Оның «Менің үкім» әңгімесі қазақ әдебиетіне бастаған алғашқы қадамы еді. Жазушы осы бір тырнақалды туындысын 6-сыныпта оқып жүргенде жазыпты.
Роза Мұқанова, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Әйел – болмысында, табиғатында қаһарман
2,049
оқылды

Кейін бұл әңгіме «Қазақстан пионері» журналында жарық көреді. «Менің үкіммен» басталған қадам жазушылық жолға бет бұрғызды. Иә, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – қазақ әдебиетіне өзіндік сүрлеуімен, өз әлемімен келген жазушы Роза Мұқанова.  Қаламгермен әңгімеміз де әдебиет төңірегінде өрбіді.  

– Роза апай, кез келген шығармашы­лық адамының (ақын, жазушы) бір төл­құжаты іспеттес шығармасы болады. «Мәңгілік бала бейне» десе, елең ете қа­­ла­­тынымыз – сондықтан. Бұл шы­ғарма сіздің ғана емес, марқұм режиссер Болат Атабаевтың да оң жамбасына тура келген дүние болды десек, артық айт­қандық емес. Дегенмен «Мәңгілік бала бейнеден» де бұрын жазушының жеке қолжазбасында сақталған шығармалар баршылық шығар. Жазу дейтін ауыр жүктің алғашқы баспал­дағы қалай бас­талды?

– Негізі, бір ғана шығармасын тану – обал. Атақты  «Ерке сылқымның» ав­торы Әбдімомын Желдібаев ағамыз­дың айтқаны есімнен кетпейді. «Ерке сыл­қымның» түйесіндей күйлерім бар, бірақ жұрт «Ерке сылқымды» ғана біледі деп. «Мәңгілік бала бейнені» жұрттың бәрі айтады, дұрыс та шығар. Бірақ «Мәңгілік бала бейнеден басқа еш нәрсе жазбаған­дай күйде қаласың.  «Мысықтар патша­лы­ғы», «Сарра», «Фариза», «Бопай хан­ым» сияқты жо­ғары баға алған шығ­арма­­лар­­ым бар. Түркістан театрындағы «Фаризаны»,  Қ. Қуанышбаев атындағы театрға «Бопай ханым» спектаклін көру үшін облыстардан ұшып келетін көрер­мен бар. Бәлкім, «Мәңгілік бала бейне» бағын­дырған шың өз биігінен түскісі келмейтін шығар. Болат Атабаев «Мәң­гілік бала бейнені», М. Әуезовтің «Қара­лы сұлуын» (инсценировкасын жаздым) сахнаға шығарып үлгерді. Оның ең үлкен жобасы «Мысықтар патшалы­ғын» сахналау еді. Менің де арманым осы пьесамның сахнаға шығуы бола­тын. 

Бұл драматург пен режиссердің жұмыс барысындағы бірін-бірі толық­тыра алатын, бірін-бірі ұға алатын шығар­машылық теңдіктің көрінісін  аң­ғартады. Болат бұл шығармаға ерекше қарады, сүйіспеншілікпен бар ынта-шынтасын салды. Ол Ләйлә болып өмір сүрді, Ләйләның жан аза­бын кеше білді. Ләйләның жалғызды­ғына өз басының да жалғыздығын жалғады. Ләйләдан автор­дың жанын көрді. Болат шебер режиссер, ол сөз қумайтын, ой іздейтін РЕЖИС­СЕР еді. 

– Әдебиет жынысқа бөлінбейтіні рас. Оны біз әлемдік классикадан да жақсы білеміз. Жазуы ер-азаматтардан кем түспейтін қаламгер қыздардың шығар­малары әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Әдебиет дейтін ұлы өнердің көшін сүйреуде нәзік қыздардың жұтылып кетпеуі үшін не қажет?

– Жұтылмайтын шығарма жазу қажет. Бәсін бермеуі керек, жасанды жазбауы керек. Шығарма атыңды шыға­ра­ды, атағыңды  да өзі танытады, жазу­шы етіп жария салады. Өзіңді-өзің жазу­шы етіп жария сала алмайсың, атыңды әйгілейтін, даңқыңды асыра­тын көркем шығарма. Көркем шығар­маның деңгейі бөлек, ауқымы кең. Бұл – ақиқат! Әде­биет сөз құраудың үлгісі емес, ӘДЕБИЕТ – ЖАН, САНА, ҚАҚТЫҒЫС! 

Күнделікті өмірдің проблемасын қозғау, мораль айту, тәрбие жүргізу, ақылман болып көсілу, лепіру – әдеб­иет­тің  міндетіне жатпайды. Әдебиет  ұмыт болатын, бүгінгі проблеманы қоз­ғау үшін жазылмайды. Әдебиет ешқашан шешілмейтін, шешімі жоқ адамзаттың азабын, трагедиясын жазады. 

– Жанкештілікті талап ететін шығар­машылық дейтін әлемде әйелдің салмағы қалай көрінеді?

– Әйелдің салмағы  ер-азаматтармен бірдей, тең. «Мен әйелмін», «менің жаз­ған шығармама жолыңды бер», «жеңілдік жасаң­дар» деп айта алмайсыз, айтуға ха­қы­ңыз да жоқ. Әдебиетке гендерлік сая­сатты да кірістірудің қажеті жоқ. Соғы­с­та әйел деп, еркек деп таңдау жасамайды, қару бәріне ортақ. Қалам да сол – қаруың.  Жазушы табиғаты – әйел, еркек деп бөле қарауға келмейтін ұғым. Екеуіне де қара сөздің қасиеті қонған, жан  ортақ, сана ортақ. Бірақ таңдаулысы  ғана танылады. 

– Әйел – нәзік жаратылыс. Солай бола тұра, тарихта қаһарман әйелдердің тұлғасы көп. Оларды ержүрек еткен не сиқыр? Сіз­дің кейіпкерлеріңіз де кіл қаһарман әйел­дерден тұратынын жақсы білеміз. «Әйел қаһарман көрінсе, оның ұрпағы да қаһарман көрінеді, ұлты да қаһарман болады» дегені­ңіз де осыны меңзесе керек. Дегенмен ер мен әйелдің орнын салыстырғанда, қоғам «ба­қыр басты» еркекке көбірек салмақ арта­тынын байқатып қояды. Ал сонда «алтын басты» әйелдің кінәсі неде деп ойлайсыз?

– Ұрпақты АНА тәрбиелейді. Әйел жарды да  өзі таңдайды... Осының өзі әйел қуаты мен қаһармандығының көрінісі. Әйелге әлсіз деп қарауға болмас, әйелдің сырты нәзік көрінгенмен, қуаты мықты. «Жақсы қатын, жаман еркекті адам етеді» дейді біздің  халық. Бірін­шіден, жақсы қатын жаман еркекке өлтірсең де тимейді, тиген жағдайда сөзсіз АДАМ етіп шығаруға ғұмырын арнайды. Қаһарман емегенде не?.. Өйткені еркегінің есіктегі басын,  ұрпағы үшін төрге шығаруға  бел буады, қайсар, ұрпақ алдындағы міндетін зор санайды, жаратылысы сол!  «Әйелдің қыр­ық жаны бар», еркек  неге қырық жанды емес?..  Әйел – болмысында, табиғатында қаһар­ман. 

– Кристин Ханнаның «Бұлбұл» романы – ІІ Дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен француз қызының көркем образын сурет­теген шығарма. Бізде де соғыста ерлік көр­сет­кен батыр қыз көп. Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Бірақ «Бұлбұл» сияқты көркем шығарма жаза алмаған секілдіміз. Қазақ әйелдері тақырыбын жазудағы қиындық неде деп ойлайсыз? 

– Шынымды айтсам, бұл шығарманың мақтауы асып жатқан соң мен де сатып алдым, бірақ тартпады. Әдебиеттің таби­ғи көркем тілі өзіне тән болмай шыққанда оқырман ретінде кітап оқи алмай қала­мын. Қазақ әдебиетінде соғыс тақыры­бына жазылған шығарма аз емес. Соның ішінде әйел образы да қалыс қалмады. 

ХХ ғасырдың басында «әйел теңдігі» деген тақырып белең алды. Осыған бай­ланысты ар-ұяты тапталған қазақ қыз­дары­ның ауыр тағдыры еселеп жазыл­ды. Жүсіпбек Аймауытов «Күні­кейдің жазы­ғы», Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнә­сі», Мұхтар Әуезов «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», Бейімбет Майлин «Күлпаш» сияқты шығарманың бәрі клас­сикалық шығармалар, бірақ қазақ қызы­ның қамкөңіл, қаралы, ауыр тағдыры бей­не­ленді. Ал қазақ даласында қазақтың  әулие, дана, қолбасшы, саясаткер аналары болғанын тарихтан жақсы  білеміз. Осы тақырыптарға  қадам басу керек. Жазушы Шәрбану Бейсенова­ның «Ұлы дала ару­лары» атты еңбегінде қазақ даласын­дағы  әйгілі аналар бейне­сінің тарихы  жинақ­талып, автор­лар ұжымының  жина­ғы жарық көрді. Сон­дағы Сүзге, Сүйінби­ке, ақын Сара сынды тұлғаларды Шәрбану апай терең зерт­теген.  Домалақ ана, Мұр­ын ана, Қыз­ай ана, Бопай ханша, Айғаным және бас­қалар. Осы зерттеулер түбі  көр­кем шы­ғар­малардың жазылуына  мұрын­дық болады деп ойлаймын. Қазақ қыз­дар­ы­ның әділетті, қаһарман образын жас­а­­й­тын уақыт келді.  Әдеби образ – ең әуелі тақырыпты зерттеу арқылы, төл тари­хымызды терең білу арқылы ғана жүзеге асады, бұған жылдар кететіні дау­сыз. Біздің тарихи тұлғалар тек ауызша тарихтың деректерімен шектеліп келді. Әдебиет, кино, театр –қаһарман, қол­басшы болған Бопай ханша (Кенесары ханның қарындасы ), Назым, Гауһар сын­ды  батыр қыздардың  бейнесін сомдауға атса­лысуы  керек. 

– Бұрын адам баласында белгілі бір құндылықтарды құрмет тұту бар еді. Қазір көп нәрсе өзгерді: бірақ сол өзгерістердің арасында біз адами қасиеттерді сақтап, ұстап қала аламыз ба?

– Сақтай аламыз, егер дәстүрімізді, ұлттық ерекшелігімізді, ана тілімізді құнды деп танысақ. Егер осы құндылық­тардан ажырап қалсақ, біздегі бауырмал­дық пен қайырымдылық та,  адами қасиет­тер де, қарым-қатынас та біртіндеп сөне береді, жойыла береді.

– Бұрын адам жанын сөз емдейтін еді, қазір керісінше сөзбен буллиң жасап, жара­лайтындар көбейді. Сөздің қадірі кетті деп ойлаймыз ба?

– Сөздің бе?... Меніңше, тұлғалардың қадірі кетті. Бұрын тұлғаларға қарапайым жұрттың қолы жетпейтін, биліктің де сөзі өтпейтін. Біздің қоғам тұлғаларды қол­жау­лық етіп алғаны рас, саясатқа да, тойға да ортақ, әр жерде әртүрлі сөз айтады, өзгер­мелі, арзанқол болып кетті.

– Шығармашылық адамы тоқырайтын уақыт бола ма? Сіздің жазу лаборатория­ңыздың ерекшелігі неде? 

– Тоқырайды. Бірақ тоқырағанын білмейтіндері бар, білетіндері бар. Жазғым келетін тақырыптар әуелі өлі қалпы жа­тады, 4-5 жылда санамдағы кейіпкерге ақырын­дап жан біте бастайды, формаға түседі, тәсілі, әрекеті пайда болады, тол­ық­қанды жаратылып болған­да ғана сыртқа шығаруға, жазуға бел байлаймын. Шығар­маларымның арасы тым ұзақ болатыны да сондықтан.

– Екі бірдей шығармашылық адамы бір отбасында тоғысқанда әдеби процесте қи­ын­дық туа ма? Әлде ортақ үйлесім бар ма? Әкім ағаның қай қасиеті сіз үшін құнды? Ол кісі сіздің шығармашылығыңызға баға бере ме?

– Қиындық болған емес, біз бір-бірі­мізге не жазатынымызды, не жазып жүргенімізді айтпайтынбыз. Айта қалсақ, аузымыздан әлдеқалай шығып кетсе, ол шығарма ауаға жайылып кетті деген сөз. Ешқашан  жазылмайды, бітті! Мұндай өкінішті сәттер болған. Сол себепті менің бірдеңе түрте бастағанымды сезсе, Әкім ағаң мазаламауға тырысады. Шығармам­ды бітіргенге дейін бәйек болып жүреді. Мен кейбір өзіме ұнаған тұстарды ағаңа оқы­ғым келіп тұрады, бөліскім келіп тұрады.  Ал Тарази мүлде басқа, ол жазу барысында бой жасырып тығылып, көзге көрінбей жүреді, пәтер жалдап кетіп те қалады, қабағы ашылмайды, күйініп, ыза болып, булығып жүретін. Ондай кезде мен бәйек болып, тамағын, ас-суын дайындап құрақ ұшамын. Бұрын осы күй жиі қайталанатын, шығарманы аяқта­ғанда тау қопарғандай бақытты болатын еді. Ағаң 80 жасында «Андрей» деген көркем эссе жазды. Ғажап шығар­ма! Мұнан кейін Әдебиет деген нақсүйерімен бүтіндей қоштасты. Түсіне­сіз бе?.. Оның мұңын бөлісер, шерін ұғы­сар, ой-санасына ортақ  болар мен ғана қалдым. Осыбір ауырлау сәтті ол кісі тез жеңе алды, ал мен жылап жүрдім, аяйтын­мын... Ол кісі жазуымен табысса екен деп шын тіледім, бірақ қайырыл­мады. Менің түсінігімде  суреткер   жазу­мен мәңгі бірге болады, ерлі-зайыптылар сияқты деп ойлайтынмын. Сөйтсем, олардың да ерлі-зайыптылар сияқты бірі  ерте кетіп, бірі соңында қалады екен. 

Әкім ағаңның бойында асыл қасиет­тер көп, өте көп! Соның бірі  өсек тыңда­майды, бос  сөзге араласпайды, қиянат сөз айтудан бойын  таза ұстаған адам, кісі сыртынан сөз айтпайтын жан. Бұл – асыл қасиет, мұндай адамдар сирек қой. Әлдекімдер көкелеп келіп, еркін сөйлей бастағанда бірден тыйып тастап отырады. Ондай кезде әлгі адам­ның көңіліне ауыр келді ғой деп мен қиналып отырамын, бір қызығы, жаңағы адам да көңіліне алмайды. Ағаң­­ның әділдігін іштей мойындап кетеді.

Ол кісіні Алла ерекше сабырмен жарат­­қан. Дүние төңкеріліп түссе де сабырын жоғалтпаған адам. Батыл, шешімінен айнымайды. Осындай қас­иет­тер менде жоқ, мұндай қасиет әркімде бола бермейді. 

– Қазақтың қаламгер қыздарының ішінде сіз құрмет тұтатын, үлгі тұтатын кімдер бар? Жалпы, біреуге еліктеген кезіңіз болды ма?

– Мен қазақ жазушы қыздарына елік­темедім, керісінше жазушы ағаларыма еліктедім. Мұхтар Әуезовті ерекше жақсы көрдім, мектеп қабырғасында да, студент кезімде де фотосуреттерін қиып алып, жинап жүретін едім. «Еңлік-Кебектегі» Еңліктің монологын жаттап алып, мектеп­ке барғанша, қайтқанша жағым талмай, рөлін  ойнап, айтып келетінмін. Әуезовті пірім деп білемін. Шығар­ма­шылығыма Тәкен Әлімқұловтың прозасы әсер етті.  Студент кезімде Стефан  Цвейгпен табыстым. Әрі қарай кете береді. Сайын Мұратбеков пен Қалихан Ысқақты Әкім Таразидың ең жақын достары болғандық­тан ерекше ынтамен оқыдым.

– Шығармашылықтан жалығатын кез бола ма? Роза Мұқанова қаламгер болма­са, қай саланы таңдар еді?

– Шығармашылықтан жалыққан емес­пін, керісінше уақыт бөле алмадым, қар­ыз­дармын. Оған бар ғұмырымды сарп етіп, жанкешті болып өзімді бүтіндей  арнай алмадым. Жазу – мені таңдады, ал мен сат­қындық жасадым. Жазудан гөрі отбас­ым­ды ілгері қойдым,  бола­шақта кешір­ілемін бе, кешіріл­меймін бе, білмеймін... Жазу – кие! Киеге абай болу керек! Ол мәңгі бірге бола ал­майды, сенен көшіп кететін мезгілі болады, уақытша жаныңнан ұя тауып қонақтайды. Ал сен оның иесі ретін­де баптауың керек, берілуің керек, қара басыңды соған арнауың керек. Бо­йың­дағы барыңды сарпып беруің керек. Кемпірбай ақынның «Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты» дегеніндей,  ЖАЗУ мәңгілікке қалмайды, тастап кете барады. Мен үшін ЖАЗУ – мінә­жат. Тазару үшін, жан­ым­ды сақтап қалу үшін жаздым. Жазу – ойды бұзбайды, Жанды  кірлетпейді. Жазу – жалған сөйлетпейді. Осындай қасиет  бар қаламда.

– Шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз рет­інде жастарға не айтар едіңіз? Олар нені, кімді үлгі тұтуы керек?

– Шәкірттерім менен гөрі мықты, талантты, білімді, қайсар, жанкешті болса екен, қаламды кие тұтса, адал болса екен. Бола­шағынан үміт күткен тамаша шә­кірт­­терім бар, тек Алла оларға ғұмыр берсін деп тілеймін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Гүлзина БЕКТАС

 

ҚЫСҚА ДА НҰСҚА:

– Қаламгер әйелдің досы көп бола ма, дұшпаны ма?

– Егер талантты болса, дұшпаны көп болады.  Көптің бірі болса, дұшпандасып қайтсін. «Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде...» (Фариза Оңғарсынова).

– Дінге көзқарасыңыз қалай?

–  Дұрыс. Мұсылманмын.

– Театрдан бөлек, сізді не қызықтырады?

– Балаларымның болашағы. 

– Бопай ханым, Фариза, Сарра... Сізге кейіпкеріңіздің өмірінен таңдау бұйырса, қайсысы болар едіңіз?

– Үшеуі де бола алмаймын. Роза болып қалар едім.

– Ұл-қызыңыздың шығармашылыққа барғанын қалайсыз ба?

– Олар ғылым жолына таңдау жасаған,  шетелде қызмет етеді.

– Қаламгер әйел мықты ер адам образын жасай ала ма?

– Жасай алады,  тарихын, өмірбаянын жақсы білсе.

–  Сөздің серті неде?

– Уәде. «Уәде – Құдай сөзі» деген.