– Осы жұрттан неге үйренбейсің? Болмаса өзім үйретемін, – дейді.
– Қатын-ау, кімнен не үйренемін? – деймін кеңірдегім қылғынып. Бесіктегі бала емеспін ғой...
– Білмеймін, үйрен...
– Нені?
– Жұрттың байлары керемет əкіммен дос, бірге қыдырады.
– Қыдыра берсін.
– Жұрттың байлары шетелде тынығады.
– Тыныға берсін.
– Сен сияқтылар баяғыда екі қабат коттедж тұрғызып алды.
– Тұрғыза берсін.
– Сүмелек, сенің қолыңнан түк келмейді үйрен, үйретемін, – деп оқтаумен тұра қуды.
Əрең қашып құтылдым. Жұмысқа келдім. Бастығым да əйел адам. Кабинетіне шақырып алды.
– Осы сен неге үйренбейсің?
– Үйленбейсің, кімге?
– Жоқ, үйренбейсің?
– Не үйренуім керек?
– Білмеймін, бір нəрсе үйрен, болмаса үйретемін, – деп ол да көзін алартты. Бұларға не болған? Қазір өңкей үйреткіштер көбейіп кетті. Мен не цирктегі аңмын ба?..
Әлде мен осы уақытқа дейін маңызды бірдеңені үйрене алмай жүр ме екенмін? Өзім «ымды» түсінбейтін бейшарамын. Әйелімнің де, бастығымның да айтуы дұрыс шығар. Бірақ олар ашып айтпайды, қашып айтады.
Əкімшіліктен шығаберісте таныс келіншек кездесіп қалды.
– Үйреніп жатсыңдар ма?
– Түсінбедім, не үйрену керек?
– Жақсы үйренерсің, – деді.
«Осы уақытқа дейін не үйренгенбіз?» – дедім көмейдегі тіліммен міңгірлеп.
Қалта телефоным «зың-зың» етті. Біреу: «Аюға намаз үйреткен таяқ.Үйрен», – деп қысқаша хат жазып жіберіпті. Әрине, үйренген жақсы ғой. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген бар емес пе?
Білмеймін, əйтеуір соңғы кездері «Үйреніңдер, үйретеміз» деген сөздер құлағымның айналасынан өлімтікке үймелеген көк шыбындар сияқты ызыңдап кетпей қойды.
Сонда кімнен не үйренеміз? Құдай-ау, бізден неге үйренбейді? – деймін бір жеріме қарамай...
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН