Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі еліміздің ұзақ­мерзімді рейтингін «Тұрақты» деген болжаммен Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерді. Берілген рейтинг – ел тәуел­сіздігі жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Экономикадағы тәуелділік тәуекелдері
коллаж: Елдар ҚАБА
406
оқылды

Агенттік сарап­шылары рейтингтің жоғарылауына Қазақстанның эко­номиканы әртараптандырудағы жетістіктері себеп болғанын айтады. Сонымен қатар Қазақстанның кө­мір­сутектерге тәуелділігін азайтып, АКТ секторын өңдеу өнер­кәсібін және көлік инфрақұрылымын дамытып жат­қаны айтылады. 

Қыркүйектің басында мұнай бағасының құлдырауы «мұнай инесінің» ұшында отырғандай ел экономикасына әсері қалай болады деп алаңдаушылық туғызғаны рас. Дегенмен халықаралық агенттік сарапшыларының бұл бағалауы ұзақ жылдар бойы экономиканы әртараптандыруға деген ұмтылысында аздаған өзгерістер пайда болғанын көрсеткендей. 

Сарапшылардың пайымдау­ынша, институционалдық және экономикалық реформалар Қазақстанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттырып, эко­номиканы әртараптандыру про­цесін жеделдете алады. Қаз­ақ­­станның кредиттік рей­тин­гінің жоғарылауы эконо­миканы әр­тар­аптандырудың тұрақты қар­қынымен бірге институцио­нал­ды және саяси ортаның үз­дік­сіз жақсаруымен байланыс­ты. Бұл факторлар эконо­ми­када­ғы тұр­ақ-тылықты нығайтуға және кре­диттік тұрақтылықты жоғары рейтингі бар елдер дең­гейіне дей­ін жақсартуға ықпал етеді.

Агенттік мемлекеттік бас­қару және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы күрес саласындағы про­гресті атап өтті. Moody's сарап­шы­лары іскерлік климатты жақ­сарту мен инвестицияларды тарту, қолайлы бизнес экожүйе­сін құру мен бюрократиялық кедергілерді азайту бойынша қабылданған шаралар негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Сонымен қатар ел Үкіметі таратқан хабарламада көлік-логистикалық секторды дамыту Транскаспий халықара­лық сауда бағыты (Орта дәліз) бойынша жүк транзиті саласын­дағы белсенділіктің жылдам өсуіне байланысты өсу мен әр­тар­ап­тандырудың негізгі фак­торларының бірі болып қала беретіні айтылған. «Орта дәліз­дің болашағы шетелдік инвес­тор­ларды ел экономикасының мұн­а­й­ға қатысты емес әртүрлі сек­торға, соның ішінде автомо­биль жасау, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс матер­иал­дары салаларына тар­туға мүмкіндік береді», – делін­ген бағдарламада.

Ал Halyk Finance сарапшы­лары елдегі «мұнайдан тыс бюд­жет тапшылығы» Қазақстан үшін әлі де актуалды екенін алға тар­туда. Бұл – бюджеттің мұнай­дан тыс барлық кірісі (салықтар, бас­қа секторлардан түсетін кіріс­тер) мен барлық шығыстар ара­сындағы айырмашылықты біл­дір­еді. Қазақстан сияқты мұнай экспортына тәуелді елдер үшін бұл көрсеткіш маңызды, өйткені ол бюджеттің мұнай сатудан түс­кен табысқа тәуелді­лігін көр­се­теді.

«Мұнай бағасы жоғары бол­ған кездегі мұнайдан тыс тап­шы­лық мемлекеттік бюджеттің мұн­ай кірісіне қаншалықты тә­у­ел­ді екенін көрсетеді. Мұн­дай тәуел­ділік неғұрлым көп болса, бюд­жет пен ел экономикасы соғұр­лым тұрақсыз болады. Бұл мұнай кірістерінің мұнай баға­сына тік­е­лей тәуелді болуымен бай­ланысты, ал мұнай бағасы күрт өзгеріп кететін циклдік сипат­қа ие. Егер елдің экономи­касы мұнай секторына қатты тәуелді болып, мұнай бағасы бірден төмен­десе, экономи­калық және бюджеттік дағдарыс қаупі туындайды. Ал Қазақстан­дағы «тиімді мемлекеттік қар­жы» мә­селесі республикандық бюджет­тің, Парламент тарапы­нан бекіт­ілген бюджеттің, тол­ық­қанды болмауында және халықаралық есеп пен есептілік стандарттары­на сәйкес келмеу­ін­де жатыр, бұл мемлекеттің макроэкономика­лық стратегия­сын дұрыс бағалап, қалыптас­тыруға мүмкіндік бер­мейді», – дейді мамандар. 

Экономист, Halyk Finance бас­қарма төрағасының Мұрат Темірхановтың пікірнше, Үкі­мет Парламенттің мақұлдауын­сыз бюджеттен тыс мемлекеттік шы­ғын­дардың үлкен көлемін бақы­лайды. 

«Бюджеттен тыс шығындар­ды қаржыландыру көздеріне Ұлттық банктің ақша шығару аппараты, Үкіметтің бюджеттен тыс қорлары – БЖЗҚ, МӘСҚ, ӘМСҚ және Проблемалы кре­дит­тер қоры, «Самұрық-Қазы­на», «Бәйтерек» ұлттық холдинг­тері­нің және олардың еншілес ұйымдарының қаражаттары жа­тады. Республикалық бюд­жетке квазимемлекеттік сектор­дың барлық кірісі мен шығысы кір­мейтіндіктен, Парламент бекіт­кен бюджет тапшылығы мен мұнайдан тыс тапшылық мем­лекеттік қаржы жағдайының тол­ық көрінісін көрсетпейді», – дейді ол.

Сарапшы қорытындылай келе, жоғарыда айтылған мәсе­ле­лер­ді «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюд­жет» жобасының негізгі кемші­лік­терінің бір бөлігі деген пікір айтады.

«Біздің ойымызша, бұл жоба сапалы түрде пысықтауды қажет етеді. Былтырғы жылдың жел­тоқ­сан айында Мәжіліс жаңа Бюджет кодексі жобасын алғаш­қы оқылымда мақұлдады және Жолдаудан кейін бұл кодекс осы жылдың соңына дейін бекітіледі деп хабарланды. Бюджет кодек­сі­нің алғашқы оқылымда мақұл­дануы құжаттың тұжырымдама­лық тұрғыдан бекітілгенін біл­­­­діреді. Дегенмен бұрын бір­неше рет жазғанымыздай, қазір­гі Бюджет кодексі де, жаңа ко­декс жобасы да тұжырымда­малық тұрғыдан елеулі сұрақтар туын­датады. Ең алдымен, бұл Қазақ­стан Республикасы бюд­жет жү­йе­сі­нің негізгі принцип­теріне қатысты, олар әлемдегі үздік тәжірибелерге сәйкес келуі, сон­дай-ақ заң шығарушы және атқарушы биліктің барлық мем­лекеттік қаржыны басқару­дағы рөлін айқындауы тиіс», – дейді мамандар.

Экономист Сапарбай Жоба­ев­тың пікірінше, елдің инвес­ти­ция­лық рейтингіне экономи­ка­лық жоғары көрсеткіштер емес, соңғы кездегі заңнамалық өзге­ріс­тер оң әсер етуде.

– Аз да болсын, мұндай жетіс­тікке жетіп жатқанымыз неден? Ең бірінші шетке кеткен, заңсыз игерілген қаржыларды қайтаруға жол ашқанымыздан. Әлемдік рейтингтік компания­лар эконо­микалық дәрежеміз бұрынғыдай бол­ғанымен, әділ­етті жолға өт­кенімізді оң бағалап отыр. Онда негізінен мемлекет­тің алған не­сиені тиімді жұмыс істетіп, оны қайтару мүмкіндік­тері де қара­лады. Бұл жерде біз­дің отандық банк жүйесінің үлесі де бар деп есептеймін. Одан бөл­ек, Прези­денті­міз Жолдауда жаңа «Банк туралы заң» қабыл­дап, әділетті жолға өтуді тапсыр­ған болатын. Хал­ық­аралық рей­тингтік агент­тік­тердің оң ше­шім­іне әдетте осын­­дай заң қабылдану шара­лары да әсер етеді. Демек, бұл экономикадағы жетістіктердің нәтижесі деп қарай алмаймыз, –  дейді эконо­м­ист.

Оның айтуынша, қазір Қа­зақ­­стан – Тәуелсіз мемлекеттер достастығының ішіндегі эконо­микасы өрге домалап келе жат­қан елдің бірі. Дегенмен сарап­шы квазимемлекеттік кәсіпорын­­дардың үлесі азаймай, эко­но­миканы одан әрі дамыту, орта және кіші бизнесті дамыту мәсе­лелері жақын арада шешіл­мейді деген пікірде.

– Олигополия, монополия­ны жоймай, экономиканы әр­тар­ап­тандыруға кейбір билік өкілдері рұқсат бермейді, рұқ­сат берсе де жол бермейді. Ква­зи­мемлекеттік кәсіп­орын­дар өте тиімсіз, өйткені олар бюд­жеттен ақша алып, халық­­тың қалтасына қол салып жа­тыр. Сондықтан қалған 40 пай­ыздық коммер­циялық ұйым­дар қанша тырысса да, эконо­микалық өсімді 6-7 пай­ыздық көрсет­кішке жеткізу қиын, – дейді С.Жобаев. 

Ал тәуелсіз сарапшы, эко­номист Мақсат Халық мұндай халықаралық рейтингтердің ел экономикасына қандай үлесі барын айтып берді. Оның пікір­інше, әлемдік рейтинг агент­тіктері қандай жоғары баға берсе де, экономика тиімсіз басқар­ылса, тиімді инвестициялық мүм­к­індіктерден тыс қалу ғажап емес.

– Moody's – әлемдегі негізгі рейтингтік агенттіктердің қа­тары­на жатады. Бір ғана агент­тіктің пікіріне толық құлақ аса беруге болмайды. Одан бө­лек, Standard&Poors және Fitch Ratings секілді агенттіктердің рей­тинг­тік болжамдарын негізге алу қажет. Дегенмен Moody's елі­міздің инвестциялық рей­тингін жақсартып жатса, бұл жақсы үрдіс деп қарастыруға болады. Демек, Қазақстанның инвес­тиция­лық мүмкіндіктері артып жа­тыр деген сөз. Қандай деңгейге өскенін де қару керек, әдетте ол «тұрақты» және «пози­тивті» деп айтылады. Бәлкім осы позитивті сценарийге қарай өтсе керек, – дейді экономист. 

Оның айтуынша, Қазақстан қазір Орталық Азия аймағын­дағы инвестициялық рейтингі ең жоғары ел деп саналады. Бұл біздің қаржылық мүмкіндік­тері­міздің бар екенін және әлем­дік қаржы институттарынан арзан пайызда инвестиция тарта ала­тын­ымызды көрсетеді. 

– Сондықтан оның оң болуы ел экономикасына пайдасын тигіз­еді. Бірақ оны Үкіметтің тиімді пайдалана алуы – бұл бас­қа мәселе. Өйткені кейде рей­тингі­міз жоғары болғаны­мен, ел Үкіметі бұл мүмкіндік­терді ор­ын­ды қолдана алмай жатады. Инвестициялық рей­тингтің бір артықшылығы ертең бюджет тапшылығы болса да, көпір салу, жол салу секілді инфра­құрыл­ымдық  жобалар жасаймыз десе де, топан судан кейінгі жағдайды қалпына кел­тіруге де арзан қаржылық көмек тартуға ықпал етеді. Тіпті, ал­ғаш­қы жылда каникул алуға да әсері мол.

Кәмила ЕРКІН