Соңғы уақытта Қазақстан құрамасы жыл сайын болатын пәндік Халық­ара­лық Олимпиадалық рейтингте (IMO, IPHO, ICHO, IBO, ISPHO, JBMO) топ жа­рып келе жатыр.
Білімдегі жеңіс – жетім
916
оқылды

Статистикалық мәліметке сүйенсек, биылдың өзінде Халық­аралық олимпиадаға бізден 35 оқушы қатысса, оның 34-і жеңіс тұғы­ры­нан көрінген. Ғажап нәтиже, солай ғой?! Алайда бұл жайында жарытып БАҚ-та жазған жоқ, сүйіншілеп әлеуметтік желі де шуламады. Тіпті,  бұқара тү­гілі, осы білімпаздардың өз қатарластары – оқушылар да мұндай сайыстың өт­кенінен хабарсыз. Білім-инновация лицейлері, Назарбаев зияткерлік мек­тептері, Республикалық физика-математика мектеп-интернаты сияқты са­наулы білім ордалары болмаса, шәкірттердің көпшілігі арасында мұндай олим­пиадалардың беделі де өз деңгейінде еместігін мойындау керек. 

Оқушыға сыйақы тағайындаған отандық меценат жоқ

Оқуда жетістікке жеткен балаларға қолдау көрсету, олар­дың еңбегін дәріптеу, бірін­ші­ден, жастар арасында табысқа жету мәдениетінің қалыптасуына көмектессе, екіншіден, дест­рук­тив­ті мінез-құлықтан ада, көш­бас­шылық қабілеті шыңдалған тұ­тас буын тәрбиелеуге ықпал ете­рі белгілі. Бұл тұста дамыған ел­дер тәжірибесінде үлгі етер мы­сал­дар көп-ақ. Мәселен, АҚШ-та ака­демиялық жетістікке жеткен жо­ғары сынып оқушыларын қол­дауға бағытталған National Merit Scholarship Program бағдарламасы 1955 жылдан бері жұмыс істеп ке­леді. Ақшалай жүлдесі $2500 бо­ла­тын бұл бағдарламаға PSAT/NMSQT (Preliminary SAT/National Merit Scholarship Qualifying Test) атты стандартталған тесті­леу­ден жоғары балл алған оқушы­лар ұсынылады. Ақшалай жүл­де­ден бөлек, үздік ЖОО-ларға тү­­­­­серде, тіпті жұмысқа тұрарда да кө­мек болатындықтан, бұл бағ­дар­ламаға қатысуға америкалық жет­кіншіктер ақ тер, көк тер бо­лып тырысады. 

Ал біздегі жағдай қалай? Елі­міз­де жалпы білім беретін пәндер бойын­ша Халықаралық олимпиа­да­лардың жеңімпаздары мен жүл­дегерлеріне сыйақы қарас­ты­рыл­ған: І дәрежелі диплом мен алтын ме­даль үшін – 1500 АЕК, күміс ме­дальға – 1000 АЕК және қола ме­дальға 500 АЕК көлеміндегі ақ­шалай қаражат беріледі. 

Жуырда Jibek Joly арнасының «Уәде» атты бағдарламасында қо­нақ­та болған Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жүргізушінің «Жалпы ел ретінде біз құндылық­тар­ды дұрыс қойып отырмыз ба? Мотивацияны білімге қою үшін оның да сыйақысы жоғары болуы ке­рек қой, қалай ойлайсыз?»  де­ген сұрағына жауап ретінде: «Сіз­бен толықтай келісемін. Алайда 2021 жылға дейін оқушыларға мұн­дай сыйақы мүлдем болған жоқ. Сертификаттардан бөлек, Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­­­сымен заңға жаңа өзгеріс енгізе отыра, осы балалалардың ешқан­дай тестілеусіз еліміздегі оқу орын­дарына тегін грантты жеңіп алу мүм­кіндігі берілді. Тек балаларға ға­на емес, ұстаздарға да осындай сертификаттар бар. Міне, бұл маңызды көмек деп ойлаймын. Ме­ні қынжылтатыны – еліміздегі осындай зерек балалардың қоғам, меценаттар назарынан тыс қалуы. Қалталы азаматтар тарапынан әлі күнге дейін оқушыларымызға сыйа­қы тағайындалғанын көрген жоқ­пын. Заңға тағы жаңа баста­ма­лар енгізу үстінде. Енді жүлделі орал­ған оқушыларымызды «Бола­шақ» бағдарламасымен бакалав­риат бойынша оқыту мәселесін қа­растырып жатырмыз. Құны 200-300 мың доллар тұратын бұл сый­дың оқушылар үшін үлкен сер­пін болатыны сөзсіз», – деп айт­ты.

Расында, әншейінде спорт­тық сайыстардан топ жа­рып келген азаматтарға ат мін­гі­зіп, үй-көлік беріп, сыйлықты жаң­бырша жау­дыратын әкім-қа­ра­лар мен бай-бағландар білім бә­секесінен оза шапқандарды да дәл солай қо­шеметтесе, мотива­ция­ның «кө­ке­сі» сол болар ма еді балаларға?!

Олимпиаданың маңызын білмейміз

Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғамда білімнің оң имид­жі оншалықты орныға қой­ған жоқ. QazBilim республикалық ор­талығының директоры, педагог Аятжан Ахметжанұлының ай­туын­­ша, оған бірқатар фактор әсер етеді.

«Қазақстанда 30 жылдан бері бі­лім беру саласы қосалқы сала ре­тінде қабылданып келеді. Са­лаға салынар инвестиция­лар­дың аздығы, оқу бағдарламаларының әл­сіздігі және білікті мұғалім­дер­дің тапшылығы білімнің беделі мен сапаның төмендеуіне әкелді. Де­генмен соңғы жылдары бұл жағ­­­дайды түзету қадамдары бас­тал­ды. Алдағы уақытта жаңа өзге­ріс болады деген сенімдемін», – дейді.

Бір қуанатыны, соңғы жыл­дары салаға сапалы да сауатты мұ­­­ғалімдердің жаңа легі келді. Ха­лықаралық олимпиадалардың ал­ғашқы жүлдегерлері бүгінде өз­дері шәкірт тәрбиелеп, бағыт беру жо­лына түскен. Солардың бірі, «Үз­­дік педагог» республикалық бай­­қауының жеңімпазы Абылай Са­матов халықаралық интел­лек­туал­дық сайыстардың 10-нан ас­там жеңімпазын тәрбиелеп шы­ғар­ды. 2022 жылы шәкірттерінің бірі Мадияр Қасымәлі химиядан бе­делді IChO Халықаралық олим­пиа­дасында алтын медаль жеңіп ал­ды. Абылайдың айтуынша, ба­ла­ларды әртүрлі байқаулар мен олим­пиадаларға ынталандыруда, он­дай жарыстардың беделін көте­ру­де мұғалімнің жауапкершілігі үлкен.

«Оқушыларды Халықаралық олим­пиадаларға қызықтыру үшін, алдымен – олимпиаданың маңыз­­дылығын түсіндіру керек. Яғни, бұл қо­­сымша дүние ретінде емес, үл­кен еңбекті, фокусты талап ете­тін іс екенін мұғалім балаға дұ­рыс­­тап айтуы керек. Мұндай ха­лық­­аралық жетістіктер жаңа мүм­­­­кіндіктер ашатынын түсінген шә­кірт те барын салып, жетістікке жетуге талпынады», – дейді ұстаз.

Білімді болуға жоқшылық та кедергі

Білім беделінің төмендігі әлеуметтік теңсіздікте жатуы да ғажап емес. Дамыған ел­­­­­дерде білім әлеуметтік жағдай мен табыстың негізі болып табы­ла­ды. Ата-аналар, мұғалімдер жә­не жалпы қоғам білімді байлық пен тұрақтылыққа жету құралы ретінде қарастырады. Дегенмен біз­дің елде балалардың көпшілігі, әсіресе тұрмысы төмен отба­сы­лар­­дан немесе шалғай аудандар­дан шыққан балалар тез ақша табу­ды немесе күнделікті мәсе­ле­лерді шешуді маңыздырақ санап, бі­лім алуды екінші сатыға қойып жат­қаны мәлім. Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университеті жа­нындағы Әлеуметтанулық зерт­теулер және әлеуметтік ин­жи­ни­ринг орталығының жетекші ғы­лыми қызметкері, аға оқытушы Нұр­бол Төлебаев баланың оқуға де­ген ынтасын қалыптастыруда ата-ананың рөлі зор екенін атап өт­ті.

«Егер ата-аналар оқуды қол­дап, оған мән берсе, бала да білім­ге қызығушылық танытады. Кері­сін­ше, білімге мән бермейтін от­ба­сыларда балада оқуға деген мотивация төмен болуы мүмкін. Отбасының қаржылық жағдайы да балалардың білім алу мүм­кін­діктерін анықтайды. Қаржылық дең­гейі жоғары отбасылар бала­ла­рына сапалы білім алуға көп мүм­кіндік бере алуы мүмкін: қо­сым­ша курстарға, қосымша дағ­ды­лар үйрететін үйірмелерге апа­ра­ды, оқу құралдарын алып бе­­­­реді. Ал бұл баланың оқу м­о­ти­ва­циясына тікелей әсер етеді», – дейді ғалым.

Бүгінгі «краш» – білімді бозбала мен бойжеткен

Білім беру имиджін қалып­тас­тыруда қазіргі БАҚ пен әлеуметтік же­лілердің де рөлі орасан. Соңғы жыл­дары корей және жапон дора­ма­ларында әдемі бір құбылыс бай­қалып келеді. Әдетте бұрын фи­льмнің бас кейіпкерлері проб­­ле­­ма­ның бәрін қара күшпен ше­ше­тін, ойын-сауықтың жұлдызы, оқу­дың иісі мұрнына бармайтын бұ­зық бала болса, бүгінгі «краш» – сабақты жақсы оқитын, мықты уни­верситетке түсуге талпынып жүр­ген бозбала мен бойжеткен. Бас­ты кейіпкерлердің беделді оқу орын­дарында орын алу жолын­дағы күресі, емтихандарға дайын­дық­тары мен оқудағы табыстың маңыздылығы суреттеледі. Білім жо­лындағы қиындықтарды жеңіп шық­қан табысты оқушының бұл бейнесі білім берудің жағымды бей­несін жасайды. Мұндай дора­ма­лардың мысалы ретінде Dream High немесе School 2013 фильм­де­рін атап өтуге болады. Әйткен­мен қазақ киносына бұл тренд әлі келе қоймады. 

«Қазіргі балаларды визуал өнім­­нен ажыратып алу мүмкін емес, өйткені олардың қолында смарт­­фон бар. Медиа тұтас бір мә­­дениетті, әдеттерді, мі­нез­ді са­на­ға сіңіріп жібереді. Өкі­нішке қа­рай, отандық кино, се­риалдар шығармашылық бағыт­тарын басқаша акцентке салған. Көңіл көтеру, уақыт өткізу, мақ­сат­сыз қарым-қатынастар деген секілді түрлі жанрды суреттейміз деп кейде басқаша бағыттарға тү­сіп кетеміз. Андрей Торковс­кий­дің мынадай керемет сөзі бар: «Ки­ноның тілі деген дүние бар. Ки­ноның тілі – адамдардың қа­лауын, талғамындағы дүниелерді дәл беретін тіл». Мүмкін біздің ки­­ноларға тіл жетпей жатқан болуы мүмкін», – деп қынжы­лы­сын білдірді киносценарист, ре­жис­сер Жандос Құсайынов.

Әлеуметтік желіде де ин­тел­лектуалдық тақырып­тар­ды қозғайтын, ғылым мен бі­лім­ді насихаттайтын отандық ин­­флюенсерлер жоқтың қасы. Есе­сіне жастар желіде жарнама­ла­натын асып-тасыған байлық, ойын-сауыққа толы өмір стилін әл­деқайда қызыға тамашалайды.

 

ТҮЙІН: 

Білім құндылықтарын ілгерілету үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түрлі жоба арқылы білімнің құдіретін көрсететін сәтті мысалдарды көбірек насихаттау қажет-ақ. Сондай-ақ сөз басында айтқанымыздай, қомақты сыйақы түрінде қаржылай қолдау да жастар арасында білімнің беделін жоғарылатуға айтарлықтай серпін берер еді. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін де хан ұлындай қошеметтеп, бір облыста – үй, бір облыста көлік беріп жатса, отандық білім элитасы қалыптасар ма еді, кім білсін?! 

Әсет ҚАЛИ