М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне – 120 жыл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық.
Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.
Дүниежүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаcын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық» деген болатын.
Қай уақытта болса да жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру мәселесі күн тәртібінен түсетін мәселе емес. Алдағы уақыттарда да тарихи тағлымы мол, заман көшіне ере дамыған алдыңғы қатарлы оқу орындарының бай мұрасы үлгі болары хақ. Осындай оқу орындарының қатарына, біз толық сеніммен, бүгінгі той иесі – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжін қоя аламыз.
Колледжді елімізге кеңінен танымал, білім беру саласының көрнекті қайраткері, ұлт жанашыры, ел мақтанышы, үлкен жүректі ұстаз, ғалым, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі Шағангүл Алдамжарқызы басқарып келеді.
Қысқаша ғана колледж тарихына көз жүгіртсек. Ол 1903 жылы далалық өлкеге ғана емес /солай көрсетілген/, Батыс Сібірдің көптеген аймағына бастауыш мектептер үшін мұғалімдер дайындау мақсатында ашылған. Сол кезден оған Том, Тобыл, Воронеж, Орел губернияларынан және Семей мен Жетісу облыстарынан оқуға түскісі келген талапкерлер өтініш берген.
1905 жылы 1 шілдеде Семей мұғалімдер семинариясына қырғыз (қазақ) тілі оқытушысының қызметі енгізіліп, 1 тамызында бұл қызметке Нұрғали Құлжанов қабылданған. Осы кезеңнің өзінде мұғалімдер семинариясы оқушыларға жан-жақты білім берумен бірге, оларға отаншылдық рухта рухани-адамгершілік тәрбие беруге ден қойған, олар қаладағы көптеген мәдени шара, ұлттық ойын-сауық ұйымдастырған.
Мұғалімдер семинариясында еңбек еткен, білім алған көптеген жастар өздерінің қайраткерлік, ағартушылық, жазушылық, ғалымдық қадамдарын осы кезеңде бастап, алашшыл ұлт зиялыларының қатарына қосылған. Олардың қатарынан Әбікей Сәтбаевты, Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек Аймауытовты, Қаныш Сәтбаевты, Әлкей Марғұланды, Мұсатай Ахынжановты, Әбдіхамит Сембаевты, Шырақбек Қабылбаевты, Жақия Шәйжүнісовты және тағы басқа атап айтуға болады.
1912-1919 жылдар семинария тарихындағы ерекше бір айшықты жылдар болды. Осы кезеңде заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытов, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, академик Қ.Сәтбаев білім алды.
Мұтар Әуезов өзінің алғашқы шығармашылық-ағартушылық ізденістерін осы кезеңде бастады. Ол еліміздегі тұңғыш «Ярыш» футбол командасының белсенді мүшесі болды. Ж.Аймауытовпен бірге 1918 жылы «Абай» журналын шығарып, халқымыздың тағдырына қатысты кемел ой айтып, ұлттық сананы оятуға жетелейтін көптеген мақала жазды.
Бұл кезең Жүсіпбек Аймауытовтың да шығармашылық дарынының ашылған кезеңі болды. Ол 1915 жылы Семейде өткен қазақтардың әдеби кешінде «Біржан мен Сара» айтысын сахналады. Өзінің өлеңдерін, алғашқы ойлы публицистік сын мақалаларын осы кезде жазды.
ХХ ғасырдың заңғар ғалымы, академик Қ.Сәтбаев 1914-1919 жылдары семинарияда үздік оқып, оқуын бітіргеннен кейін қазақ мұғалімдеріне арналған екі жылдық педкурста жаратылыстану пәнінен сабақ берді. Осы кезеңде қазақ мектептеріне арналған алғашқы математика оқулықтарының бірі алгебра оқулығын жаза бастады.
Мұғалімдер семинариясы 1920 жылы Халыққа білім беру институты болып қайта құрылды. 1922 жылы оның құрамынан екі педагогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылады. 1924 жылы ол Семей педагогикалық техникумына берілді.
Техникум директоры Әбікей Сәтбаев 1924 жылы Ленинград университетінде оқып жүрген М.Әуезовті шақырып, ол қазақ әдебиеті тарихы, әдебиет теориясы пәндерінен сабақ берді.
Қаныш Сәтбаев осы техникумда оқып жүрген кезін еске алып: «Алған білімім үшін немере ағам, интеллигент Ә.Сәтбаевқа өзімді өмір бойы борыштымын деп санаймын» деп жазды.
Біз бұдан сол кездің өзінде техникумның педагогикалық әлеуетінің жоғары болғанын, шәкірттеріне рухани-адамгершілік мол тәрбие, сапалы білім бергенін байқаймыз.
Бүгінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі – Қазақстан Республикасының жетекші техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының бірі. Заманауи инновациялық технологияларды оқу-тәрбие үрдісіне енгізе отырып, студенттерге сапалы білім, рухани бай адами қасиет беріп отырған еліміздің беделді оқу орындарының бірі. 12 мамандық бойынша бастауыш мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерін дайындайды.
Колледжде 75 оқытушы жұмыс істейді, олардың 36 %-ның, яғни 27 оқытушының ғылым кандидаты, магистр деген ғылыми-академиялық дәрежесі, ал 28 оқытушының жоғары педагогикалық құзыретін көрсететін педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы деген лауазымы бар.
Көптеген оқытушы республикалық құзырлы мекемелердің штаттан тыс тренерлері, білім мазмұнын бағалау жұмысына тартылған – сарапшы, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпаздары немесе лауреаттар болып табылады. Бұл колледждің оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
2023-2024 жылдары бітірген түлектердің 99,9 % жұмысқа орналасқан, бұл колледждің нарық сұранысына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлап отырғанын дәлелдейді.
Колледжде студенттердің жақсы білім алуына бар жағдай жасалған. 4 оқу ғимараты мен білім алушыларға арналған 300 орындық 5 қабатты жатақхана бар.
Оқу ғимараттарында ІТ құзыреттілік орталығы, Абайтану, Әуезовтану орталықтары, қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған электронды кітапхана, интернет залы, тігін кабинеті, слесарьлық шеберхана, спорт, ритмика, гимнастика және тренажер залдары бар. Колледжде білім алған түлектерге арналған 38 атаулы кабинет жасақталған, оларда шағын ғылыми зерттеу орталығы құрылып, студенттер зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Білім ордасында М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына және колледж тарихына арналған мұражай жұмыс істейді. Шағангүл Алдамжарқызының басшылығымен колледж тарихына арналған 3 томдық «Алаштың білім ордасы» атты танымдық-ғылыми сипаттағы көлемді еңбек жарық көрді.
2023 жылы «Кіші сыныптарда оқыту», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша Құзыреттілік орталығы ашылған. Мұны біз оқушылардың білім сапасын одан әрі көтеру мақсатында жасалған соны қадам деп қабылдауымыз керек.
Оқушылардың білім сапасын көтеру қоғамдағы аса маңызды проблемалардың бірі болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында оқушылардың білім деңгейі дамыған елдерден айталықтай төмен екенін, оны көтеру үшін жүйелі және ойластырылған реформа жүргізу қажеттігін айтқан болатын.
Біз оқушылардың білім сапасын анықтайтын Халықаралық PISA зерттеуінің соңғы 18 жылғы нәтижелерін саралай отырып білім сапасы жоғары елдерді анықтадық. Олар Сингапур, Макао (Қытай), Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай Республикасы, Гонконг (Қытай), Эстония, Канада, Финляндия және Польша елдері. Осы елдердің білімдегі табыстылығын анықтағанымызда, олар екі ұстанымды басшылыққа алады екен: бірі – лайықты адамдар ғана ұстаз болулары керек; ал екіншісі – жастарға ұлттық рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру қажет.
McKinsey&Соmpanу компаниясының ғалымдары оқушылардың білім сапасы мұғалімдердің құзыретіне қаншалықты тәуелді екенін анықтау мақсатында Американың 3 штатында көлемді зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, 8-11 жас аралығында, кәсіби құзыреті жоғары және төмен мұғалімдерден білім алған оқушылардың білім сапаларының айырмашылығы 53%-ды құраған. Әрі қарай жүргізілген зерттеудің нәтижесінде, 11 жаста үлгерімі нашар болған оқушылардың тек 25%-ы ғана, 14 жасқа толғанда, меңгерулері қажетті стандарт талаптарына сай білім ала алған, ал 75%-ы, яғни 4 баланың үшеуі ондай деңгейде білім ала алмағаны анықталған.
Бұл оқушылардың білім сапасы олардың бастауыш мектепте алған білімдеріне тікелей байланысты екенін көрсетеді. Бұдан біз толық сеніммен, оқушылардың білім сапасының кілті – бастауыш мектеп мұғалімдерінің қолында деп қорытынды жасай аламыз.
Әлемде кең танымал «Сони» корпорациясының негізін салған, танымал ғалым Масару Ибука ғылымның үлкен жетістіктерін пайдалана отырып, жас баланың психифизиологиялық даму ерекшеліктерін зерттеген. Ол нәресте өмірге келген сәтінен бастап 3 жасқа толғанша оның миы 80%-ға дейін толығып, оның жұмыс істеу негізі, яғни психофизиологиялық даму ерекшелігі қалыптасатынын анықтап, балаға тәрбие осы жасқа дейін берілуі керек деген қорытынды жасаған. Оның «3 жастан кейін кеш болады» деген еңбегі әлемге кең тарап, үлкен бестселлерге айналды.
Дана қазақ халқы бала тәрбиесіне қатысты «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт; Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса; Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген мақалымен Масару Ибуканың жасаған ғылыми тұжырымын екі-ақ ауыз сөзбен кең мағынада айтқанын көреміз. Біз осы мақалдың байыбына бара алып жүрміз бе, жоқ, өкініше қарай, әлі бара алмай жүрген сияқтымыз. Оны өмірден, көшедегі балаларымыздың тәрбиесінен көріп, байқап жүрміз. 5 жасқа дейін ата-ананың мол мейрімін бойына сіңіріп өскен бала бойында зор адами қасиеттер қалыптасады, ол мейірімді болып өседі, ер жеткенде басқа адамға қатыгездік жасай алмайды.
Жапония мен Оңтүстік Корея елдерінде ата-аналарға «Бала тәрбиесіне кім жауапты» деген тақырыпта үлкен сауалнама жүргізілген. Сонда 65%-ға жуық респонденттер «Тек ата-аналар ғана жауапты» деп жауап берген. Бұл елдер балаларына ұлттық рухани адамгершілік тәрбие бере отырып, орта білім сапасын жоғары деңгейге көтере білді, соның негізінде адами капиталы өсіп, ғылыми-техникалық әлеуеті жақсы дамыған елдердің қатарына қосылып отыр.
Демек, сіздер мен біздер – ата-аналар, бала тәриесіне ерекше мән беруіміз қажет. Қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларды естіп жатырсыздар. Сондықтан біздер, ең алдымен, баларымыздың қолдарында жүрген смартфондарын қалай пайдаланып жүргендерін білгеніміз жөн. Әсіресе, олардың тәрбиелеріне кері әсер ететін хабарларды көрмеулерін жіті қадағалау керек.
Қазір білім беру саласында Жасанды интеллект (ЖИ) кеңінен қолданыс табуда. Ол жаңа перспективалар ашып, замануи оқыту әдістеріне тың міндеттер қойып отыр. Білім беруде ЖИ пайдалану: оқытуды дербестендіруге, яғни оқу материалдары мен әдістерін әрбір оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге; мұғалім уақытын автоматтандыру және оңтайландыруға, яғни мұғалімдерге білім сапасын жетілдіруге және оқушылармен өзара қарым-қатынаста көп жұмыс істеуге; интерактивті оқу материалдарын қолдана отырып, оқытуды қызықты және түсінікті етуге мүмкіндік береді.
Алайда ЖИ пайдалану кезінде бірқатар проблема кездеседі, олар: этикалық мәселелер, яғни оқушылар деректерінің құпиялылығын сақтау және ол деректердің таза болуы; мұғалімдер дайындау, олар өз жұмысында жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану үшін кәсіби құзыреттері жоғары болып, жаңа дағдыларды меңгеруге қабілетті болуға тиіс; технологияға тәуелділік, яғни ЖИ ықпалының өсуі білім беру процесінде адами факторлардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
Сондықтан ЖИ білім беруге енгізудің тиімді әдістерін, ұлттық рухани құндылықтар мен оқу мақсаттарын сақтай отырып, әзірлеу қажет. Мұндай жұмыстар әлемнің жетекші елдерінде жүргізіліп жатыр. Олардың орындалуы педагог кадрлардың кәсіби құзыретіне тәуелді болатыны толық дәлелденіп отыр.
Қазіргі алмағайып, ғылым мен техника ғарыштап дамып отырған заманда қандай болмасын оку орнының қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсуде. Осындай биік жауапкершілікті кәсіби әлеуеті жоғары М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымы алдағы уақыттарда да үлкен абыроймен атқаратынына мол сенім білдіре отырып, ұрпақ болашағы, ел келешегі мақсатында табысты еңбек ете берулеріне тілектестік білдіреміз!
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик