Ресей президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы сарапшыларының Lenta.ru сайтында жарияланған ескертулерін Aikyn.kz талдайды.
Қазан мен қараша айларында ресейліктерге қарсы алаяқтық шабуылдардың үлкен толқыны ұйымдастырылатынын Ресей президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясының (RANEPA) сарапшылары мәлімдеді. Олардың болжамы бойынша, қылмыстың шарықтау шегі 2024 жылдың күз айларына келеді. Бүгінгі интернет кеңістікте шекара жоқ екенін ескерсек, бұл қауіп қазақстандықтар үшін де өзекті саналады.
«Лингвистикалық қауіпсіздік және ақпараттық әсер психологиясы» ғылыми зертханасының мамандары шабуылдар нейрондық желі технологиясына негізделген кескінді синтездеу әдісі – deepfake технологиясын қолданатынын атап өткен.
Deepfake – кескіндер мен видеоларды түпнұсқа кескіндермен немесе видеолармен біріктіріп, соларға қою үшін қолданылады. Бұл технология кескіннің белгілі бір элементтерін қажетті кескіндермен ауыстыру үшін, саяси айла-шарғы жасау, жеке пайда немесе кек алу үшін жалған жазбаларды жасауға қолданылады.
«Азаматтар өздерінің «тікелей басшыларынан» немесе «жақын туыстарынан» ақша аудару немесе «Мемлекеттік қызметтерге» қол жеткізу туралы өтінішпен видео қоңыраулар алады», – дейді ол. Осындай видео қоңырауларда «тікелей басшының» немесе «жақын туысы мен досының» бейнесі мен дауысы азаматтар сеніп қалатындай шынайы болып көрсетіледі.
Жеке деректерді алаяқтардан қорғау үшін азаматтарға мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы құжаттардың сканерленген көшірмелері мен фотосуреттерін жіберуден аулақ болуға кеңес береміз. Сонымен қатар, адамдар жұмысы мен жеке өмірі үшін бір смартфонды, бір нөмірді қолданбау керек.
Ең дұрысы: жеке өміріңізге қажет жаңа электрондық пошта ашып, бөлек банк картасын және цифрлық қызметтермен әрекеттесу үшін басқа цифрлық құрылғыны немесе нөмірді пайдалану керек.
Бұл жағдайда сіздің әлеуметтік желілермен әрекеттесетін телефоныңызға кіріп, қаскөйлер ақпараттарды ұрлағанымен, басқа телефондағы сіздің жеке деректеріңіз, банк карталарыңыз бен шоттарыңыз сақталып қалады.
Бұған қосымша барлық қолданбаларда жеке деректерге қол жеткізуді шектейтін қатаң құпиялылық параметрлерін қосуды ұсынамыз: антивирус, құпия сөзді қауіпсіз сақтау, деректердің көшірмелері – мұның бәрін ешкімнің қолы жетпейтін орындарда сақтаған дұрыс.
Сарапшылар жаңа порталдарға тіркелу кезінде сақ болуға шақырады және тексерілген, сенімді, ұзақ уақыт пайдаланылған ресурстармен ғана жұмыс істеуге кеңес береді.
Интернет алаяқтар Tik Tok және Telegram сияқты желілер арқылы жалған дауыстық және видео хабарламалар тарататын deepfake технологиясын белсенді түрде қолдануда. Мұндай жағдайда хабарламаның шынайы немесе жалған екенін ажырату қиын. Бірақ ажыратуға болады: ондағы адамның мимикасы шектеулі болады; дауыс немесе видео жазбада сіз білетін адам мүлдем басқаша мазмұнда сөйлейді, оның сұранысы ақша, басқа да материалдық сипатта болады.
Цифрлық тазалық (гигиена) денегіміз не?
Цифрлық гигиена интернеттегі алаяқтардың құрбаны болмау және желіде алданып қалмау үшін қажет. Кибер-гигиена жеке гигиенамен де салыстырылады: екеуі де денсаулық пен әл-ауқатты қамтамасыз ету үшін қажет. Цифрлық дағдылар сізді зиянды бағдарламалардан қорғайды, жеке деректеріңізді қауіпсіз сақтауға көмектеседі. Әдеттегідей иммунитетті күшейтетін кез келген әрекеттер сияқты, кибер-гигиеналық процедураларды үнемі қайталау қажет.
Желідегі қауіпсіздікті сақтау үшін цифрлық гигиена шарттары мынадай:
Бірінші. Құпия сөздерді қауіпсіз сақтау
Бірнеше тіркелгі үшін бірдей құпия сөзді пайдаланбаңыз. Құпия сөзіңізді үнемі өзгертіңіз. Ұзындығы кемінде 12 таңбадан тұратын (ең дұрысы ұзағырақ) құпия сөздерді пайдаланыңыз. Бас және кіші әріптерден, таңбалардан және сандардан тұратын құпия сөздерді пайдаланыңыз.
Қарапайым құпия сөздерді пайдаланбаңыз. Құпия сөз дәйекті сандар комбинациясын (1234) немесе туған күніңіз немесе үй жануарыңыздың аты сияқты сізді білетін адам анықтай алатын жеке ақпаратты пайдаланбауы керек. Құпия сөздерді жазбаңыз немесе оларды басқа адамдармен бөліспеңіз.
Екінші. Көп факторлы аутентификацияны қолдану
Google Authenticator немесе Authy сияқты қолданбаларды пайдаланып, барлық негізгі тіркелгілеріңізге (электрондық пошта, әлеуметтік медиа, банк қолданбалары) көп факторлы аутентификация қауіпсіздігін орнатыңыз. Көп факторлы аутентификация кодтарының сақтық көшірмелерін құпия сөз менеджерінде сақтаңыз.
Үшінші. Құпиялылықты қамтамасыз ету
Әлеуметтік желіде үй мекенжайы, жеке фотосуреттер, телефон нөмірі, несие картасының нөмірлері сияқты жеке ақпаратты орналастырмаңыз. Әлеуметтік желілерде құпия жеке ақпаратты сұрайтын викториналардан, ойындардан және сауалнамалардан аулақ болыңыз. Компьютер мен телефонды құпия сөз немесе PIN кодпен құлыптаңыз. Қоғамдық Wi-Fi желілерін пайдаланған кезде жеке ақпаратты жарияламаңыз.
Барлық онлайн транзакцияларды веб-мекенжайлары http:// емес, https:// деп басталатын және мекенжай жолағының сол жағында құлып белгішесі бар қауіпсіз веб-сайттарда орындаңыз.
Төртінші. Әлеуметтік желідегі шабуылдардан қорғану
Сенімді емес күдікті сілтемелерді баспаңыз. Күдікті болып көрінетін электрондық хаттарды, ұтыс, ақшаға байланысты хабарламаларды ашпаңыз. Өзіңіз білмейтін электрондық пошталар мен мәтіндік хабарларды ашып, жүктемеңіз. Ақшалай ұтыс, сыйлықтар немесе жеңілдіктер уәде ететін жарнамаларды ашпаңыз, оларды баспаңыз.
Бесінші. Сенімді антивирустық қорғауды қамтамасыз ету
Вирустарды және басқа зиянды бағдарламаларды тексеретін, содан кейін оларды жоятын сенімді антивирустық бағдарламалық құралды пайдаланыңыз. Вирусқа қарсы бағдарламалық құралды жаңартып отырыңыз.
Міне, осындай цифрлық гигиена шарттарын орындаған адамның жеке деректері де, жеке өмірі де қауіпсіз болады, алданып қалу ықтималдығы мен материалдық шығыны өте төмен болады. Интернетте абай болыңыз, онда сізбен әртүрлі ниеттегі адамдар хабарласады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.