Елімізде электр энергиясына қатысты ахуал оңалар емес. Әлі күнге дейін бір­қатар аймақта электр желілерінің тозығы жетіп, қайта жаңғырту жұмыстарын күтіп тұр. Соның салдарынан қолайсыз ауа райы кезінде жарықтың іркіліспен берілуі, тұйықталу оқиғалары жиі болып жататыны рас. Бұл жағдай Қызылорда облысына да тән.
Тозған желі – тоқыраудың басы
272
оқылды

Былтыр қыс мезгілінде өңірде та­биғаттың тосын мінезіне төтеп бе­ре алмай, тозығы жеткен электр же­лілері істен шығып, қаланың басым бө­лігі жарықсыз қалғаны елдің есінде. Сол уақытта көптеген электр желінің Кеңес кезеңінен бері жөндеу көр­мей, то­зығы жетіп тұрғаны сөз бол­ды. Соған орай электр желілерін қайта жаң­ғырту бас­тамасы көтеріліп, елдің сенімі есе­ле­не түскен еді. Бірақ әлі күнге дейін түйт­­кілдің түйіні толықтай тарқа­тылд­ы деп айта алмаймыз.

Қызылорда облыстық Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасының мәліметіне сәйкес, бү­гінде облыс аумағында 10 491 шақырым электр желісі мен 2008 дана қосалқы стан­са бар. Жалпы, Сыр өңіріне электр энер­гиясын таратушы мекеме – «Қызыл­­ор­да электр тарату тораптары компания­сы» АҚ. Жоғарыда атал­ған барлық электр желілері мен стан­са осы кәсіп­орын­ның теңгеріміне кіре­ді екен. Алайда бүгінде бұл желілер мен стансалардың тозу деңгейі 66 пайыз­ды құрап отырғаны жасырын емес. 

Басқарманың мәліметіне сәйкес, биыл электр желілерін жаңғырту бойын­ша 38 жобаға 9 млрд теңге бөлініпті. Бұл қар­жыға қайта жаңғырту жұмыстарын жүр­гізу көзделген. 

«Өңірдің электр жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу бастамасы назарға алынып отыр. Нақты айтқанда, осы мақ­­сат­та 38 жобаға 9 млрд теңге қаралды. Бұл қаржыға 741 шақырым электр желісі мен 127 дана қосалқы стансаларды күр­делі жөндеу, 45 шақырым электр же­лісі мен 48 дана қосалқы стансаларға ағым­дағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көз­деліп отыр. Соның нәтижесінде электр же­лілерінің тозу деңгейін 66 пайыздан 62 пайызға төмендету жоспарда бар», – деп түсіндірді басқарма басшысы Медет Усаин.

Бір кездері Қызылорда қаласын­дағы үлкен трансформаторлар­дың күрделі жөндеу жұмыстарына рес­пуб­ликалық және облыстық бюджеттен 4 млрд теңге қаралғаны белгілі. Алайда қыруар қаржы мақсатты жұмыстарға тиім­­ді игерілмей, кері қайтарылғаны көп­­ке аян. Нақты айтқанда, 2021 жылы бө­лінген қаржыға межелі жұмыстар өз дең­гейінде жүргізілмеген. Соның сал­дары­нан шұғыл жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге қаралғанымен, одан да көңіл көншітерлік нәтиже болмады. Со­ның зардабын халық әлі күнге дейін тартып келеді. 

Бұл аздай, тарифтің жиі көтерілуі де өңір халқының шымбайына ба­тып жүр. Жарық пен жылуға жарымай отыр­ған жұртшылыққа бұл жығылғанға жұ­дырық болып тұр. Тарифтің ой­да-жоқ­та кө­теріліп, қалтаға сал­мақ салып тұр­ғанына көпшілік ашулы.

«Жарық пен жылу­дың жайы көпке мә­лім. Енді ай сайынғы тө­лемақыны қым­бат­татып, халықты одан бетер қыспаққа алып тұр. Сәл жел тұрып, жаң­­быр жауса, жарық өшіп, қараңғылық құ­ша­ғында отырамыз. Электр желілерінің ес­кір­гендігін айта-ай­та аузымыз да ауырды. Сәл апатты жағдай бол­са, арнайы маман­дар­дың келуі де қиын. Көп жағдайда қалта­мыз­дан төлеп жасатуға мәж­бүрміз. Ең болма­ған­да, сапа бағаға сай бол­са екен», – деп ашы­­­­нады қала тұрғы­ны Қайрат Абдуллаев.

Шынында биыл коммуналдық та­риф­тің құны өскені мәлім. Ал оның се­бе­бін халық түсінбей дал болып жүр. Осы орайда тариф төңірегінде де бас­қар­мадан сұрап көрдік.

«Биыл коммуналдық тарифтердің (жа­рық, жылу, су, газ) бағасы өсті. Оған не­гіз бар. Қай кезде де барлық ком­му­нал­дық тариф себепсіз қымбаттаған емес. Мәселен, биылғы жылы мекеме­лер­д­е орташа жалақы мөлшері өсуіне бай­ланысты, коммуналдық тарифтердің ба­ғасы да қымбаттады. Негізінен, элек­тр энергиясының өсуінің басты се­бебі, былтырдан бастап республика бойынша бірыңғай сатып алушы (РФЦ мекемесі) жүйесі енгізілді. Сонымен қатар жылу электр стансалары (ТЭЦ) мен бірыңғай са­тып алушы тарифінің 12 теңгеден 15 теңге өсуі және республикалық электр же­лілерінің операторы KEGOC меке­ме­сінің жаңа тарифі (1,97 теңге) себеп бо­лып отыр», – дейді басқарма басшысы Медет Усаин.

Бұған дейін Үкімет басшысының Сыр өңіріне сапарында облыста­ғы электр желілерінің тозу деңгейін 66 пайыздан 30 пайызға дейін төмендету үшін 153 млрд теңге қажет екені тілге тиек болған еді. Әрине, бұл аз ақша емес. Соған сәйкес бұл түйіннің қашан ше­шілетінін нақ уақытта дөп басып айту қиын сияқты. 

Ал Сыр халқы бағасына қарай ком­му­налдық қызметтің сапасы да артса де­ген пікірде. Ең бастысы, жарықтың ір­кіліссіз беріліп, жылуға қатысты қор­да­ланған мәселенің түбегейлі шешілуін асы­ға күтіп жүр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы