Бүгінде әлем халқының қартаюы қарқын алғанын көреміз. Дегенмен көптеген елдер мұндай ауқымды әрі жылдам жүріп жатқан демографиялық өзгерістерге дайын емес.
Қартайған сайын ортаяды
2,514
оқылды

Дүниежүзілік банк мәліметтеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай жер шары тұрғындарының кемінде үштен бірін 60 жастан асқан азаматтар құрамақ. Сондықтан мемлекеттер осы тектес демографиялық толқыннан туын­дайтын мүмкіндіктер мен қиындықтарға бейімделгені абзал. Себебі қартаюшы халықтың әсері еңбек нарығына, миграцияға және әлеуметтік саясатқа ықпал етеді.

Ұлттық статистика бюросының дерек­теріне сүйенсек, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстандағы зейнет­керлер саны 2,4 миллион адамға жеткен. Ranking сараптама орталығы осы дерек­терді негізге ала отырып, елдегі орташа жиын­­тық зейнетақы мөлшері – 132 110 теңге, оның ішінде ынтымақты зей­­нетақы – 89 479 теңге, базалық зей­нетақы – 42 631 теңге деген қорытынды шығарып отыр. БЖЗҚ мәліметтері бойынша, елдегі өмір сүру ұзақтығы және қарт адамдардың үлесі 2021 жылы панде­мияның әсерінен 70,23 жасқа дейін төмен­дегеннен кейін, өткен 2023 жылы 75,09 жасқа көтерілген. Қор мен БҰҰ ұсын­ған деректерге сүйенсек, 2050 жылға қа­рай демографиялық қартаю деңгейі жоға­рыламақ. Өйткені өмір сүру ұзақтығы ар­туда. Мысалы, 60 жастан асқан адам­дардың үлесі 2008 жылы 9,7% болса, 2023 жылы 13,6%-ға жетті. Ал 2050 жылы 16,7%-ға жетпек, яғни 2050 жылы орташа есеппен әр алтыншы қазақстандық 60 жастан асқан болады. 

Зейнетақы қоры осыған дейін Қазақ­стандағы экономикалық белсенді жас­та­ғы (25-64 жас) адамдар мен зейнеткерлер (65+) арасындағы қатынас 2012 жылы 7,7-ден 2023 жылы 5,49-ға төмендегенін мә­лімдеген болатын. Ал мекеменің болжам­дарына сәйкес, бұл коэффициент 2050 жылға қарай шамамен 4,0-ге дейін төмен­дейді. Демек, бұл жұмыс істейтін халыққа «жүктемені» арттырады.

«Қазіргі демографиялық трендтер мен ұзақмерзімді тәуекелдер қоғамда зейнет­ақымен қамтамасыз ету мәселесін тудыра­ды. Бұл міндетті жинақтау зейнетақы жүйесі шешеді, ол азаматтарға еңбек қыз­меті барысында табыстарына сәйкес өз­дерінің зейнетақы жинақтарын қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Бұл мемле­кеттік бюджетке жүктемені азайтуға және болашақта зейнетақыларды арттыруға септігін тигізеді», – деп атап өткен БЖЗҚ есебінде. 

Сонымен қатар қор өкілдері зейнетақы жүйесіндегі жинақтау компонентін дамыту мен нығайту оның тұрақтылығын және демографиялық өзгерістерге бейімделуін қамтамасыз етудің басты факторы екенін алға тартуда. Ал осы тектес тәуекелдерге төтеп беру үшін Әлеуметтік кодексте 2024 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін 5% міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған.

Ал тәуелсіз сарапшы, экономист Бауыр­жан Ысқақовтың айтуынша, әлеу­меттік саланың мемлекеттік бюджетке түсіретін салмағын төмендетудің жалғыз амалы – халықтың нақты табысын арттыру. Сондықтан зейнет жасының ұлғаюына түбегейлі қарсылық танытпас бұрын оның экономикаға кері салдарын әбден саралап алған абзал.

– Территориясы жағынан әлем елдері арасында алғашқы ондыққа кіретін Қазақстан үшін халық санының өсімі ЖІӨ-нің тез ұлғаюына, эконо­микалық белсенді халықтың жұмыс жа­сауына және бәсекелестік қабілет­тілі­гіміздің артуына оң ықпал етеді. Біздің жер аумағымызда кем дегенде 70 млн халық болуы керек. Яғни, әскери, азық-түлік қауіпсіздігімізді то­лыққанды қамта­масыз ете алу үшін халық санының жоғары болуы өте пайдалы. Өйткені әлемдік ірі брендтер жұмыс күші арзан болғандықтан, бірінші кезекте осындай елдерге инвес­тиция салуда. Көр­шілес Өзбек­станмен салыс­тырғанда, ин­весторлардың таңдауы да кейде халық саны жағынан басым түсетін осы елге ауып кетіп жатады, – дейді ол. 

Сарапшы зейнеткерлер санының ұл­ғаюы мәселесіне қатысты оң көзқараста екенін жеткізді. Оның себебі қазірдің өзінде еліміз әлеуметтік салаға мемлекеттік бюджеттің жартысынан астамын жұмсап отыр.

– Қазір елімізде 60 жастан асқан аза­маттардың үлесі – 12 пайыз. Ал БҰҰ ақпараттары бойынша, әлемдік статис­тикада халық ішіндегі қарт адамдардың саны 7 пайыздан асса, ол елді «қарт мем­лекет» деп айтуға болады. Осыны негізге алар болсақ, қарттар санының ұл­ғаюы эко­номикаға өсім бермейді. Себебі зей­неткерлікке шыққаннан кейін олардан жеке табыс салығы ұсталмайды. Сонымен қатар мұнда тенденция арқылы иннова­цияны дамытуға, қандай да бір техноло­гияларды көтеруге дем бере алмаймыз. Керісінше, бұл жұмыс күшінің азаюына алып келеді. Зейнеткерлер саны көбейген сайын елдің әлеуметтік шығындарының да артатыны белгілі. Дәл қазіргі кезде мем­лекеттік бюджеттің 60 пайызға жуығы әлеу­меттік шығындарға бағыттал­ған­ды­ғының өзі де осының бір көрінісі деуге болады. Бұл өте үлкен көрсеткіш және бюджетке түсіп отырған салмақ. Біздегі бюджет кірісінің тек қана 60 пайызын салықтар, 10 пайызын төлемдер құрайды, қалған 30 пайызын, яғни бюджет дефи­цитін Ұлттық қор қаражатынан жауып отырмыз. Сондықтан зейнетке шығу мәселесін қозғағанда осындай эконо­ми­калық зардаптарын да таразы­лауымыз қажет, – дейді экономист.

Ал зейнеткерлердің жасын көтеру үшін олардың жағдайын жасау қажет деп есеп­тейді Б.Ысқақов. Оның пікірінше, қызмет орнының өмір сүруге қолайлы болуы, денсаулығына зиян келтіретін факторларды азайтуға назар аударар болсақ, кейбір мемлекеттер секілді 65 жасқа дейін жұмыс істетуге мүмкіндік бар. 

– Оның барлығы біздегі еңбек өнім­ділігі мен жұмыспен қамтамасыз етудегі көптеген мәселелерді шешумен айқын­далады. Сол үшін біз бірінші кезекте зей­неткерлердің жасын азайтамыз дегенде оның үлкен экономикалық зардабы бар екенін ескеруіміз керек. Сол үшін де бұл Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі спецификасы, инвестициялық кірістілік, салықтық түсімдердің үлесі сияқты пара­метрлердің базасында есептелуі керек. Менің жеке пікірім бойынша, еңбекке жарамды азаматтардың үлесін арттырып, орта таптың қалыптасуына жағдай жа­сауымыз қажет. Орта тап – 700 мыңнан бастап 1 млн 200 мың теңге аралығында жалақы алатын азаматтар. Олардың ең­бекке жарамды азаматтардың ішіндегі үлесін 65-70 пайызға жеткізуіміз қажет. Ал ең төменгі жалақыны қазіргідей 85 мың теңге емес, орташа жалақының 1/3 бөлі­гіне, яғни 150-160 мың теңге мөлшерінде қалыптастыратын болсақ, азаматтардың зейнетке шыққаннан жұмыс істеуі, табыс табуы тиімді болмақ. Сол арқылы бюджетке түсетін салықтық түсімдер де, еңбек өнім­ділігі де, инновация да барлығы қалыпқа келеді. Осындай қажетті көрсет­кіштермен ғана біз зейнеткерлік мәселе­сіндегі еңбек өнімділігін арттырамыз деп есептеймін, – дейді ол. 

Соңғы уақытта бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат көлемі артқанын Finprom сараптама орталығы да растайды. Мысалы, 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстанның мем­лекеттік бюджетінен әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 3 трлн теңге жұмсалған. Бұл 2023 жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 15,4%-ға көп. Осы уақыт аралығында сектордың мем­лекеттік бюджет шығыстарының жалпы көлеміндегі үлесі 22,8%-ды құраған.

«Ал былтыр мемлекеттік бюджет шы­ғыстары әлеуметтік көмек пен әлеу­меттік қамсыздандыруға 5,3 трлн теңге болды. Осы мерзім ішінде жергілікті бюд­жеттердің әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қам­сыздандыруға жұмсаған шығыстары 319,4 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 14,3%-ға көп. Аймақтық бөліністе, сек­торға жұмсалған шығыстар бойынша ең көп қаржы Түркістан облы­сына бағыт­талған: 33,9 млрд теңге. Екінші және үшін­ші орында Алматы (26,5 млрд теңге, жылына 12% өсім) және Астана (20,5 млрд теңге, жылына 25,1% өсім) қалалары бар. Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыз­дан­дыруға жұмсалған шығыстардың жыл­дық ең үлкен өсімі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді: 57,7%, яғни 14,5 млрд теңгеге дейін. Сектордағы шығыстардың қысқаруы тек 20 өңірдің 3-інде – Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында байқалды», – делінген баяндамада.

Бүкіләлемдік экономикалық форум зерттеуінде өмір жасы ұзарған сайын адамдар қажеттіліктен немесе өз қалауы­мен ұзақ жұмыс істеуіне тура келетінін жазған. Сонымен қатар 50 жастан асқан жұмыс­­шылар үшін жұмысқа орналасу бойынша қолжетімді әрі тиімді ұсыныстар жоқ екендігін айтады. Яғни, қарттардың жұмыс істеуіне арналған бағдарламалар немесе бастамалар бар болса да, әзірлеу барысында жұмысшылардың пікірлері мен қажет­тіліктері ескерілмейді. Бір сөзбен айт­қанда, «жоғарғы деңгейден төмен қарай» принципі арқылы жүзеге асырылады. Ал Дүниежүзілік банк са­­рапшылары мұндай жағдайды дұрыс бас­­қару үшін еңбекке қабілетті халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына инвестиция салу қажет деп есептейді. Ең маңыздысы – қант диабеті, тыныс алу аурулары, жүрек аурулары, қатерлі ісік және депрессия сияқты жұқ­­палы емес аурулардың алдын алу және оларды уақытылы әрі тиімді бақылау.

Кәмила ЕРКІН