Соның салдарынан, әсіресе ауылды аймақтарда халық санының шамадан тыс азайып, қирандыға айналғаны көңіл қынжылтады. 2017 жылдан бастап қолға алынған «Оңтүстіктен солтүстікке көшу» мемлекеттік бағдарламасының тиісті нәтиже бере алмағаны да мемлекеттік мінберлерден талай мәрте айтылды. Дегенмен «Көш жүре түзеледі» деген қағиданың іс жүзінде көңілдегідей жүзеге аспай жатқаны ақиқат...
Халқының саны азайып, солтүстік шекараға жақын ауылдары жапан түзге айналып бара жатқан аймақтардың бойына қайта қан жүгірту мақсатында мемлекеттік бағдарлама 2017 жылдан бастап қолға алынған. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарындағы халықтың негізінен урбандалудың ағынымен қалалы елді мекендерге қоныс аударуы, сонымен қатар басқа шетелдерге қарай көшуінің салдары кері ықпалын тигізген.
Қаңырап қалған ауылдарда халықтың үдере көшуі теріскей аймақтардың экономикалық әлеуетін де едәуір төмендеткені сөзсіз. Мәселен, тек Солтүстік Қазақстан облысының халқы 2000 жылдан бері ғана 170 мыңға азайғаны байқалған. Яғни, тұтас бір ірі қаланың халқы жоқ болды деуге болады. Бір ғана Ақмола облысында соңғы бес жылдың ішінде 13 ауыл түп орнымен жойылып кеткен. Сөйтіп, шекаралық аймақтардың жаппай жалаңаштана бастауына жол ашқан.
Бұл орайда оңтүстіктен солтүстікке халықты қоныстандыру бағдарламасының іс жүзінде жүзеге асырылуында да бірқатар аса үлкен кемшіліктің жіберілгені байқалады. Өйткені теріскей облыстарға келгенімен, араға аз уақыт салып өз еліне қарай кетіп жатқаны бағдарламаның әлі де болса ескерілмей қалған шикі тұсының барын аңғартады. Мәселен, көшіп келген күнгейлік азаматтарды қоныстандыру аса үлкен көлемде түрде жүргізіліп жатқан Солтүстік Қазақстан облысында тек былтырғы жылдың өзінде 4 мыңға жуық адамның қайтадан өз жұртына кетіп қалуы – осыған дәлел.
Екіншіден, мемлекеттік бағдарламаның қомақты қаржысының жергілікті жауапты органдарда жемқорлықтың салдарынан «Бармақ басты, көз қыстымен» жымқырылғаны да мемлекеттік көш бағдарламасының орындалуына кері ықпалын тигізген. Атап айтқанда, елдің Бас прокуратурасы жүргізген талдау қорытындысына сенсек, оңтүстіктен ерікті түрде солтүстік өңірлерге көшу бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген мемлекет қаржысының талан-таражға салынуының аса зор фактілері дәлелденген. Халықты жалған түрде көшіру жолымен 1 миллиард теңгеден астам мемлекет қаржысының ұрланғаны жарияланды.
Бұл жайлы газетіміздің өткен санында тарқатып жаздық.
Оған қоса, теріскей аймақтарға алғашқылардың бірі болып қоныс аударып, оңтүстіктен көшіп келушілерге барынша көмегі мен кеңесін беріп жүрген азаматтар да бағдарламаның әуелден тиісті түрде зерттеп-зерделенбей жүзеге асырылғанын алға тартады. Оның ішінде, әсіресе өңірге қажетті болып отырған мамандарды тартудың аса ақсап тұрғаны айтылмай қалмады. Теріскейге жұртқа сіңісіп, халықты солтүстікке қоныстандыру әрі қазақыландыруға белсенді түрде кірісіп жүрген азаматтың бірі – Бурахан Даханов «оңтүстіктен солтүстікке көшу» бағдарламасының бірнеше кемшін тұсын атап өтті.
– «Оңтүстіктен солтүстікке көшу» мемлекеттік бағдарламасымен көшіп келгендерге қомақты қаражат беріледі деген қате түсінік бар. Бірақ іс жүзінде қаражат аса мәз емес. Адам басына 260 мың теңгеге жуық қаражат беріледі. Мемлекет үй алуына 50 пайыздық сомада көмектесуімен шаруа бітті деп санайды. Ал іс жүзінде келген азаматтардың осындағы халықпен араласып кетуі, рухани әрі моральдық көмек бағдарламада қарастырылмаған. Сонымен қатар бағдарлама аясында көбіне мұғалім, дәрігер сияқты мамандар келіп жатады. Ал іс жүзінде осы теріскей өңірдің табиғаты мен жерінің құнарлылығын пайдаланып, экономикасын өркендетуге мүмкіндік беретін малшы, механизатор, жылқышы, егінші, бизнес ашамын деген азаматтардың келуіне көбірек мүмкіндік берілгені жөн, – дейді Бурахан Даханов.
Солтүстік Қазақстан облысында теріскей аймаққа қоныс аударушыларға арнайы кеңес беру орталығын ашқан Әнуар Тоқпанов керісінше бағдарлама бойынша келіп жатқан азаматтардың қарқыны баяулағанымен, іс жүзінде барынша қолдау көмектің беріліп жатқанын айтады.
– Өз басым дәл биылғы жылы көшіп келген адамдардың қайта кетіп қалғанын естімедім. Биылғы квотаға сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысына 2 900-ден сәл аса адам келуі керек. Бағдарлама бойынша 258 мың теңге көлемінде әр жан басына қаражат беріліп, сатып алынатын үйдің 50 пайызын мемлекет төлейді. Қазір 2000-ға жуық адам көшіп келіп, 70 пайызға орындалды. Оларға біз білім-біліктілігі туралы ақпарат алып, алдын ала қандай елді мекенге көшіп барғаны әрі не істеу қажеті жөнінде кеңес береміз. Көп жағдайда алдын ала білмей келіп, қиналып жататындар бар. Әрине, бірінші кезекте бөтен елге көшіп келгендіктен, ол азаматтардың жинақтаған белгілі бір қоры болуға тиіс, – дейді Әнуар Тоқпанов.
Қоныстанушылардың кері қарай кетіп қалу себебін одан әрі анықтау мақсатында жекелеген ауылдардағы жағдай мен табыс деңгейін байқамақ болдық. Күнгейден келген азаматтар көбірек қоныстанған елді мекендердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауылдық округі. Бүгінде 3 200 адам тұратын ауылдық округте жалпы саны 6 ауыл бар. Ауылдарда ірілі-ұсақты 23 шаруа қожалығы 30 мың гектардан астам алқапқа егін егеді. Негізінен, астық өндірумен айналысатын ауылдардың әлеуметтік жағдайы да біршама тұрақты. Ауыл әкімі көшіп келген адамдарды жұмыспен де, баспанамен де қамтамасыз етудің жолға қойылғанын атап өтті.
– Тек 2009-2011 жылдардың өзінде 244 үй салынып, «Нұрлы көш» бағдарламасымен 200 қандас отбасы қоныстанды. Бәйтерек ауылында ірі ауыл шаруашылығымен айналысатын «Элита СК» фирмасы жұмыс істейді. Жылыжай арқылы көкөніс өсіріліп, өнімдер облыстан тыс жерлерге де шығарылып жатыр. Соңғы бес жылда Бәйтерек, Чапаев, Подгорное ауылдарында көшіп келген адамдарға бағдарлама бойынша үйлер құрылысы басталған. Бәйтерек ауылына келген қандастар мен оңтүстіктен келген 9 отбасына 9 үй, Подгорное ауылында көшіп келген 37 отбасына 37 үй, Чапаев ауылында 24 үй салынды. Бүгінде біздің ауылдық округте жалпы саны 80 отбасы, яғни 320 адам көшіп келді. Дегенмен Чапаев ауылында 9 отбасының кері көшіп кетуінен қазақ тілінде оқытатын сыныптардың жабылу қаупі төніп тұр. Оңтүстіктен көшіп келген азаматтарды қабылдауға әрі олардың осында қалып жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бар, – дейді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ринат Шұғайыпов.
Бұл уәжбен кезінде өзі осы мемлекеттік бағдарлама аясында теріскейге көшіп келіп, бүгінде Бугровое ауылдық округінің әкімі атанған Нұрсұлтан Хуатов та келіседі. Ол аймақта жұмысшы маман кадрлардың аса тапшы болып отырғанын тілге тиек етіп, өз кезегінде теріскей аймаққа келетін азаматтарды қабылдауға әзір екенін жеткізді.
– 2019 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында болған апаттан кейін отбасымды алып Пресновка ауылына көшіп келдім. Мамандығым бойынша ветеринарлық стансада еңбек еттім. Кейін Подгорное ауылына көшіп келіп, Бескөл құс фабрикасына мал дәрігері болып орналастым. Осы жылы Бугровое ауылдық округіне сайлау арқылы әкім болып сайландым. Оңтүстіктегі жерлестерімді теріскейге қоныс аударып, өңір экономикасын көтеруге шақырамын. Мұнда 30 мыңнан астам егістік алқаптың 13 мың гектарына егін себіледі. Қазір тек «Шағала Агро» холдингінің өзіне агроном, механизатор, инженер, есепші сияқты 100-ден аса жұмысшы қажет болып отыр. Мәселен, малшы болып келсе, 1 миллион 200 мың теңгеге дейін жалақы алатын мүмкіндік бар. Яғни, көшіп келетін адамға қолайлы әлеуметтік жағдай қарастырылған. Бугровое ауылдық округі маңайдағы басқа ауылдарға қарағанда жағдайы анағұрлым бай ауылдардың қатарында. Сондықтан күнгейден көшіп келетін отбасыларды шақырамын, – дейді Нұрсұлтан Хуатов.
Расында да, «Оңтүстіктен – Солтүстікке» мемлекеттік бағдарламасының іс жүзінде жүзеге асырылуында жоғарыда аталғандай бірқатар аса маңызды мәселенің ескерілмей қалуы «теріс сальдо» болуына алғышарт болған сияқты. Бұл орайда құзырлы министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың өткен қателіктерді ескере отырып, бағдарламаның іс жүзінде жеміс беруі үшін жан-жақты талдап келген адамдардың түпкілікті қалуына жағдай туғызатын өзгерістер енгізуі жөн болар деген ойдамыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы