Елорданың алып әшекейі саналған ғимарат ішіндегі әртістердің ахуалы біз теңейтін «әшекейге» лайық емес сияқты. Жақында депутат Сергей Понамарев Мәжілісте опера әртістерінің мәселесін көтерген еді. Айтуынша, биылдың өзінде театрдан 100-ден астам әртіс пен маман кеткен. Оның басты себебі – жалақының мөлшері. Ұзақ уақыт бойы жалақының өсуін күткен ұжымның кей мүшелері «баяғы жартастың» сол қалпында болғанынан құрамнан кетуді жөн көріпті.
Депутат көтерген мәселеден кейін «Астана Опера» мемлекеттік және балет театрына хабарласып, аталмыш өнер ордасындағы күйіп тұрған мәселе расында жалақыға негізделген бе деген сауалымызды жолдадық. Операның жетекші солисі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев өнер жан-тәнімен беріліп жұмыс істеуді талап еткендіктен, әлеуметтік жағынан да қорғалуға тиіс екенін айтты.
– Мәдениет саласындағы жалақының төмендігі туралы депутат көтерген мәселе шын мәнінде маңызды. Өкінішке қарай, кадрлардың жақсырақ жағдай жасайтын шетелге кетуі сирек жайт емес. Мұндай мәселе операда да кездеседі. Әртістер өз дарынын елден тыс жерде көрсетуге мүмкіндік іздейді, бұл келешекте Қазақстанның мәдени әлеуетін әлсіретуі мүмкін. Өзіңіз дұрыс байқағандай, әртістердің жалақы мәселесі шынымен де белгілі бір сұрақтар туындатады. Негізінен, «академиялық» немесе «ұлттық» мәртебесіне ие қазақстандық театрлар қосымша қаржылық төлемдер алады. Алайда мұндай мәртебені алу үшін ондаған жыл бойы жұмыс істеу қажет. Оның үстіне, театрдың жұмыс істеген мерзімі оның деңгейін бағалауда әрдайым басты фактор бола бермейді. Ең маңыздысы – оның ел мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі. Бірақ «Астана Опера» меншік түріне байланысты жоғарыда аталған мәртебелердің ешқайсысына ие емес, себебі біздің театр коммерциялық емес акционерлік қоғам, бұл осындай төлемдерді алуға мүмкіндік бермейді. Театрдың 100% акциясы мемлекетке тиесілі, десе де театрымыз бюджеттік ұйымдарға арналған жыл сайынғы жалақыны көтеруге бағытталған бастамалардан тыс қалады. Сондай-ақ мың құбылған нарық жағдайындағы инфляциямен байланысты индексациядан да құр қалуда. Нәтижесінде, 11 жылдық жұмыс кезеңінде жалақымыз тек бір рет, 2022 жылы 20%-ке көтерілді. Алайда депутат көтерген мәселенің арқасында бәрін шешуге болады деп ойлаймын, – деді ол.
Опера әртістерінің рөлі өнерде де, қоғамда да қашанда биік болған. Ж. Шыбықбаев бұл орынның бұдан кейін де төмендемейтінін негізге ала отырып, жас мамандардың келуінің маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Қазақ операсына жас мамандардың келуі маңызды болып қала бермек, осы кәсіпке тоқтап, операны шын мәнінде жақсы көретіндер, өз миссиясын сонымен байланыстыратындар бұл жанрдың болашағына үміт сыйлайды. Опера өнерін дамытуда жас орындаушыларды дайындау маңызды рөл атқарады, мұны «Астана Опера» театрындағы таланттардың қайнар көзі – Халықаралық опера академиясының қызметі дәлелдеп келеді. Қазақстандық жас өнерпаздар да шетелдерде өнер көрсетіп, беделді фестивальдар мен байқауларда елімізді танытып жүр, бірнеше рет жеңімпаз атанып, Отанына жоғары марапаттар да әкелуде. Осылайша, қазақстандық опера ұлттық мұраны әлемдік опера үрдістерімен ұштастыра отырып, халықаралық деңгейде танылып және дарындардың жаңа буынын тәрбиелеп, берік негізде дамып келеді. Еліміз ұлттық музыка мәдениетін қарқынды дамытумен қатар, опера, балет, симфониялық музыка сияқты классикалық өнерді дамытуда әлемнің көптеген еліне үлгі бола алады, себебі дүниежүзіндегі кез келген ел өнердің мұндай асқақ деңгейіне жете бермейді. Біз осының бәрін сақтап қалуымыз керек, – дейді.
Операның жетекші солисінің айтуынша, бұл жерге саф өнерді шынайы сүйетіндер келеді, олар үшін өнер – шабыт пен рухани даму көзі. Солай бола тұра, түрлі себеппен ұйымнан кеткендер баршылық. Опера театрының баспасөз қызметі опера труппасынан ешкім кетпегенін, ал балет труппасынан бірқатар өнер иесі кеткенін айтты. Олар – Данияр Жұматаев, Далер Запаров, Олжас Махамбеталиев, Димаш Қали, Даянхан Құмаров, Жаннар Нарынбеков, Әли Маратов және басқалар. Өнер майталмандарының кетуіне не себеп болғанын білу үшін тікелей өздеріне хабарласып, біліп көрдік.
«Осы өнерге келу үшін 8 жыл, біліктілікті арттыру үшін тағы екі жыл оқу керек. Сонда сіз өнер адамы болу үшін соншама әрекет етесіз, бірақ еңбекақысы барлық қаржылық қажеттілігін толық қанағаттыра алмайды. Біздің жұмысымыз сағат таңғы 9-да басталып, кешкі сағат 9-да бір-ақ аяқталады. Осыған сәйкес, берілетін қаражатқа күн көру мүмкін емес. Менің ұжымнан кетуіме осындай ыңғайсыз жағдайлар себеп болды. Бізде жалақы көтеру мәселесі бұрыннан айтылып келе жатқан дүние. Рас, өнерде жаны сүйетіндер ғана жүреді, оған да келісемін. Бірақ өмір сүрудің өзіне қаражат керек емес пе?» – деді Даянхан Құмаров.
Ал балет труппасында ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Жаннар Нарынбеков те жалақының аздығынан ұжымнан кетуге мәжбүр болыпты. Ол Қазақстандағы балет өнері өз деңгейінде бағаланбайтынына қынжылатынын айтып, алдағы уақытта шетелдегі балет компаниясына жұмысқа тұратын жоспарымен бөлісті.
«Астана Опера» театрынан кеткен Димаш Қали депутат көтерген мәселемен толық келісетінін айтып, әртістерге жағдайдың жасалмағанын жеткізді.
«Ұзақ уақыт бойы бізде жалақының өспегені рас. Егер біз Алматы театрымен салыстырсақ, еңбекақымыз әлдеқайда аз, бірақ істейтін жұмысымыз салыстырмалы түрде көбірек. Жарайды, мен әлі жаспын. Бірақ отбасы құрған аға буындарымыз бар. Балалардың, қажеттілгігі бар, пәтер мәселесі дегендей. Осы салада 10 жылдан астам, тіпті 15 жылдан аса уақыт жұмыс істеген қаншама суретшінің өз үйі жоқ. Сондықтан ер адам болғандықтан, болашағым туралы ойлаймын. Мен өзім үшін жақсы бағаланатын және жақсы жалақы алатын жұмыс табуым керек деген шешім қабылдадым.Театрда жүрген кезде гастрольдік сапарға шығып, басқа елдерде өнеріміз жақсы бағаланатынын байқадық. Мұны көргеннен кейін, әрине, мен ол жаққа барғым келді. Қазір мен шетелде өз мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Менің ойымша, бәрі ойдағыдай болады. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмаса, амал нешік, жұмыссыз қаламын. Өйткені мен бала кезімнен тек балет оқып, осы өнерге машықтандым. Еуропа елдерімен салыстырғанда бізде көп адам әлі күнге дейін балеттің не екенін түсінбейді, оларды секіріп айналады деп ойлайды. Әрине, сіз өз ісіңіздің маманы болсаңыз сіз не істеп жатқаныңызды түсініп, білгіңіз келеді және аудиторияның толы болғанын қалайсыз ғой», – деп сөзін түйді Д. Қали.
Қазақ опера театрының аты шығармашылық ұжымның әр кезде сахнаға қойған үздік, кезеңдік деп танылған спектакльдерімен өлшенері анық. Оны біз даму тарихынан, шығармашылық белесінің даму динамикасынан көруімізге болады. Олар тікелей әртістердің әрекетімен жүзеге асады. Бірақ бірнеше себеп ұйымнан кетуге түрткі болса да, бұл үдеріс әр жерде әрдайым болған. Шетелге жұмыс істеуге кеткендер тек опера әншілері емес. Жанат Шыбықбаев шекара асқан осындай нағыз таланттардың есімін еске алып, тізіп айтты.
– АҚШ-қа жұмысқа кеткен тамаша композитор Алмас Ермекұлы Серкебаевты еске салайық, әйгілі «Азия дауысы» музыкалық фестивалінің фанфар музыкасының авторы Әділ Бестібаевты бәріңіз білесіздер, ол да Канадада өмір сүріп, жұмыс істеуге кетті. Ал атақты балетмейстерлер – Жанат Байдаралин (АҚШ), Бақытжан Смағұлов (АҚШ, Жапонияда жұмыс істеді), балет солистері – Дастан Шыныбаев, Балқия Жамбурчинова (Германия), Әлия Тынықпаева, Әлия Хасенова (Венгрия), Данияр Жұматаев (Франция), атағы жер жарған музыканттар – Марат Бисенғалиев (Ұлыбритания), Рафаэль Хисматулин (Испания), тамаша аспапшы музыканттар – Теміржан Ержанов (АҚШ), скрипкашы Ержан Кулибаев (Испания), опера цехы бойынша менің әріптестерім – Нұрлан Бекмұхамбетов (Ресей), Қаиржан Жолдыбаев, Бауыржан Әндержанов (Германия) және тағы басқалары елімізден кетіп қалды, – дейді операның жетекші солисі.
«Салмақты» өнер иелері қандай марапатқа болса да лайық дейміз. Газетіміздің алдыңғы сандарында театр майталмандарының да алатын жалақысының мардымсыз екені жазылып еді. Бұдан не түйеміз? Қазақ руханиятының шоғыры саналған өнер ордалары болашағымыздың берік негізі бола алады. Ал опера, театр – ұжымдық өнер, тұтас ағза десек, оның бұзылуына жалақы әсер етпеуі керек деген ойдамыз. Сіз не дейсіз?
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ