Ол 14 жылдан бері мемлекеттен баспана ала алмай келген.
Ақтөбеде "Батыр ана", 89 жастағы тыл ардагері баспана кезегіне енді ілікті
www.istockphoto.com
266
оқылды

Ақтөбеде 89 жастағы зейнеткер, 10 баланың анасы баспана алу тізіміне ілінді. Ол "Батыр ана" құрметті атағын 1974 жылы алған. Ал 2009 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектерімен теңестірілген "Тыл ардагері" мәртебесіне ие. 

2010 жылы ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне екі санат бойынша – жасы бойынша зейнеткер және соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгендер бойынша енгізілді.

Зейнеткер мемлекеттік органға бұл кезек санатын басқа "Батыр ана" санатына ауыстыру туралы өтінішпен жүгінген. Алайда оның бұл өтінішіне бас тартылған. Бұл ретте әкімдік "Батыр ана" ретінде тіркелсе, кезектің реттік нөмірі басынан бастап есептелетінін айтқан. "Батыр ана" өз құқығын қорғау үшін Ақтөбе облысының МАӘС-на жүгінген.

Сот талап қоюшыны кезекке қойған кезде "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 1997 жылғы редакциясы қолданыста болғанын, оған сәйкес "Батыр ана" санаты халықтың әлеуметтік осал топтарына қолданылмағанын және "Батыр аналардың" жеке тізімі жасақталмағанын анықтады.

2019 жылғы Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҰОС ардагерлері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқа иегерлері немесе бұрын "Батыр ана" атағын алғандар, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғандар және көпбалалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға басым құқықтарға ие болған.

Мемлекеттік орган аталған санаттағы тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу үшін жеке тізімдер жасауы керек еді, ол жасалмаған. Сот 2011-2023 жылдар аралығындағы тұрғын үй кезегінің динамикасын зерттей келе, кезектің дұрыс ресімделмегенін және ретсіз жүргізіліп жатқанын анықтаған. Соның салдарынан 89 жастағы аз қамтылған зейнеткер, "Батыр ана", тыл ардагері 14 жылдан бері мемлекеттен баспана ала алмай келген. Сот мемлекеттік органға оны 2019 жылдан бастап "Батыр ана" санаты бойынша басымдық тізіміне енгізуді міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне еніп, қазіргі уақытта орындалу үстінде.