Еліміз үшін маңызды ше­шім қабылдау кезеңінде тұр­­мыз. Эмоцияға берілмей, байсалды әрекет жасап, дұ­­рыс шешімге келудің бас­­ты жолы – ақылдасу. «Игі жақсы­лардың басы қосылса, ақыл ар­насы ағытылады» деген сөз бар.
Наурызбай Байқадамов, Парламент Сенатының депутаты: Өзара сенім –  жетістік кепілі
632
оқылды

Бір жыл көлемінде атом эн­ер­­гети­калық стансасын салу-салмау жөнінде жалпыха­лық­тық талқылау жүрсе, енді нақты ше­­шім қабылданар алдында жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Пікір айту оңай. Оны терең біліп айту қиын. Ол бәрі­мізге бірдей құқығымызды қол­да­на алуға мүмкіндік беретін әділ­етті орта қалыптастыруға тиіс. Бұл жағдайда басты мәсе­ле, халық пен билік­тің өзара сенімі керек. Сенім факто­ры – қоғам өркендеуінің басты тетігі. Яғни, кез келген қоғамның даму деңгейі – сенім деңгейіне бай­ла­нысты. Адамдардың өзара сенімі, оның ішінде ел азамат­тарының өз билігіне деген сенімі өте маңызды. Ал бұл тұ­жыр­ым, ар-ұятты жанынан, ор­тақ елдік мүддені бәрінен жоғары қоятын қазақ ұлты үшін ап-анық түсінікті нәрсе. Зама­ны­мыздың ойшылдарының бірі, саяси эконо­мист, философ Франсис Фукуяма: «Сенім көр­сеткіші жоғары елдер қоғамдық даму­дың жоғары сатысында» деп бағалайды. Қоғам дамысын, әділеттілікке басымдық берілсін десек, сенім мен адалдық үстем­дігіне ұмтылайық. Мемлекетке бізді бас­қару­ға мүмкіндік бер­дік. Сол сенімге мемлекет те сел­кеу түсірмеуі керек. Өйткені сенім, тұрақтылық қоғамның басты құнды­лығы болуымен қатар мемлекеттік бас­қарудың да басты базисі. Сенім болмаған жерде тиімді басқару да болмай­ды. Дұрыс дамымаған ел бол­майды, дұрыс басқарыл­ма­ған ел болады. Биліктің бірден-бір бас­тауы – халық. Дұрыс шешім қабылдай алмасақ кімге өкпе­лейміз? Ал мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың қажыр-қайратын мемлекеттік мәселеге бұру.

Қашанда саяси және эконо­микалық мәселелер бір-бірін толықтырып отырады. Еліміз­дегі саяси реформалардың ре­не­сансы кезінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға тікелей қатысты, халықтың талабымен санасатын экономикалық қаты­настар қажет. Бұл қазақ қоғамы­ның алдын­дағы бірінші міндет деп айтсақ артық бол­мас. Яғни, экономикамыздың біздің жеке өміріміздегі көрінісі мен әсерін нақты сезіне алсақ, сенімнің арта түсері анық. Әр­бір мемле­кет халықаралық қатынастарда өзін мойындату үшін күресуде. Өткен ғасырларда мойын­да­тудың құралы қантөгіс соғыс болды. Қазір экономиканың матер­иал­дық игіліктерді қамта­масыз етуден басқа үлкен қыз­меті – мойындату. Ол үшін қо­ғам­дық қолдау арқылы тұрақты эконо­ми­калық даму жолында болуымыз керек. Экономи­калық даму белгілі бір жағдайда тікелей энергия көздеріне бай­ланысты. ХХІ ғасырдағы өркен­иеттік қақтығыстар­дың басым көпшілігі энергия көздері үшін болуда. Энергия дербестігін­сіз, экономика­лық дербестікте толыққанды бола алмай­мыз, бас­қаны мойындата алмаймыз. Біз күш көрсетіп абырой таппа­сымыз анық. Ал экономикалық жетістік арқылы өз орны­мызды ойып алу – біз үшін зор мүм­кін­­дік. Ол екінші жағынан ел игі­ліктерінің тек қазақстан­дықтар арасында тең игері­луіне оң әсер етеді. Бүгінде саяси және эко­но­­микалық институттарды барын­ша өзара үйлесімді етудің қа­дам­дары жасалуда. Соңғы жыл­дардағы Жолдау­лардың басты ұстанымы осыған саяды. Мемлекет басшы­сы барлық стра­тегиялық шешімді халық арқылы қабылдауымызды талап етуде. Оның басты тетігі – Кон­с­титуциямызда анық­­талған референдум әдісі. Президент бұл бастаманы аспаннан алып көтерген жоқ. Билік басшысы­ның бірінші міндеті –  елін аман сақтау, дамуын қамтамасыз ету. Президенттің болашақта жаман атымен қалмас үшін тарих ал­дын­дағы жауапкер­шілігі одан да зор. Кезінде басшылардың три­бунадан айтқан сөзін заң сияқ­ты қабылдаған уақытты да көр­дік қой. АЭС жөніндегі ре­­ферен­дум қорытындысы ха­лық пен биліктің өзара сенім көр­сеткіші бо­лары анық. 

Әрине, билік шындықты көргісі кел­мейді деген пікірлер жеткілікті. «Шындық» көп, ал ақиқатын қалай ажыратамыз? Осы­ған сәйкес, референдум тақырыбына сенім­сіздік біл­дірушілердің болуы заңды­лық. Оған ешкім ренжімеуге тиіс. «Ашық қоғам» тұжырым­да­масының да мәні осын­да. Бірақ биліктің мәні де бүкпесіз шын­дықты көре-білуде емес, шын­дықты ортақ құндылықтарға қызмет етуге дұрыс бағыт­тай білуінде. Жалпыхалықтық мә­селе жөн­ін­де жарып сөйле­ген­нен гөрі байыбына барып сөй­леген дұрыс. Кейбір адамдар ашық қарсылық білдірсе, кей­бірінің іштей қарсы көзқараста екені де анық. Өйткені дұрыс пен бұрыс түсінігі әр адамның өзінің шектеулі көзқарасының негізінде қалып­тас­а­тыны пси­хо­­­­­­логиядан белгілі. 

Адамның қоғамдағы құн­ды­лығы оның кәсіби білімімен ан­ық­талады. Ендеше білікті де білімді мамандардың пікіріне құ­лақ асайық. Біздің міндетіміз – алдағы даму бағытымызды болашақта алар орны­мыздың талабынан анықтауымыз керек. Мемлекет басшысы – игі елдік сая­сатты қал­ып­тастырушы, бас­тамашысы. Ал би­лік­ке қо­ғамдық мүддені нығайту тетігі ретінде қарауымыз керек деп ойлай­мын. Адамдардың дер кезінд­е уақыт талабына сай бағ­дарлануы саясатты қалып­тас­тыруға нақты әсер етеді. Жал­­пыхалықтық талқы­лау жыл бойы жүрді. Жұртшылық осы­ның негізінде біршама бағыт-бағдар алды. Атом энергиясы болашақтың энергиясы екенін мойындамасқа шара жоқ.  Энер­гетика көз­дері әлемдік тәртіпке әсер ете алатын фак­торға айналуда. Сондықтан да АЭС салу арқылы энергия тап­шылығын барынша азайту үшін дұрыс шешімнің қабылдануы бәріміз үшін маңызды.