Нақтырақ айтсақ, енді колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға артып, жұмысшы мамандықтары үшін 43 574 теңге, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгеге жетеді. Ал бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға өседі. Бұл дегеніміз, жоғары оқу орнында білім алатын студентке 47 135 теңгеге дейін шәкіртақы төленсе, педагогикалық және медициналық бағытта білім алушылар үшін ай сайын 75 600 теңгеге дейін беріледі. Интернатурада оқитын студенттер – 85 376 теңге, ал резидентура сатысында білім алушылар 123 122 теңге алады. Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға артып отыр. Магистрлер ай сайын 107 061 теңге алса, сәйкесінше докторанттар 240 000 теңгеге дейін шәкіртақыға ие болады.
Жыл сайын шәкіртақы сомасында өзгеріс болса да, бұл студенттердің күнкөрісін қамтамасыз етуге жетпейді. Әсіресе, жатақханадан орын берілмей, пәтер жағалап жүрген студенттер үшін ай сайын төленетін шәкіртақы сомасы аздық ететін көрінеді. Одан өзге студенттің күнделікті оқу орнына барып-келу, үзіліс уақытында асханада тамақтану немесе көшедегі дүкендерде тез дайындалатын тағамдарды, фастфуд өнімдерін уақытша талғажау ету сынды қосымша шығындары тағы бар. Әрі қарай өзіңіз бағамдай беріңіз...
Шәкіртақының өсуі әлеуметтік жағдайды түзей ме?
Нұрбибі Алчинова – Алматы қаласындағы беделді оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті. Биыл оқу жылы қарсаңында Нұрбибіге жатақханадан орын берілген. Алайда жатақханада тұру бағасы – шәкіртақы сомасының жартысынан астам бөлігі. Нұрбибі жатақханада өмір сүретін студенттерден өзге пәтер жалдап тұратын құрдастары үшін шәкіртақы жетпейтінін, сондықтан қатарластары сабақтан тыс уақытта қара жұмыс істеуге мәжбүр екенін алға тартады. Кейіпкеріміз шәкіртақы сомасы артқан күннің өзінде студентке қосымша табыс қажет болып қала беретінін атап өтті.
– Ай сайынғы 47 135 теңге бір ай бойы студенттің күн көруіне жетпейтіні айтпаса да анық. Мен жатақханада тұрамын. Айына 25 000 теңге төлеймін. Сонда шәкірт-ақыдан 22 000 теңге көлемінде ақша артылады. Ал пәтерде тұратын студенттерге бұл ақша артылмақ түгілі бір айлық пәтерақыны төлеуге де жеткіліксіз. Меніңше, шәкіртақының өсуі студенттің әлеуметтік жағдайының жақсаруына еш әсер етпейді. Бұл қанағатсыздық емес. Жыл сайын азық-түлік, киім-кешек пен жолақысының өсу пайызы шәкіртақының көбеюінен де артық болар, – дейді ол.
Әңгіме барысында Нұрбибіден студенттің бір айлық қажеттілігін өтейтін, қазіргі нарыққа сай шәкіртақы сомасына ұсынар орташа бағасын сұрап көрдік.
– Күнделікті шығындарды ескерсек, студент ата-анасынан ақша алмай, табыс табу жолында мамандығына сай келмейтін қосымша жұмыстарға уақытын жұмсамай, тек өз саласын меңгеруге күш салып, алаңсыз оқуы үшін нарыққа сай шәкіртақы көлемі де өскені дұрыс, – дейді алматылық студент Н.Алчинова.
«Студенттің қай жыртығын жамайтынын түсінбейсің...»
Ал биыл бітіруші курсқа көшіп, келер жылы қолына маман екенін растайтын құжатын алғалы отырған Бағлан Тұрғанбек шәкіртақының өсуі студенттің әлеуметтік ахуалына айтарлықтай әсер етпейтінін, сондықтан көпшілігі ата-ананың қалтасына ауыр салмақ салмаудың қамымен қосымша жұмыс істеуге мәжбүр екенін атап өтті.
– Әрине, шәкіртақының өскені жақсы. Бірақ ескеретін бірнеше жайт бар. Егер шәкіртақы 43 000 теңге болса, жуықтап алғанда жыл сайын 20 пайызға артады. Шәкіртақыға қосылатын баға шамамен 8 300 теңге. Елдегі инфляцияны ескерсек, жолақының қымбаттауын, Алматыдағы ескі, сапасы сын көтермейтін пәтерлердің шарықтаған бағасын есепке алсақ, шәкіртақыға қосылған 20 пайыз студенттің қай жыртығын жамайтынын түсінбейсің. Қазіргі шәкіртақы мөлшері белгілі бір деңгейде студенттің базалық қажеттіліктерін өтей алады. Меніңше, айына 75-90 мың теңге көлемінде шәкіртақы алатын студент пәтерақысы мен жолақысын өзі өтеп, сабаққа алаңсыз келе алады, – дейді Бағлан.
Алматы қаласындағы медициналық университеттердің бірінде білім алатын резидент Дина (ред-есімі өзгертіліп берілді) оқумен қатар 1 ставка жұмыс істеуге мүмкіндік бола бермейтінін, ал мемлекеттен берілетін шәкіртақы отбасылы студенттер үшін екі миллионнан аса халық шоғырланған алып шаһарда өмір сүруге тіптен аздық ететінін айтады. Кейіпкеріміздің сөзінше, оның қатарластары да осы күнге дейін аталған мәселені оқу орны басшылығына жеткізуге тырысқан.
– Қазір тобымызда оқитын резиденттер – 24 жастан асқан азаматтар. Сондықтан көпшілігі отбасын құрған, өсіріп отырған балалары бар студенттер. Резиденттерге ұсынылған шәкіртақы сомасы материалдық қажеттіліктерімізді толыққанды өтей алмайды. Себебі отбасылы резиденттер үйдегі бала-шағасын асырауы қажет. Тағы бір атап өткім келетін жағдай, резиденттерді көбі қызметке қабылдағысы келмейді. Қосымша жұмыс табу қиын. Алайда 0,5 ставка жұмыс істеуге рұқсат берілген. Біз резиденттерге тым болмағанда 1 ставкаға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе немесе шәкіртақы өссе екен дейміз, – дейді білімін резидентурада шыңдап келе жатқан Дина.
«Біз жаппай жоғары білім беруге көшіп кеттік»
Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Саттарұлы студенттердің шәкіртақы сомасын өсіру туралы тақырып қозғалғанда, ең алдымен мәселенің түп-тамырын елдегі білім жүйесінен бастап қарастыру қажет екенін негізге алды. Маманның сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жоғары білім беру сатысы бұқараландыру сипатында көрініс табады.
– Шәкіртақы турасында әңгіме қозғалғанда, бұл ретте ең біріншіден білім мен оның құндылығы мәселесі туындайды. Экономиканың алға жылжуы үшін елімізге білімді мамандар қажет. Бірақ ол мамандар міндетті түрде жоғары оқу орындарында емес, сонымен қатар орта арнайы білім беретін ұйымдарда, бастапқы кәсіби білім беретін мекемелерде дайындалады. Бүгінде Қазақстанда жоғарғы білім беру сатысы бұқараландыру сипатында көрініс табады. Нақтырақ айтсақ, біз жаппай жоғары білім беруге көшіп кеттік. Шынында, біршама мамандықты ЖОО-да оқытудың қажеті жоқ. Меніңше, олар арнайы орта кәсіптік білім, алғашқы кәсіптік білім деңгейінде қалуы қажет. Біз көптеген мамандықты ЖОО-ның оқыту жүйесіне біріктіріп қойдық. Біріншіден, баланы төрт жыл бойы университетте ұстаймыз. Екіншіден, студентті шәкіртақы, баспанамен қамтамасыз етеміз. Ал баланы бір орында 4-5 жыл бойы ұстаудың нәтижесінде бюджетке салмақ саламыз. Алғашқы кәсіптік білім алып, мамандығын 2-3 жылдың ішінде игеріп шыққан бала 18 жастан бастап кәсіп иесі атанып, өзін-өзі асырай алушы еді. Ол экономиканың дамуына үлес қосады, – дейді маман.
Әлеуметтанушы жоғарыда атап өткен мәселелердің түйінін тарқату үшін жоғары білімді бұқараландыру сипатынан айыруымыз керек екенін айтып дабыл қағады. Сондай-ақ Рамазан Саттарұлы студенттердің әлеуметтік мәселесін шешуде мемлекеттің жалдамалы пәтер құнының төмендеуіне ықпал ете алатынын, онымен қоса жатақханамен қамтамасыз етілмеген оқу орындары ашылмауы қажет екенін жеткізді.
– Мынадай қымбатшылық заманда шәкіртақының өсуі, әрине орынды. Алайда шәкіртақының өсуі мардымсыз, студент үшін көлемі тым аз. Себебі шығын көбірек. Студенттің пәтерақысы, киім-кешегі, күнделікті ішіп-жемі бар. Шәкіртақының артуы студенттің кішігірім жыртығын жамауы мүмкін. Бірақ толыққанды әлеуметтік жағдайды шеше алады деп айта алмаймыз. Нарықта бағаның өсуін қадағалайтын құзырлы органдар бар. Үкімет жалдамалы пәтерлердің ай сайынғы құнының төмендеуіне ықпал ете алады. Мұны жүзеге асыру үшін жатақханаларды көптеп салу қажет. Әлі күнге дейін жатақханасы жоқ оқу орындары жабылуы керек. Шәкіртақы мөлшеріне нарыққа сай қандай баға ұсынар едіңіз деп сұрасаңыз, студенттің ай сайынғы шәкіртақысын ең төменгі жалақымен қатар беруші едім. Өйткені білім алу – үлкен еңбек. Бұл физикалық күшіңіздің арқасында белгілі бір уақыт аралығында атқарып тастайтын шаруа емес. Білім жолына түскен бала – ұдайы ізденісте жүрген студент. Оқу барысында студенттің денсаулығына зиян келетін тұстары да бар. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде жүрген білім алушының шәкіртақысы кем дегенде ең төменгі жалақымен бірдей болуға тиіс, – дейді әлеуметтанушы Р.Саттарұлы.
Білім саласы – ел болып қалыптасып, өркениетке құлаш сермеуде мемлекеттің басты тетігі. Бұл бағытты ілгерілетуде сапалы әрі өнімді жұмыстың атқарылуы маңызды. Демек, оқуға зейін қойып, көкжиегін кеңейтуді көздеген оқушылар мен студенттердің, ғылымға бет бұрған жас ғалымдардың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуы әркез өзекті болып қала бермек.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы