Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) нарығында қазақстандық тауарлардың экспортына кедергі келтіріп тұрған 70-ке тарта шектеу бар. Нұр-Сұлтанда өткен Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов осындай мәліметті келтірді. – Бұған дейін айтылғандай, мемлекеттің қолдауына қарамастан шикізаттық емес экспорттың өсімі өте баяу. Бұл ретте, ЕАЭО аясындағы интеграция туралы айтып өткім келеді. Өкінішке қарай, отандық тауарлар біздің серіктес-мемлекеттердің нарығында кедергілермен бетпе-бет келіп отыр. Бүгінгі таңда дәл мұндай 70-ке тарта кедергі мен шектеу бар. Бұл мәселені барлық алаң мен деңгейде, ЕАЭО кеңесінде де, Мемлекет басшыларының деңгейінде де көтеріп келеміз. Бірақ өкінішке қарай, бұл кедергілер әлі де сақталып отыр. Кейбір салада алға жылжу бар десек те, кедергілердің біразы бойынша нақты бір шешімнің қабылданғалы отырғанын көрмей отырмыз, – деді Әлихан Смайылов. Жалпы, ЕАЭО құрылғаннан кейінгі төрт жылда (2014-2018 жылдар аралығы, 2019 жылғы толық статистика шыққан жоқ) Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда-саттығы – 23,4%-ға, экспорт – 18,1%-ға, импорт 25,8%-ға өсті. Алайда импорттың өсу қарқыны жалпы қазақстандық импорт үшін орташадан жоғары, ал экспорт төмен күйде қалып отыр. Ә.Смайыловтың айтуынша, отандық бизнестің мүддесін қорғау үшін импорттық тауарларға қатысты «айна сипатындағы қорғау шарасын» қолға алу керек.
«Менің ойымша, осы шараны қолға алсақ, әділетке жетер едік. Мәселен, нақты сандармен сөйлейтін болсақ, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттығында 30 пайыздық экспорт пен 70 пайыздық импортқа ие болып отырмыз. Яғни, сайып келгенде біз серіктестерімізден қарағанда ішкі нарықты ашу интеграциясы жағынан алға жылжып кеттік. Сол себепті меніңше, «айна сипатындағы шараларға» қатысты ойланатын кез жетті. Бақыт Сұлтановтан (Сауда және интеграция министрі) бұл тұрғыда нақты ұсыныс күтемін», – деді Бірінші вице-премьер.Айта кетейік, 31 қаңтар күні Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық интеграцияның өзекті мәселелерін шешу бойынша бірқатар бастамалар көтерген-ді. «Бүгінде келісілген кедергілер тізілімі жүргізіліп жатыр. Онда 68 кедергі көрсетілген. Біз 3 жыл бұрын бұл тізілімді 60 кедергіден бастаған болатынбыз. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз өкінішке қарай, жаңа кедергілер туындатып немесе оларды жоюды көпке созып, жылдан-жылға олардың санын көбейтіп келеміз», – деді А.Мамин. Осы орайда, Қазақстан тарапы 2021 жылдың соңына дейін ЕАЭО елдерінде жүргізілетін мемлекеттік сатып алуларды толық электронды форматқа көшіруді ұсынып отыр. Бауыржан БАЗАР