Түстен кейін әлгі дыбыс тағы естілді. Құлағым неше түрлі дыбысты таниды және айыра да біледі. Бұл соңғы кездері пайда болды. Не де болса көрейін деп есікті ашып қалдым. Көзіме ештеңе көрінбеді. Қайтадан жұмысыма кірісіп кеттім. Әлгі дыбыс ізінше тағы естілді. Жүгіріп барып есікті аштым. Адамның қарасы көрінбейді. Сөйтсем, есіктің тұтқасында бір құлақ жабысып тұр. Шап беріп ұстап алдым.
– Кімнің құлағысың? Не тыңдап тұрсың? – дедім ақырып.
Құлақ мыжырайып қалды. Иә, кәдімгі адамның құлағы екен. Бірақ есектің құлағына ұқсай ма біртүрлі. Тесілмеген. Соған қарағанда ер адамның құлағы деп топшыладым. Қалқанқұлақ. Мекемде құлағы қалқиған кімдер бар? Кабинетіме келіп ұзақ ойландым. Құлақты аямай бұрадым. «Ей, ақпақұлақ» деп жеті атасынан бермен қарай боқтадым. Қызарып кетті. Қайнап тұрған ыстық суға салып алғым келді. Бірақ құлақ пісіп қалып, иесі шұнақ болып қалар деп қатты аядым. Байғұс құлақты біраз қинадым. Сосын инемен тесіп «Мә, құлағыңа алтын сырға» деп сырға тақтым. Сүйттім де, құлақты қалтама салып алдым. Уақытша тілімді жұтып қойдым. Үйге келдім. Үн жоқ. Үйдегілер «Ойбай, бір жерің ауырып қалды ма?» – дейді. Мен тек басымды шайқаймын.
– Шырағым, саған не болды? Күнде үйде аузың жабылмайтын еді – деп шешем алдыма келді. Жақ ашпадым.
– Әй, жаман ұл, сені біреу ренжітті ме? – деп әкем шықты. Құлақтың иесі табылғанша дыбыс шығармауға бекіндім.
Таңертең жұмысқа келе сала ұжымдағы адамдардың құлағына қараумен болдым. Бәрінің екі құлағы орнында тұр. Содан түс ауа таныс қызметкерім ғимаратта бір құлағын шүберекпен байлап алып кезіп жүр.
– Құлағыңыз үсіп қалды ма?
– Жоқ.
– Салқын тиіп, бұлақ ағып жүрген жоқ па?
– Жоқ.
– Әлде біреу тістеп алды ма?
– Жоқ, – деймін.
– Аа, құлақ жоқ дейсің бе?
– Иә, – деді ол беті қызарып.
– Жарайды, мә, құлағыңды мен тауып алдым, ал енді жоғалтып алма, – дедім.
Ол сырға таққан құлақты көріп одан бетер қызарып, ұялып қалды.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН