ. Қазір егін орағына кірісу үшін тас-түйін әзір отырған шаруалар ашық күннің әр сәтін қалт жібермей, бітік егінді ысырапсыз жинаудың әлегімен жүр. Баданадай болған егін көктеп кетіп, был­тырғы ауыр жағдай қайталана ма деп қау­іп­тенген диқандар бар күш-қуатын ал­тын астықты шашау шығармай жинап алуға жұмсамақ. Алайда елдің ауыл шаруа­шылығының адымын аштырмай, алға бас­­қан қадамын кері қарай шегеретін түрлі аса ірі себептер саланың дамуына мүмкіндік берер емес. 

Тамыздың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі Қазақстанның Ұлттық даму жоспарын бекіткен еді. Аталған жоспар Үкіметтің алдағы бес жылға елдің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы басты мақсат­тары мен жоспарларын қамтиды. Halyk Finance сарапшыларының айтқан пікірлеріне жүгінсек, аталған жоспарда Қазақстанның қазіргі даму үлгісіне алып-қосар нақты ешқандай өзгеріс жоқ. Ұлттық жоспарда агроөнеркәсіп кешенінің дамыту саласында да айтарлықтай күрделі мәселелердің бар екені тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Атап айтқанда, өнімділіктің төмендігі, инфрақұрылымның нашар дамуы, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашы­лықтардың жабдықталуының тым әлсіздігі мен деңгейінің тым төмендігі көрсетілген. Дегенмен мемлекет соншалықты аса қом­ақ­ты қаражат бөліп күш салғанымен, ауыл шаруашылығының дамытудың қажетті нәти­жеге жете алмағанын анықтайтын сыни талдау болмаған. Ұсынылған саланы дамыту жоспарлары осыған дейінгі тәсілді қайталап, саланың біржола әлемдік нарықта ойып тұрып орын алуға бағыт сілтейтін те­тік табылмаған. 

Қазақ елі әлемдегі ауыл шаруашылығы саласына арналған жер көлемінен алтыншы орынға ие. Осынша мүмкіндіктері болғаны­мен елдегі ауыл шаруашылығының соңғы он­даған жыл көлемінде ішкі жалпы өнім көлеміндегі үлесі тым төмендеп кеткен. Не­бәрі бес пайыздық деңгейден әрі аспай келеді. Салыстырмалы түрде Қазақстанның климаттық жағдайымен өзара ұқсас Өзбек­станда ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 25 пайыздан асып жығылған. Тіпті, Қырғыз еліндегі ауыл шаруашылығына арналған жерінің көлемі біршама төмен болғанымен, ішкі жалпы өнімдегі үлесі 14 пайызға жетіп жығылған. 

Өзбектердің тіпті соңғы жылдары қазақ би­дайын қайта өңдеудің арқасында ұн экспорты жөнінен әлемдік көшбасшы ойыншылардың қатарына енгені анықталды. Жақында Парламент Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов Қазақстанның макарон мен ұн өндірудің орнына құр астықты ғана экспортқа көбірек шығарып жатқанын сын садағына алған. Оның айтуынша, көр­ші­лес өзбек елі қазақ бидайын қайта өңдеп, халықаралық нарыққа шығаруды сәтті жолға қойып алған. Сенат депутаты осыған орай құзырлы министрліктегілер мен Үкіметке депутаттық сауал да жолдаған. 

– Өзбекстан жыл сайын 1 миллион тон­наға дейін қазақ бидайын қайта өңдеп, ұн өнімдерін Ауған нарығына жеткізу арқылы ұн экспортынан нағыз көшбасшы елге айналды. Ал биылғы қазақ  астығының Өзбекстанға экспорты 1,3 миллион тоннаға жетті, – дейді Арман Өтеғұлов. 

Бұған Қазақстандағы диірмендер тұралап, шаруасы шатқаяқтап кеткені себеп болған. Нарықтық себептерге байлан­ысты жүздеген диірмен омақаса құлаған орнынан енді тұрмастай болып жабылып ты­нған. Салыстырмалы түрде айтсақ, 250 диір­мен­нің қазір небәрі 70-і ғана жұмыс істеп тұрған болып шықты. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елде, тіпті 2 мыңға жуық диірмен болған. Яғни, нақты статис­тиканы сөйлетсек, сол кездегі нарықтық экономикадағы өрескел қателіктерден 1 750 астықты қайта өңдейтін кәсіпорын жабылып, 70 мыңға жуық жұмыс орны түбегейлі жойылған. 

– Астықты өңдеудегі бұл тұралаудың сал­дары мемлекеттік мүдде мен фермер­лер­дің экономикалық жағдайына да елеулі кері ықпалын тигізді, – дейді сенатор. 

Сенат депутаты бұл орайда агроөнер­кәсіптік өндірушілердің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру және ұлттық азық-түлік қау­іп­сіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Арман Өтеғұловтың айтынша, елде астық экспорты­ның орнына сол астықты тереңдете қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың қатарын көбірек ұлғайту қажет. 

Елдегі ауыл шаруашылығы министрлігі астық нарығындағы жағдайды қалыпқа келтіріп ел мүддесін қорғау мақсатында Қа­зақ­станға өзге елдерден барлық көлік түрімен бидай жеткізілуіне тыйым салған еді. Мұндай істі министрлік елдің тек жыл басынан бері ғана 1,3 миллион тонна астық импорттап, іс жүзінде былтырғы жылдың бір жылдық импортына жетіп жығылғанымен түсіндірген. Ведомствоның мәліметінше, бұл ішкі нарықта өткен жылғы егін орағынан түскен бидай қорының жеткілікті болуынан елеулі қиындықтар тудырған. 

– Осы жылдың бірінші шілдесінде елімізде шамамен 6,1 миллион тонна астық қоры оның ішінде 5,1 миллион тонна бидай болды. Оның азық-түлік мақсатында 4 миллион тоннасы жұмсалады. Вегетация кезеңінде астықтың жақсы өнім беретіні болжанды. Былтырдан қалған қорды есепке алғанда нарықта астықтың шамадан тыс көп болып кететіні байқалды, – деді Ауыл шар­уашылығы министрлігінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерінде тараған ақпаратта. 

Ішкі нарықты қорғау және астықтың кері экспорт фактілерін болдырмау үшін осы жылдың 26 шілдесінде сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері бойынша ведом­ствоаралық комиссияның отырысында Қазақстан территориясы арқылы бидай транзитін өткізуден басқа осы жылдың 31 желтоқсанына дейін Еуразиялық экономи­калық қауымдастық елдерінен және басқа мемлекеттерден Қазақстан аумағына барлық көлік түрімен бидай тасымалдауға тыйым салу туралы шешім қабылданды. Бұйрық 21 тамыздан бастап қолданысқа енгізіліп 31 желтоқсанға дейін күшінде болмақ. 

Алайда көршілес елдерден Қазақстанға бидай жеткізушілердің арыны әлі басылар емес. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлі­гін­дегілер де растады. Мәселен, осы жылдың 6 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысының теміржол фитосанитарлық посттарында аумақтық инспекция инспекторлары Ресей Федерациясының Саратов облысынан келген 4 вагон (251 тонна) бидайды тауып, кері қайтарған. Вагондардың Талдықорғанға бағытталғаны анықталған. Яғни, «бармақ басты, көз қыстымен» контрабандалық дәнді-дақылдар ел аумағына әлі де болса заңсыз жолмен түсіп, бұл елдің фитосанитар­лық және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруін тоқтатпай тұр.

Диқан қауымы мен тұтас сала маман­дар­ын қамбаға түсе бастаған астықтың биыл да шамадан тыс ылғалды болуы аса қатты алаңдатып тұрған жайы бар. Ауыл шар­уашылығы министрлігінің БАҚ өкіл­деріне таратқан ресми мәліметтеріне сен­сек, соғыл­ған астық қазірдің өзінде 8 мил­лион тоннаға жеткен. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Тамыздағы және қыркүйек­тің басындағы жауын-шашыннан астық шамадан тыс ылғалды болған. Сондықтан Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі астықты аймақтарға аг­р­ар­лық шаруашылықтарды астықты кеп­тіргіштермен және элеватор­лардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндетін тапсырды. Бұл орайда министр Айдарбек Сапаров облыс әкімдері орын­басарларымен өткен жиында егін орағына барлық ресурс­тарды жұмылдыру қажеттігін ескерткен. 

– Аграрлық шаруашылықтар көтерген бар­лық мәселені жедел арада шешу қажет. Қостанай облысы элеваторында маман тапшылығынан үш ауысымдағы жұмысты ұйымдастыра алмай отыр. Қазір астық қабылдау кәсіпорындарының тәулік бойғы жұмысын қамтамасыз ету қажет. Өйткені алдағы уақытта тағы көлік кептелістері болып, адамдар ұзақ уақыт құр босқа кезек күтумен уақытын зая етуі мүмкін, – деді мин­ис­тр Айдарбек Сапаров. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, астықты аймақтарда тәулігіне 923 мың тонна астықты қабылдауға қауқарлы 1,3 мыңнан астам астық кептіргіштер бар. Былтырғы жылдың күзінде 78 агрегат сатып алынған. Қазір тағы қосымша 82 агрегат қажет. Биыл астық кептіргіштерді алуға жеңілдікті лизинг беру де іске қосыл­ған. Аталған мақсатқа 3 млрд теңгеден ас­там қаражат бөлініпті. 

– Бұған дейін ҚазАгроФинанс мобильді аппараттарды сатып алуға қаржы бөлген. Қазір 15 пайыздық аванспен 7 жылға 9 пайызбен лизингтік бағдарлама бойынша стационарлы астық кептіргіштерді сатып алуды қаржыландыру туралы шешім күтілуде. Сонымен қатар астық кептіргіш­терді сатып алу шығынының 30 пайызы мем­лекетпен субсидияланатынын атап өту қажет, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. 

Жиында бірқатар астықты аймақта арзандатылған жанармайдың уақытында жеткізу де сылбыр жүргізіліп жатқаны атал­ды. Яғни, сандарға сүйенсек, 192 мың тонна немесе көзделген жоспардың 54 пайызы ғана орындалған. Астықты ысырап­сыз жинау үшін тағы қосымша 67,7 мың тонна жанармай мен 5 мың тонна сұйыл­тылған газ бөлінген. Тағы бір аса маңызды мәселе тыңайтқыштармен қамтамасыз ету­­де де күрделі қиындықтар болған. Жос­пар бойынша 1,5 миллион тонна тыңайтқыш себілуі тиіс болғанымен іс жүзінде тек 1,2 миллион тонна тыңайтқыш тиелгені анық­талды. Бұл орайда Ақмола облысы мен Түркістан облысы жоспарды орындай алмаған. Министр минералды тыңайтқыш­тарды тиеу жұмыстарын күшейтіп, аталған қаржының басқа мақсатқа жұмсалмауын қадағалауды тапсырды. Жиын қорытындысы бо­йынша барлық астықты аймақтағы әкім­діктерге сапалы тұқым жинау, жаңа егін орағынан түскен астықты уақытында элеваторларға жеткізу және барлық астық қабылдау кәсіпорындарын тәуліктік жұмыс режиміне көшіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды. Министрліктің соңғы 12 қыр­күйектегі мәліметі бойынша, елдегі жалпы көлемі 5,4 миллион гектар (30 пайыз) егіс­тік алқап орылып, 8 миллион тонна ас­тық қамбаға түскен. Элеваторларға 880 мың тонна астық жеткізілген. Түскен өнім­нің 61,4 пайыздан астамы 3-класты би­дайды құрайды. 

Жыл сайын астық, әсіресе бидайдың азық-түлік келісімшарт корпорациясында бағасының тым кешеуілдетіп қойылуы да шаруалардың шымбайына қатты бататын аса өзекті мәселе. Биылғы бидайдың баға­сын Ауыл шаруашылығы министрлігі 80-85 мың теңгеге қою туралы ұсынған. Қа­зір шаруалардың шашын ағартатын аса өзек­ті мәселе форвардтық сатып алу шең­беріндегі азық-түлік келісімшарт корпор­а­ция­сының астық бағасын бекітуі мен субсидия төлемі болып отыр. Аталған мә­селені Қостанай облысы ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері ассоцияция­сының өкілі Александр Бородин министр Айдарбек Сапаровтың Қостанай облысына сапары кезінде де көтерген еді. Ассоциация азық-түлік келісімшарт корпорациясына 3-класты бидайдың бағасын 105 мың теңгеден, 4-класты бидайды 95 мың теңгеден бекітуді өтініп ұсынысын жолдаған. Алек­сандр Бородин министрліктің бидай ба­ға­­сын 80-85 мың теңге көлемінде ұсынып отырғанын атады. Ал АТКК-нің баға қоюда өз көзқарасы бар. Дегенмен баға әлі талқыға түсіп жақын арада жария етілмек.

Тағы бір аса маңызды жайт субсидиялық қаражатқа байланысты министр жылдық 5 пайыздық несие беруге баса назар аударылатынын айтты. Ал ауыл шаруашы­лығы ассоциациясы несиелердің тек пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайыздан болса ғана қолжетімді болатынын айтады. 

– Бүгінде еліміз бойынша субсидия қарыздарының көлемі 362 млрд теңгеге жет­іп жығылды. Қазір 80 млрд  теңге сома­ны резервтік қордан бөлу туралы белгілі бір келісімдер бар. Қалған сома бойынша кесте жасалып, біртіндеп өтеу басталмақ, –  дейді министр Айдарбек Сапаров. 

Ауыл шаруашылығы министрі бидай бағасының тоннасы 80-85 мың теңгеге сатылымы жеткілікті десе де, диқан қауым­ының бұл уәжбен келіскісі жоқ. Өйткені жаңбырдың салдарынан Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы шаруалар ресми түрде егін орағы жарияланғанымен жауыннан көз ашпауына байланысты науқанды уақытында бастай алмаған. Егін кеш піс­кен­діктен сапасынан айырылып, масақта тұрған күйі дәндері түсіп, ауруға ұшырап тіпті көктеп кетуі бек мүмкін. Ауа райы жауын-шашынның салдарынан теріскей облыстардың бәрінде жағдай бір тектес. Диқан қауымның көпшілігі диірменге тар­туға жарамды бидайдың жақсы сапада болмағына күмәнмен қарайды. Ал астық сапасы болмаса бар маңдай тері мен қаржысын жұмсағанымен көңілге қонымды бағаға өткізе алмайды. Егер бидайдың сапасы жақсы болса hi-pro бағасы тоннасына 100 мың теңгеге жетіп отыр. Ал көпшілікке ортақ 3-класты бидай қазір 70 мың теңгеге бағаланған. Ал кластан тыс бидай, тіпті 43 мың теңге сомаға ғана бағаланып отыр. Диқан қауым бұл құнның тым төмендігін тым құрығанда мемлекетпен қойылатын баға 110 мың теңге болуға тиіс деп есептейді. 

Күн райының ашық уақытын барынша сәтті пайдалану қажеттігін жергілікті құз­ыр­лы органдар да қуаттап отыр. Мәселен, Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов өңір шаруашы­лықтар жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр деп есептейді. 

– Әрине, қыркүйектің бастапқы күндері жаңбырлы болып егін орағына айтарлықтай кедергі туғызғанымен соңғы күндері ауа райы ашылып, орақ науқаны қарбалас жүріп жатыр. Қазір бәрі ойдағыдай науқан жүріп жатыр. Элеваторлар бәрі астық қабылдауға әзір. Қазір облыста орта есеппен гектарына 12,3 центнерден айналып жатыр. Бұл нашар көрсеткіш емес. Ауа райы ашық болып жатса алдағы уақытта астықты ыс­ыр­ап­сыз жинап аламыз деген ойдамын, –  дейді Кенеш Әлімжанов. 

Ашық күн райының ауадай қажеттігін диқандар да түсініп, әр жылы күнді тиімді пайдалану үшін барын салып жанталасып жатыр. Бітік егінді шашау шығармай жи­нау­ға тырысқан Егіндікөл ауданындағы «Қоржынкөл-А» ЖШС-ның директоры Әбіл­қайыр Ошақбаев та жаңбырдың сал­дары­нан орасан шығын болуы мүмкін екен­ін жасырмады.

– Жаңбырдың салдарынан егістік алқабы үлкен зиян шегеді. Бірінші кезекте арпа масағынан түсіп қалады. Аз-маз күн ашылса бірден оруға кірісіп жатырмыз. Тым құрығанда 10-20 гектар болса да орып ала беріп жатырмыз. Егер жаңбыр жалғаса берсе аса үлкен шығындар болмақ. Бірінші­ден, сапа төмендейді. Биыл егін кеш егі­луі­нен әрі су тасқынының салдарынан көп егін әлі пісіп үлгерген жоқ, – дейді Әбілқайыр Ошақбаев. 

Диқан қауымның қазіргі бар ойы – ашық күнде егін орағын ысырапсыз жинап алу. Алайда жоғарыда айтылған аса үлкен әрі күрделі мәселелер Үкіметтен бастап бар­лық министрлік пен әкімдіктен тиісті әрі жедел шешім шығаруды қажет етеді. Бағаның да диқан қауымына қолайсыз баға­сы осыған дейін онсыз да шаш етектен шыққан шаруалардың шығынын жаппай қалуы кәдік. Саяси сахнада да қазақ би­дайы­ның сыртқа тек шикізат күйінде ғана тасымалданып, өнімнің өңделмеуі өзіміздің емес, «көршілеріміздің» мұртын майлап ұн өндірісінен көшбасшы болғаны – аса өзекті мәселе. Сондықтан жауапты органдар өгіздің де өлмей, арбаның да сынбауын қадағалап, опындырар әрекетке жол бермесе екен дейсің....

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы