Астанадағы Президенттік орталықта Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының ұйымдастыруымен «Заманауи хирургиядағы жоғары технологиялар» халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті. Әлемнің 22 елінен 198 спикер қатысқан алқалы жиында 6 адамға тікелей эфирде операция жасалды.
Хирургтар тікелей эфирде 6 операция жасады
238
оқылды

Екі күнге жалғасқан конференция аясында күрделі жағдайларды тәжірибе жүзінде көрсететін шеберлік сағаттары, операция залынан онлайн трансляция курс­тары, дөңгелек үстелдер мен тақыр­ыптық секциялар ұйымдастырылды. ПІБ МО ауруханасы және Үндістан, Түркия ауруханаларының операциялық залдарынан тікелей трансляция тарады. Биыл екінші мәрте өтіп жатқан форумға 2 мыңға жуық дәрігер келсе, 4 мыңға жуық маман онлайн қатысты. Олар жалпы хирургия, урология, проктология, гинекология, кардиохирургия, нейрохирургия, қантамыр хирургиясы, интервенциялық хирургия, аритмология, оториноларингология, офтальмология сын­­ды ересектер хирургиясының барлық бағыты бойынша талқылау өткізіп, тәжірибе алмасты. 

Конференцияның алғашқы күні ПІБ МО ауруханасы мен Қытайдың Xuanwu Hospital серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында екі елдің клиникалары нейрохирургия саласында клиникалық, ғылым және білім беру бо­йынша тәжірибе алмасып, серіктестік ор­на­тты. Сондай-ақ осы құжаттың ар­қа­сында эпилепсия ошағын анықтайтын Remebot роботы Қазақстанның барлық өңірінің медицина мекемелерінде қолдан­ылатын болады. ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия бойынша орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, жаңа құрыл­ғының науқастарды емдеуде әлеуеті зор.

– Әрине, операцияны роботсыз да жас­ай беруге болады, бірақ ол ұзақтау өтеді. Аталған стереотактикалық құрылғы адам басына орнатылып, бас сүйегіндегі 13 тесік арқылы электродтарды қондырып, 3-4 күнде эпилептикалық ошақтың қай жерде екенін анықтауға мүмкіндік береді. Осы арқылы тек сол жерді күйдіріп, нау­қасты емдеп, сауықтырып жіберуге болады. Бұл технология қазір Президент іс басқа­рмасы медициналық орталығы аурухана­сының Эпилептология орталығында қолдан­ылады. Келер жылдан бастап әр аурухана мүмкіндігі болса осы роботты са­тып алып, қолдана алады, – дейді ней­ро­хирург М.Бердіқожаев.

Сондай-ақ дәрігерлер кардиохирургия, нейрохирургия және қантамыр хирургиясы бойынша 6 пациентке тікелей эфирде операция жасаса, оны форумға жиылған мамандар бірге талқылады. Германиядан келген нейрохирург, профессор Данэль Хенги келешекте елдегі білікті дәрігер­лер­мен тығыз әріптестік байланыс орнат­қысы келетінін жеткізді.

– Бүгін мен нейрохирургиялық секцияға қатыстым. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестермен тығыз байланыста болып, біл­генімізді бөлісіп отыру аса маңызды деп ойлаймын. Бұл ғылым, нейроғылым және инновация үшін керек. Мен осындай форумдарға келгенде әріптестерімді, ол­ар­­дың жұмысындағы қызықты жағдай­ларды естіген сайын жаңа нәрсе үйренемін. Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылған. Осындай тамаша конферен­цияның мүшесі болғаныма қуаныштымын. Қазақстан, Астана ұнап жатыр. Болашақта әріптестеріммен тығыз байланыста болғым келеді, – дейді профессор.

Ал Қазақстанға екінші рет ат басын тіреген мысырлық нейрорадиолог-дәрігер Ахмад мырза 2019 жылмен салыстырғанда елде­гі медицина әлдеқайда ілгерілегенін айтты.

– Менің нейрорадиология саласында жүргеніме 20 жыл болды. Конференцияда «Механикалық тробоэктомия дәрежесі және АҚШ-тағы жүректің жедел ишемия­лық ауруларын емдеу тәсілдері» тақыры­бын­да баяндама жасадым. Дәрігерлер ишемиялық ауруларды дер кезінде анықтап, емдеуі үшін бірінші кезекте оның қандай күрделі ауру екенін түсінуі маңызды. Осы туралы айттым. 2019 жылы Мыңжылқы Сайлауұлымен бірге Алматыдағы орталықта болған едім. Сол кезеңмен салыстырғанда қазір сіздерде медицина жоғары деңгейде екен­ін, бір орында тұрып қалмай, дамып жат­қанын көрдім, өзгерісті байқадым, –  деді ол.

Мамандар соңғы жылдары елімізде ядро­лық медицина мен ядролық тех­нологияның дамуы әлем елдерінің қызы­ғушылығын тудырып отырғанын айтады. Сондай-ақ қазір еліміздің медицинасы ядро­лық технологиялар негізінде радио­фармацевтикалық препараттарды диаг­ностикада да, емдеу шараларында да сәтті қолданып жүр. Ал халықаралық ғылыми-практикалық форумдар дәрігерлердің біліктілігі мен білімін арттыруда маңызы зор. Мәселен, ғылыми тәжірибе алмасу барысында мамандар «Эндоскопия», «Оториноларингология, офтальмология», «Ортопедия», «Урология», «Кардио­хирургия» секілді бірнеше секцияға бөлініп, операция барысындағы түрлі тос­ын жағдайларда қалай әрекет ету керегін бірлесіп талқылады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ