Жаз басталысымен атыраулықтар алысатын аллергия әдетте қазанға дейін жалғасады. Көзі жасаурап, түшкіріп, түрлі тамшылармен өз-өзін емдеп жүрген атыраулықтар аллерголог мамандардың жетіспейтініне наразы.
Асхат Әбдікәрім – аллергиямен алысып жүрген атыраулықтың бірі. «Називинмен» әбден достасқан ол, бір айда бұл дәрінің 2-3 құтысын тауысатынын айтады. «Жылына екі маусым бойы мұрным бітіп, құлағым қышып, түшкіре бастаймын. Көзім жасаурағаны – өз алдына. Осылай өз-өзіммен алысып жүргенімде жаздың да, күздің де қалай өтіп кеткенін байқамай қаламын. Аллергия тұқым қуалайтын ауру болып шыққаны оңай болмай тұр. Екі жасқа енді толатын балам бар. Алты айынан бастап, ауруханадан көз ашпай келеді. Екі апта сайын, қолқасы бітіп, бүкіл антибиотикті алып болды. Дәрігерлер оған аллергия деп диагноз қойды. Кейін ол ауру асқынып, аллергия фонындағы бронхиалды астмаға ұласты. Осы бала үшін енді қаланы ауыстыру керек болып тұр», – дейді атыраулық Асхат Әбдікәрім.
Атырау облыстық аурухананың штаттан тыс аллерголог дәрігері Гауһар Сембиеваның айтуынша, аллергия оңай емделе салатын дерт емес. Және адам организмі сезімтал болса, ауаның құрамына, күннің, тіпті шаң-тозаң, өсімдік пен тағам, дәрі-дәрмек пен бояғыш заттардан да аллергия пайда бола береді.
– Аллергияға шалдыққандардың балаларына да бұл ауру «үйір» келеді. Яғни, дерт тұқым қуалайды. Екінші фактор – экологиялық ахуал салдарынан жүре пайда болады. Негізінен, адамға көз, мұрын, қолқа арқылы білінгенде өз бетімен дертке диагноз қойып, дәрігердің нұсқауынсыз дәрі пайдалану дұрыс емес. Кеселдің өршіп кетуіне көбінесе осы жағдай себеп болады. Шілде мен тамызда жусан, амброзия сынды табиғи өсімдіктер гүлдегенде тозаңы адамның мұрны мен көзіне түсіп, ауру туындатады. Немесе темекі мен химиялық қоспасы бар заттарды қолданғаннан да өршуі мүмкін. Бір байқағаным, Атырауда аллергия көбінесе өсімдіктен жұғады. Өсімдік әбден пісетін шілде-қазан айлары аралығында кесел де күшейеді. Оның түрі де сан алуан. Мысалы, дәл қазір маусымдық аллергиялық ринит немесе аллергиялық конъюктивит өршіп тұр. Одан емделу түрі де әртүрлі. Әуелі науқастың ауыру себебін, сосын қандай шөпке аллергиясы барын анықтау үшін арнайы лабораторияға қан тапсырады. Алайда біздің ауруханада мұндай құрылғылар болмағандықтан, жекеменшік клиникаларға жібереміз. Ауру ушығып тұрған дәл қазіргі уақытта еш нәтиже бермейтіндіктен, ем-дом көбінесе қыс айларында жүргізіледі. Ал қазір талдау нәтижесі бойынша түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурағанын дәрінің көмегімен тоқтатуға болады. Қыста арнайы терапиядан өткен науқас мүлде сауығып кетпегенімен, келесі жылдың осы маусымында аллергиядан жеңіл өтеді. Одан сауығудың тағы бір жолы – климат ауыстыру», – дейді аллерголог дәрігері Гауһар Сембиева.
Мамандар аллергия кезінде «Називин», «Нафтизин» сынды мұрынды «ашатын» тамшыларды қолданбау керектігін айтады.
Мамандардың айтуынша, мұндай сұйық дәрілер үнемі қолданғандықтан, мұрын қуысын бітеп, қабыну процесін туындатады. Уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілердің әсерінен ағза одан сайын әлсіреп, ақыры дәріге әбден үйреніп кетеді. Атышулы тамшылардың басқа керемет пайдасы болмай шықты. Сондықтан да мамандар емдеу шараларының барлығын медициналық мекемеде аллергологтардың бақылауымен өтуі тиістігін айтады.
Мұрынның бітелуі, көздің қызаруы немесе дененің бөрітуі. Аурудың алғашқы белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге көрінгеніңіз абзал. Себебі ауырғаннан гөрі, ауырмаудың жолын іздеу әлдеқайда тиімдірек. Ал аллергиясы бар адамдарға мамандар күніне бір грамм С дәруменімен, құрамында ақуыз, май, көмірсутегі бар тағамдарды қабылдап, бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұруға, ортақ заттарды пайдаланбауға кеңес береді.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, мемлекеттік медициналық ұйымдарда жалпы 6 аллерголог маман бар, бүгінгі күні 2 аллерголог бала күтімі демалысында.
6 айдың қорытындысы бойынша, аллергиямен есепте тұрған 2 928 пациент, оның ішінде 865 бала бар. Яғни, 3 000-ға жуық науқасқа әйдік Атырауда небары 4 аллерголог маман қызмет көрсетіп жатыр.
Бұл аз ба, көп пе, оны өзіңіз бағамдай беріңіз.
Ащы да болса шындық, Атырау облысында қазір 100-ден астам дәрігер жетпейді. Тапшы мамандардың қатарында балалар невропатологі, балалар кардиохирургы, анестезиолог, гинеколог, реаниматологтар бар.
Қазақстанда жыл сайын 5 мыңға жуық маман оқу бітіреді. Бірақ олардың өңірлерге барып жұмыс істеуі үшін әлеуметтік мәселелері жолға қойылуға тиіс.
Рас, Атырау облысы әкімдігі медициналық оқу орындарымен меморандумға отырып, жас медиктерді өңірге тарту үшін белгілі бір әлеуметтік жеңілдік пакеттерін жасақтауда. Бірақ маман тапшылығын дер кезінде шешуге бұл қадамдар да жеткіліксіз болып жатыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы