Таяуда басталған футзалдан әлем чемпионатында біздің жігіттер топ жаруда. Оныншы мәрте ұйымдастырылған тартысты сайысты өткізуге Өзбекстан ниет білдіріп, тізгінді өз қолдарына алды. Айта кетсек, бұл турнир осы жылдың 14 қыркүйегінде басталып 6 қазанына дейін жалғасады. Өзбекстанның Ташкент, Әндіжан және Бұхара қалалары үздік 24 құраманы қабылдайды.
Тағы бір жеңіс керек...
508
оқылды

Қазақстан құрамасы өзінің топ­тық кезеңінде Испания, Ли­вия және Жаңа Зеландия құрама­ларымен бақ сынаспақ. Алғашқы ойында әлемдік грандтардың бірі Испаниямен терезесі тең түссе, келесі ойынында Ливия құрама­сын 4:1 есебімен шаң қаптырды. Енді шешуші соңғы ойында Жаңа Зеландия құрамасымен күш сы­на­сады. Ойын 21 қыркүйекке жос­пар­ланып отыр.

Каканың шәкірттері жарап тұр

Турнирдің басты фавориті, екі мәрте әлем чемпионы атанған Испания мен Қазақстан D тобы­на тұрақтаған еді. Осыған дейін екі құрама түрлі жарыстарда өз­ара үш рет кездесіп, барлығы Ис­па­ния­ның пайдасына шешіл­ген. Ал соңғы текетіресте адуын­ды жігіт­тердің мысын бастық. Матчтың 5-секундында Дуглас­тың әуелете берген пасын Біржан Оразов қақпаның оң жақ баға­нына дәл тигізіп, құраманы алға шығарды. Алайда біз күтпеген қателіктер де болды. Матчтың 9-минутында Дәурен Тұрсағұлов қарсыластың аяғын оқыс басып, қызыл қағаз алды. Енді келесі матчта Тұрса­ғұлов ойынды сырт­тан бақылайды. Ары қарай қызыл сойқандар біз­дің осал тұсымызды аңди отырып, 17-минутта есепті теңестірді. 2 сағатқа созылған ойын тең нәти­жемен бітті. 

Матч туралы ұлттық құрама­ның бас бапкері Рикардо Кака әдепкіде нәтижеге көңілі толма­ғанын жасырмады. 

«Нәтижеге риза емеспін, се­бе­бі біз мұнда жеңіске жету үшін келген едік. Бірақ бәрібір футбол­шыларымнан күтер үмітім көп. Өзбекстан халқына да ерекше рақмет айтқым келеді. Өзімізді өз үйімізде жүргендей сезіндік», – дейді ол.

Қазақстан Футбол федерация­сы бас бапкермен келісімшартты ұзартуды көздеп отыр. 

«Қазақстан құрамасының Лит­вада өткен соңғы әлем чем­пионатындағы табысы елімізде футзалдың дамуына үлкен серпін берді. Соңғы бірнеше жылда футзалымыз жаңа деңгейге көте­рілді және бұл – әрине, Каканың қосқан үлкен үлесі. Дегенмен мұ­ны­мен тоқтап қалғымыз кел­мей­ді. Біздің команда топта бі­рін­ші орын алып, негізгі айна­лымда сәтті өнер көрсетті», – дей­ді федерация президенті Әділет Барманқұлов.

Еске сала кетсек, Рикардо Кака Ұлттық құраманы 2018 жыл­дан бастап жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен біздің құ­рама 2021 жылғы әлем чемпиона­тында төртінші орын алып, бұл оның футбол та­рихын­дағы ең үздік жетістіктердің бірі болған еді.

Жанкүйер алтыншы ойыншыға айналды

Қазақстан–Испания мат­чының үздік ойыншысы атағы Лео Игитаға табысталды. Ол осы ойында көзге түсіп, біраз қауіпті соққылардың бетін қайтарды. Бразилияның тумасы 2011 жылы «Қайрат» сапына ауысып, сол кезден бастап халықтың назарын­да жүрген еді. Futsalplanet Awards ұйымының шешімімен 2015, 2016, 2018, 2019 және 2020 жыл­дары әлемнің үздік қақпашысы атағын жеңіп алды. Лео Игита қақпашы ретінде ғана емес, әр түрлі амплуа­да да өнер көрсетеді. Пасының дәлдігі мен соққы­сының айқын күші қарсылас­тарын есеңгіретіп жібереді. стилінің алуан­дығы ар­қа­сында командада тығыз бай­ла­ныс орнап, жүйелі ойнауға септігін тигізеді. 

«Әлем чемпионатының бірін­ші матчына қатысты айтсам, біз бұл матчтың қиын болатынын білдік. Дайындығымыздың 90 пайызын жүзеге асыра алдық. Біз олардың қауіп-қатер тудыратын сапалы ойыншылары көп екенін білдік... Бірақ тең нәтиже де жаман емес. Енді қалған ойын­дарымызды жеңіспен аяқтауымыз керек. Мүм­кіндіктерді айырбас­тап, осы топ­тағы кез келген қарсыласқа бар күшімізді салып ойнауымыз ке­рек», – деді Игита ағынан ақта­рылып.

Сондай-ақ ол сөз арасында жан­күйерлерге ризашылығын да айтып үлгерді. 

«Бүгін жанкүйерлеріміз ал­тын­шы ойыншымызға айнал­ған­дай. Ташкент жақын болғаны­мен, Әндіжан сәл алыста. Әнді­жанға жанкүйерлеріміз осын­­­шама көп келеді деп ойламаппын. Ойынның соңына дейін жанкүйерлердің арқасында қар­сыластың шабуы­лына төтеп бер­дік деп ойлаймын. Бүгін олар менімен бірге қақпа күзетті», – дейді ойыншы.

Тактикалық дайындық өз жемісін берді

«Қайрат» клубының және Қазақстан құрамасының басты шабуылшысы Біржан Оразов та әлемдік турнирлерде жақсы ойын көрсетіп жүр. Семейлік жігіт өзі­нің футбол карьерасын «Ұшқын-Ис­кра» командасында бастап, одан кейін «Жетісуға» көшіп, кейіннен 2017 жылы «Қайрат» сапына ауысқан-ды. Ірі турнир­лерде топ жарып, ел қошеметіне бөленді. Өсіп келе жатқан жас буын Біржанды үлгі тұтты. Әлем біріншіліктерінде, әсіресе Еуропа чемпионатында 7 гол салып, үздік сұрмерген атағын жеңіп алды. Біржан бұл жолғы додаға да үлкен дайындықпен келгенін айтқан болатын.

«Турнирге келерге дейін көп видео қарап, әртүрлі ойын сце­нарийлерін қарастырдық. Бірақ қызыл қағаз аламыз деп ойлама­дық. Жылдам гол туралы айтатын болсақ, бұл – тактикалық дайын­дықтың арқасы. Осы тактиканы Иран және Аргентина құрама­ларымен өткен жолдастық ойын­да қолданып көрген болатынбыз. Бүгін енді голмен аяқталды. Ке­ле­сі өткен Ливияға қарсы матчта да тактикамыз іске асып, қарсы­ласты жеңіп кеттік», – деп пікір білдірді Біржан Оразов.

Ендігі байрақты бәсекеде ұлттық құрамамыз үшін жүгі ауыр кезеңдер басталды. Жігіттер барын салса, жүлденің де ауылы алыс емес секілді.

Әсет ҚАЛИ