Статистикалық мәліметке сүйенсек, биылдың өзінде Халықаралық олимпиадаға бізден 35 оқушы қатысса, оның 34-і жеңіс тұғырынан көрінген. Ғажап нәтиже, солай ғой?! Алайда бұл жайында жарытып БАҚ-та жазған жоқ, сүйіншілеп әлеуметтік желі де шуламады. Тіпті, бұқара түгілі, осы білімпаздардың өз қатарластары – оқушылар да мұндай сайыстың өткенінен хабарсыз. Білім-инновация лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектептері, Республикалық физика-математика мектеп-интернаты сияқты санаулы білім ордалары болмаса, шәкірттердің көпшілігі арасында мұндай олимпиадалардың беделі де өз деңгейінде еместігін мойындау керек.
Оқушыға сыйақы тағайындаған отандық меценат жоқ
Оқуда жетістікке жеткен балаларға қолдау көрсету, олардың еңбегін дәріптеу, біріншіден, жастар арасында табысқа жету мәдениетінің қалыптасуына көмектессе, екіншіден, деструктивті мінез-құлықтан ада, көшбасшылық қабілеті шыңдалған тұтас буын тәрбиелеуге ықпал етері белгілі. Бұл тұста дамыған елдер тәжірибесінде үлгі етер мысалдар көп-ақ. Мәселен, АҚШ-та академиялық жетістікке жеткен жоғары сынып оқушыларын қолдауға бағытталған National Merit Scholarship Program бағдарламасы 1955 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ақшалай жүлдесі $2500 болатын бұл бағдарламаға PSAT/NMSQT (Preliminary SAT/National Merit Scholarship Qualifying Test) атты стандартталған тестілеуден жоғары балл алған оқушылар ұсынылады. Ақшалай жүлдеден бөлек, үздік ЖОО-ларға түсерде, тіпті жұмысқа тұрарда да көмек болатындықтан, бұл бағдарламаға қатысуға америкалық жеткіншіктер ақ тер, көк тер болып тырысады.
Ал біздегі жағдай қалай? Елімізде жалпы білім беретін пәндер бойынша Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйақы қарастырылған: І дәрежелі диплом мен алтын медаль үшін – 1500 АЕК, күміс медальға – 1000 АЕК және қола медальға 500 АЕК көлеміндегі ақшалай қаражат беріледі.
Жуырда Jibek Joly арнасының «Уәде» атты бағдарламасында қонақта болған Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жүргізушінің «Жалпы ел ретінде біз құндылықтарды дұрыс қойып отырмыз ба? Мотивацияны білімге қою үшін оның да сыйақысы жоғары болуы керек қой, қалай ойлайсыз?» деген сұрағына жауап ретінде: «Сізбен толықтай келісемін. Алайда 2021 жылға дейін оқушыларға мұндай сыйақы мүлдем болған жоқ. Сертификаттардан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен заңға жаңа өзгеріс енгізе отыра, осы балалалардың ешқандай тестілеусіз еліміздегі оқу орындарына тегін грантты жеңіп алу мүмкіндігі берілді. Тек балаларға ғана емес, ұстаздарға да осындай сертификаттар бар. Міне, бұл маңызды көмек деп ойлаймын. Мені қынжылтатыны – еліміздегі осындай зерек балалардың қоғам, меценаттар назарынан тыс қалуы. Қалталы азаматтар тарапынан әлі күнге дейін оқушыларымызға сыйақы тағайындалғанын көрген жоқпын. Заңға тағы жаңа бастамалар енгізу үстінде. Енді жүлделі оралған оқушыларымызды «Болашақ» бағдарламасымен бакалавриат бойынша оқыту мәселесін қарастырып жатырмыз. Құны 200-300 мың доллар тұратын бұл сыйдың оқушылар үшін үлкен серпін болатыны сөзсіз», – деп айтты.
Расында, әншейінде спорттық сайыстардан топ жарып келген азаматтарға ат мінгізіп, үй-көлік беріп, сыйлықты жаңбырша жаудыратын әкім-қаралар мен бай-бағландар білім бәсекесінен оза шапқандарды да дәл солай қошеметтесе, мотивацияның «көкесі» сол болар ма еді балаларға?!
Олимпиаданың маңызын білмейміз
Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғамда білімнің оң имиджі оншалықты орныға қойған жоқ. QazBilim республикалық орталығының директоры, педагог Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, оған бірқатар фактор әсер етеді.
«Қазақстанда 30 жылдан бері білім беру саласы қосалқы сала ретінде қабылданып келеді. Салаға салынар инвестициялардың аздығы, оқу бағдарламаларының әлсіздігі және білікті мұғалімдердің тапшылығы білімнің беделі мен сапаның төмендеуіне әкелді. Дегенмен соңғы жылдары бұл жағдайды түзету қадамдары басталды. Алдағы уақытта жаңа өзгеріс болады деген сенімдемін», – дейді.
Бір қуанатыны, соңғы жылдары салаға сапалы да сауатты мұғалімдердің жаңа легі келді. Халықаралық олимпиадалардың алғашқы жүлдегерлері бүгінде өздері шәкірт тәрбиелеп, бағыт беру жолына түскен. Солардың бірі, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы Абылай Саматов халықаралық интеллектуалдық сайыстардың 10-нан астам жеңімпазын тәрбиелеп шығарды. 2022 жылы шәкірттерінің бірі Мадияр Қасымәлі химиядан беделді IChO Халықаралық олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Абылайдың айтуынша, балаларды әртүрлі байқаулар мен олимпиадаларға ынталандыруда, ондай жарыстардың беделін көтеруде мұғалімнің жауапкершілігі үлкен.
«Оқушыларды Халықаралық олимпиадаларға қызықтыру үшін, алдымен – олимпиаданың маңыздылығын түсіндіру керек. Яғни, бұл қосымша дүние ретінде емес, үлкен еңбекті, фокусты талап ететін іс екенін мұғалім балаға дұрыстап айтуы керек. Мұндай халықаралық жетістіктер жаңа мүмкіндіктер ашатынын түсінген шәкірт те барын салып, жетістікке жетуге талпынады», – дейді ұстаз.
Білімді болуға жоқшылық та кедергі
Білім беделінің төмендігі әлеуметтік теңсіздікте жатуы да ғажап емес. Дамыған елдерде білім әлеуметтік жағдай мен табыстың негізі болып табылады. Ата-аналар, мұғалімдер және жалпы қоғам білімді байлық пен тұрақтылыққа жету құралы ретінде қарастырады. Дегенмен біздің елде балалардың көпшілігі, әсіресе тұрмысы төмен отбасылардан немесе шалғай аудандардан шыққан балалар тез ақша табуды немесе күнделікті мәселелерді шешуді маңыздырақ санап, білім алуды екінші сатыға қойып жатқаны мәлім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Әлеуметтанулық зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг орталығының жетекші ғылыми қызметкері, аға оқытушы Нұрбол Төлебаев баланың оқуға деген ынтасын қалыптастыруда ата-ананың рөлі зор екенін атап өтті.
«Егер ата-аналар оқуды қолдап, оған мән берсе, бала да білімге қызығушылық танытады. Керісінше, білімге мән бермейтін отбасыларда балада оқуға деген мотивация төмен болуы мүмкін. Отбасының қаржылық жағдайы да балалардың білім алу мүмкіндіктерін анықтайды. Қаржылық деңгейі жоғары отбасылар балаларына сапалы білім алуға көп мүмкіндік бере алуы мүмкін: қосымша курстарға, қосымша дағдылар үйрететін үйірмелерге апарады, оқу құралдарын алып береді. Ал бұл баланың оқу мотивациясына тікелей әсер етеді», – дейді ғалым.
Бүгінгі «краш» – білімді бозбала мен бойжеткен
Білім беру имиджін қалыптастыруда қазіргі БАҚ пен әлеуметтік желілердің де рөлі орасан. Соңғы жылдары корей және жапон дорамаларында әдемі бір құбылыс байқалып келеді. Әдетте бұрын фильмнің бас кейіпкерлері проблеманың бәрін қара күшпен шешетін, ойын-сауықтың жұлдызы, оқудың иісі мұрнына бармайтын бұзық бала болса, бүгінгі «краш» – сабақты жақсы оқитын, мықты университетке түсуге талпынып жүрген бозбала мен бойжеткен. Басты кейіпкерлердің беделді оқу орындарында орын алу жолындағы күресі, емтихандарға дайындықтары мен оқудағы табыстың маңыздылығы суреттеледі. Білім жолындағы қиындықтарды жеңіп шыққан табысты оқушының бұл бейнесі білім берудің жағымды бейнесін жасайды. Мұндай дорамалардың мысалы ретінде Dream High немесе School 2013 фильмдерін атап өтуге болады. Әйткенмен қазақ киносына бұл тренд әлі келе қоймады.
«Қазіргі балаларды визуал өнімнен ажыратып алу мүмкін емес, өйткені олардың қолында смартфон бар. Медиа тұтас бір мәдениетті, әдеттерді, мінезді санаға сіңіріп жібереді. Өкінішке қарай, отандық кино, сериалдар шығармашылық бағыттарын басқаша акцентке салған. Көңіл көтеру, уақыт өткізу, мақсатсыз қарым-қатынастар деген секілді түрлі жанрды суреттейміз деп кейде басқаша бағыттарға түсіп кетеміз. Андрей Торковскийдің мынадай керемет сөзі бар: «Киноның тілі деген дүние бар. Киноның тілі – адамдардың қалауын, талғамындағы дүниелерді дәл беретін тіл». Мүмкін біздің киноларға тіл жетпей жатқан болуы мүмкін», – деп қынжылысын білдірді киносценарист, режиссер Жандос Құсайынов.
Әлеуметтік желіде де интеллектуалдық тақырыптарды қозғайтын, ғылым мен білімді насихаттайтын отандық инфлюенсерлер жоқтың қасы. Есесіне жастар желіде жарнамаланатын асып-тасыған байлық, ойын-сауыққа толы өмір стилін әлдеқайда қызыға тамашалайды.
ТҮЙІН:
Білім құндылықтарын ілгерілету үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түрлі жоба арқылы білімнің құдіретін көрсететін сәтті мысалдарды көбірек насихаттау қажет-ақ. Сондай-ақ сөз басында айтқанымыздай, қомақты сыйақы түрінде қаржылай қолдау да жастар арасында білімнің беделін жоғарылатуға айтарлықтай серпін берер еді. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін де хан ұлындай қошеметтеп, бір облыста – үй, бір облыста көлік беріп жатса, отандық білім элитасы қалыптасар ма еді, кім білсін?!
Әсет ҚАЛИ