АЭС құрылысы елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік. Іссапармен жүрген штаб мүшелері қатысушыларды референдумға белсенді қатысуға, бүкіл елге айтарлықтай пайда әкелетін жобаға қолдау білдіруге шақырды.
Халықтық штаб тұрғындарды дауыс беруге шақырады
748
оқылды

"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері бүгін Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы бірқатар еңбек ұжымдарында болып, Қазақстанның энергетикалық секторын трансформациялауға арналған бастамалар жөнінде ой бөлісті. ҚР Парламенті  Сенатының депутаты Әли Бектаев және Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков бастаған Халықтық штабтың өкілдері еліміздегі электр энергиясының қорымен байланысты туындап жатқан түйткілдерді айта отырып, атом энергетикасының тиімділігі туралы ғалымдар мен сала мамандарының пікірлерімен бөлісті.

Түсіндіру тобы алдымен «ERNUR корпорациясы» ЖШС-ның өндіріс алаңында серіктестіктің жұмысшыларымен кездесіп, АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумның өткізілуі – елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына үлес қосып отырған үлкен қадам екені айтылды. Мемлекетіміздің әрі қарайғы дамуын айшықтайтын жобаның халық талқысына шығуы – мемлекеттік маңызы бар істе барлық азаматтың үнін есту дегенді білдіретініне айрықша мән берілді.

Қазіргі кезде Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі көмірмен жұмыс істейтін стансалар болатыны мәлімделіп, олардың үлесіне елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70 пайызын құрайтыны жарияланды. Электр қуатын тұтынудың жылдық өсімі 3 пайызға тең екені жеткізіліп, көмір стансаларының тозу деңгейі 70 пайызға жетіп отырғаны назарға алынды.

Штаб мүшелері бұл мәселеде атом энергиясына балама жоқ екенін түсіндіре отырып, ел қуатын арттыруда және оның жарқын болашағын қамтуда азаматтық жауапкершілік танытып, таңдау жасауда белсенділік танытуға шақырды.

Халықтық штаб өкілдерінің келесі түсіндіру жиыны Шаян ауылындағы №19 колледжде өтті. Мұнда колледждің оқытушылар құрамымен еркін форматта жүздесу өтіп, атом энергетикасының экологиялық аспектілері кеңінен қозғалды.

Ядролық энергетика, өзінің пайда болу табиғатына сәйкес, шын мәніндегі жаңартылатын энергия көзі болмаса да, парниктік газ шығарындылары аз және үлкен көлемде электр қуатын өндіру қабілетіне ие энергия көзі болатыны және жаһандық экологияны қамтуда маңызды рөл атқаратыны айтылды. Дәстүрлі көмір және газ электр стансаларынан айырмашылығы, атом электр стансалары энергия өндіру кезінде атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайтыны түсіндірілді.

Ал аудандық орталық ауруханада медицина саласының қызметкерлерімен өткен жүздесуде атом электр стансалары тұрақты және болжамды электр энергиясын өндіруге қабілетті екені атап көрсетілді. Ал күн және жел энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерін табиғи ресурстардың максималды қолжетімділігі кезеңінде ғана пайдалануға болатыны мәлімделді.

«АЭС салудың бірнеше стратегиялық міндеті бар. Оның ішінде басты себептердің бірі – энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету. Атом электр стансасы импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтуға және елді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Халықтық штаб мүшесі, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков.

Бәйдібек ауданындағы жұмыс сапары барысында штаб өкілдері Шаян лицейі жалпы орта білім беретін мектебінде аудандағы білім беру ұйымдарының басшыларымен жүздесіп, АЭС салудың экономикалық және экологиялық маңыздылықтарына тоқталды.

Халықтық штаб "Қазпошта" ұжымымен кездесті

АЭС  құрылысы 2035 жылға қарай елдің энергетикалық балансындағы атом энергетикасының үлесін 12%-ға дейін арттырады. Бұл туралы АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб "Қазпошта" АҚ ұжымымен кездесуде айтты, – деп хабарлайды Халықтық штабтың баспасөз қызметі.

Егер АЭС бой көтеріп, ел игілігіне берілсе көмір жағу арқылы өндірілетін энергияның үлесі қазіргі 61%-дан 40%-ға дейін төмендейді. Осылайша, атом электр стансасының құрылысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуде қабылданған стратегиясын орындаудың негізгі қадамы болмақ.

Бұдан бөлек, АЭС ел экономикасының өркендеуіне серпін беріп, көміртегі шығарындыларын азайтады, елдің экологиялық беделін арттырады. Штаб мүшесі Раушан Аймұрзаның айтуынша, атом электр стансаларын салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік – ең басты мәселе. АЭС құнының 40%-ы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Сонымен қатар Қазақстан технологиялық жағынан әлдеқайда алға кеткен III және III+ буынды АЭС салуды жоспарлап отыр. Атом энергиясын қауіпсіз, сенімді пайдалану стандарттары мен қағидаттарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) белгілейді. Осы орайда МАГАТЭ сарапшылары атом электр стансасын салу және оның жұмыс барысын бақылап отырады.

АЭС құрылысы мәселесіне "Қазпошта" ұжымы да бейжай қарамайды. Олар толғандырған сауалдарын қойып, штаб мүшелерімен пікір алмасты.

АЭС: Штаб мүшелері медицина өкілдерімен жолықты

АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов және Мұрат Ергешбаев Жоғары медицина саласының өкілдерімен кездесті. 

Басқосуда еліміздегі атом энергетикасын дамыту тиімділігі мен пайдасы талқыланды. Биылғы   Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да атом энергетикасын іске асыру, елдегі электр қуаты жетіспеушілігінің алдын алу мәселесі сөз болған еді. Жалпы, бүгінде оңтүстік өңірлерде электр қуаты жетіспеушілігі салдарынан қажетті ток көзін шетелден сатып алудамыз. Еліміздегі күн сайын өсіп жатырған моно қалалар мен мегаполистер, ауқымды құрылыс жобалары және демографиялық ахуал электр қуатына деген сұранысты арттыруда. Соның негізінде, еліміздің жер қойнауындағы уранды бейбіт атом өндіру үшін пайдалану – бүгінгі күннің басты қажеттілігіне айналды.

Жиында сөз алған штаб мүшесі Мұрат Әбенов: Бірнеше жыл бұрын Корей мемлекетінде болып, олардың атом энергетикасын өндіру технологиясымен таныстым. Атом стансасы маңайында қуатты дамыған қалаларды байқадым. Ең қызығы, стансаның маңайында жеміс-жидек сатып отырған азаматтарды да көзім шалды. Сонда, уранды өндеу кезінде оның бар зияны, тарататын радиациясы сол жерде қалатынын, атом энергетикасының маңайындағыларға зияны тимейтініне көзім жетті. Жалпы, адамзат баласы қолданып жүрген кез келген нәрсенің өзінің зияны бар. Ұшақ та радиация бөледі, желдеткіштің ішіндегі фрион да улы заттардың бірі. Бірақ жоғары технологияның арқасында олар арнайы бактың ішінде өңделіп, зияны жақын жерге тарамайды, – деді. 

Бүгінде қоғам тарапынан атом стансасынан тарайтын радиацияның әсері кеңінен талқылануда. Бұл мәселе бойынша ғалымдар, атом стансасының III+ буынының радиация әсерінің адам баласына зияны жоқ екенін айтуда. Атом технологиясын дамыту сатысында радиация әсері мүлде жойылатынын атап өтуде.

Атом стансасының халықаралық стандарттары жайлы сөз қозғаған штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев: МАГАТЭ ұйымы ғаламдағы атом стансасының халықаралық заңдылықтарға сай салынуын, жұмыс істеуін  қадағалайды. Қоғамдық санада радиациялық қауіп туралы стереотип сақталуда. Осы жерде айта кететін жайт, радиацияланған ядролық отын қалдық емес, қайта өңдеу нәтижесінде пайдалы материалдардың 90%-дан астамын қайта пайдалануға болатынын атап өтті. 

Ал Халықтық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов энергетикалық қажеттілік төңірегінде ойымен айтты.  

«Энергетика саласында көп жылдан бері еңбек еткендіктен, қоғам үшін электр қуаты қажеттілігінің маңызды екенін білеміз. Осыдан біршама жыл бұрын қаламызда бірнеше сағаттап жарық болмай қалған кездер бәріміздің есімізде. Дегенмен өздеріңізге белгілі, қаламызда жаңадан жылу электр орталығы салынуда. Түркия елінен келген инвесторлар 215 млрд теңгеге жылуды да, электр көзін де өндіретін орталық салуда. Олар келер кезде біз қажетті құрылғылардың сапалы, төзімді, қауіпсіз болуы жайлы талап қойдық. Олар талапты қабылдап, өңірімізге инвестиция құйды. Дегенмен  өңірдегі электр қуатының жетіспеушілігі бұнымен шешілмейді. Бір атом стансасының өзі 12 пайыз қажеттілігімізді өтей алады», – деді. 

Кездесуде медицина саласының өкілдері атом энергетикасының адам денсаулығына әсері, мамандарды даярлау, атом құрылысы және халықаралық шарттар жайлы сауалдар жолдап, штаб мүшелерімен пікір алмасты.

Керделі тұрғындары АЭС салуды маңызды деп санайды

Бүгін Жаңақорған ауданында болған АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары  Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Керделі ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, АЭС салу мәселесінің маңыздылығын жеткізді.

Кездесуде сөз алған Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов мамандардың электр қуатын тұтыну көлемінің  артып отырғанын атап өтті.  

«Жалпы, мамандар электр қуатының жыл сайын 3 пайызға артып отырғанын айтуда. Ал өзімізге келсек, электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Яғни, электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да үлесі артуда. Улы заттардың қосындысы қоршаған ортаға да кері әсерін тигізуде. Осы орайда дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом стансасының жұмысын жандандыруда. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажеттілігін атап өткен болатын», –  деді.

Ал Сенат депутаты Руслан Рүстемов атом энергетикасының жаһандағы дамуы төңірегінде тоқталды. 

«Қазіргі уақытта бүкіл әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың көпшілігі II буын реакторлары болып саналады. Бүгінде  III және III+ буын реакторларының саны көп емес. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл реакторлар дүниежүзінде ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады. Қару үшін қандай шаралар қолданылуда? III буын реакторларының орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген, реакторлық корпусты толық жөндеу және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Бастапқы лицензияның мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қондырғыларды ұзақмерзімді пайдалану көптеген елдерде қалыпты жағдайға айналды», – деді ол.

Басқосуда ауыл тұрғындары атом энергиясы, стансалары жайлы біраз мәліметтерден хабардар болғанын жеткізіп, Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын айтты. Олар ұрпақтың келешегі үшін АЭС құрылысы маңызды деп санайды.

Халықтық штаб мүшелері Мамлют ауданының тұрғындарымен кездесті

АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабының мүшелері Мамлют ауданының жұртшылығымен жүздесті. Кездесу барысында атом электр стансасын салудың әлеуметтік-экономикалық артықшылығы мен елдің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі талқыланды.

Ауданның ең ірі кәсіпорындарының бірі «Новомихайловское - 2003» серіктестігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Сондықтан ұжымға атом электр стансасының солтүстікқазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін білу маңызды. Халықтық штабтың мүшелері жоба тұтастай алғанда елдің, оның ішінде солтүстік өңірлердің тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.

«Стансаның құрылысы басқа жерде жоспарланғанымен, оның оң әсері бүкіл республикаға тиетіні сөзсіз. Бүгінде оңтүстік өңірлер электр энергиясының тапшылығын сезіп жатыр. Солтүстік аймақтарда мұндай проблема жоқ. Алайда біз біртұтас электр желісіндеміз. Ал қосымша энергияны, яғни артығы болса, біз оны Ресей елі мен Белоруссияға сатамыз. Жетіспеушілік болған кезде үш есе қымбатқа сатып аламыз. Бұл  біздің, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының экономикасына да әсер етеді. Бүкіл елді электр энергиясымен кепілдендірілген қамтамасыз ету үшін атом электр стансасын салу қажеттілігі туындады», – деп атап өтті Халықтық штабтың мүшесі Дмитрий Колода.

Штаб мүшесі атом электр стансасы сенімді және экологиялық таза энергия көзін қамтамасыз ететінін айтты. Бұл өз кезегінде электр бағасының төмендеуіне және өмір сүру деңгейінің жоғарылауына ықпал етеді. Сонымен қатар атом электр стансасының құрылысы жұмыс орындарын құруға және бірқатар аралас салаларды дамытуға мүмкіндік ашады.

Бұл күні Халықтық штаб ауданның этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен де кездесті. Іссапармен жүрген штаб мүшелері қатысушыларды референдумға белсенді қатысуға, бүкіл елге айтарлықтай пайда әкелетін жобаға қолдау білдіруге шақырды.

«Әркімнің дауысы маңызды. Референдум –  еліміздегі демократияның белгісі. Сондықтан атом электр стансасын салу туралы түпкілікті шешім осы референдум арқылы қабылданады. Мен Мамлют ауданында ұзақ жылдар бойы жұмыс істедім. Жергілікті тұрғындар осындай тарихи шешімдер қабылдау тұрғысынан өте белсенді екенін жақсы білемін. Сондықтан мен 6 қазанда референдумға бір адамдай қатысып, дұрыс шешім қабылдайтындарыңызға кәміл сенемін», – деді штаб мүшесі Еркебұлан Мәмбетов.

Халықтық штаб  еліміздің энергетикалық болашағын білім беру қызметкерлерімен және ауданның құрметті азаматтарымен де талқылады. Қатысушылар АЭС жобасы шеңберінде әзірленуі мүмкін білім беру бағдарламаларына ерекше назар аударуда. Штаб өкілдері бұл әсіресе Президенттің жуырдағы Жолдауы аясында өзекті екенін атап өтті.

 

Алматы облысында АЭС салуды қолдау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Өңірде АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың үгіт-насихат жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр. Штаб белсенділері аймақ тұрғындарына арнап ақпараттық материалдар таратып, әр ауданда түсіндіру кездесулерін өткізуде.

Халықтық штаб белсенділері елдің әр ауданында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атом электр станциясының стратегиялық рөлі туралы жан-жақты ақпарат беруде. Бүгінде АЭС құрылысына қатысты халықтың көзқарасын өзгерту мақсатында арнайы брошюралар, плакаттар тарату жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.

«Біздің басты мақсатымыз – халықты АЭС жобасының артықшылықтары мен оның елге тигізетін экономикалық және экологиялық пайдасы туралы нақты, дәлелді ақпаратпен қамтамасыз ету. Әрбір тұрғын бұл жобаның елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қаншалықты маңызды екенін түсінуі қажет. Атом энергетикасы – болашақтың энергиясы. Ол бізге тұрақтылық пен экологиялық таза энергияны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар АЭС құрылысы елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Қазір біз осы ақпаратты халыққа ашық, түсінікті түрде жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз»,-деді Халықтық штабтың белсендісі Медет Бекбергенов.

Көптеген тұрғындар белсенділердің бастамасын қолдап, елімізге экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі қажет екенін айтып отыр. Бұл халықтың ақпараттық хабардарлығының артқанын және АЭС салу жобасына қатысты оң көзқарастар қалыптаса бастағанын көрсетеді. Тұрғындардан түскен ұсыныстар мен сұрақтарға штаб мүшелері толық жауап беріп, жобаның барлық аспектілерін жан-жақты түсіндіруде.

Халықтық штаб алдағы уақытта да халықпен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, АЭС салу туралы толық ақпарат беруге бағытталған кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.